Жастардың далада қалу қаупі жоғары – депутат Дәулет Мұқаев

1537

2019 жылдан бері Астана, Алматы және Шымкентте жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтаған.

Жастардың далада қалу қаупі жоғары – депутат Дәулет Мұқаев Фото: baq.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасалуы қажеттігін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Депутаттың айтуынша, үкімет жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді беру бағдарламасын қабылдағанда бірқатар факторды ескермеген. 

2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды, деп жалғастырды ол.

"Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. 2019 жылы баспана алған жастар әлемдік пандемиямен қатар келіп, 42 500 теңгеге қарап қалғанын ескерсек ақша жинау мүмкіндігі болмады. Бағдарлама ең алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінде елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып, күнкөріс мәселесі алдыңғы орынға шықты", - деді ол депутаттық сауалында.

Дәулет Мұқаев "жастар" ұғымының жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайғанын еске салып, үй алғандардың жастар санатынан шықпағанын айтты. 

"Бес жылда балалы болған жастар қаншама? Шеттей бала-шағамен қайда бармақ? Ал елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ. Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болмақ", - деп атап өтті халық қалаулысы.

Бұдан бөлек депутат республикада баспана алуға тиімді бағдарлама жоқ екенін жеткізді.

"7-20-25" аты бар заты жоқ бағдарлама, ал "Отбасы банк" арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес. 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен. Жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраймын", - деді ол. 

Дәулет Мұқаев елорда және Алматы жастары ипотекалық бағдарламаларының пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан аспауы тиіс екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу