"Жасыл даму" жаңа Қазақстанды ескіше қанауға кіріскен бе?

4279

Қазақстандықтар елге әкелген көліктері үшін талап етілетін утилизациялық алым қайтадан өсіп кеткеніне шағымданып жатыр. Енді ауыл шаруашылығы өндірушілері де дабыл қаға бастады. 

"Жасыл даму" жаңа Қазақстанды ескіше қанауға кіріскен бе? Фото: inbusiness.kz

Темір тұлпар иелерінен жылдар бойы негізсіз алым жинап келген "Оператор РОП" атты жекеменшік фирманы жою және одан кәдеге жарату алымын алып қою – биліктің жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болғаны жасырын емес.

Бұл өзгеріс "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 11 қаңтарда жария етілгенде халық бөркін аспанға атып қуанды, риясыз шат-шадыман болды. Себебі енді осыдан кейін шетелден әкелінетін көлік күрт арзандайтындай көрінген. Ол үміт әрине, ақталмады.

Бұған қоса, "ӨКМ Операторы" ЖШС орнына Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалған мемлекеттік "Жасыл даму" АҚ-ның жұмысындағы олқылықтар мен түсініксіз тірліктер азаматтардың жүйкесін жұқартып жатыр.

Ақтөбелік қоғам белсендісі Асланбек Есов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін және әлгі ұйымды сотқа беру үшін құжаттар жинап жатқанын мәлім етті.

"Мен 2022 жылғы 2 маусымда Toyota Hilux 2.7 пикапы үшін утилизациялық алым төледім. "Жасыл даму" сайтында 1 млн 148,6 мың теңге алым төлеуім қажеттігі көрсетілген есепшот шықты. Бұл сома қайдан шықты деп байыбына барсам, алым құнын автомобилдің толық массасынан есептепті. Толық масса дегеніміз – багажы толтырылған және салонына жолаушылардың толық саны отырған кездегі салмағын қоса алғанда, көліктің жүктелген жалпы салмағы деген сөз. Осыдан сұрақ туады. Әрине, оған сену қиын, бірақ егер осы машина ұзақ жыл шыдап, ақыры утилизацияға дейін жетсе, онда оны жоюға тапсырған адамнан багажын жүкке, ал салонын жолаушыларға толтырып әкелуді талап ете ме? Солармен бірге жоя ма?", – деп ащы кекетті қоғам белсендісі.

"Мұны қайдан шығарып жүр? Адамдарды кез келген жолмен көбірек төлеуге мәжбүрлемек пе? Аталған көліктің өз массасы, бос салмағы 2100 келі ғана. Бұл жағдайда алым сомасы екі есе аз болуға тиіс. Бұлар оның толық салмағын басшылыққа алып отыр", – деді А.Есов.

Ол салаға жауапты Экология министрлігінен жауап күтіп жүр, соның негізінде сотқа талап арыз түсіруге ниетті. Қолында барлық құжаты бар.

Айтқандай, Асланбек Есов қазақстандықтарды мазалаған тағы бір маңызды проблемаға назар аудартты.

"Утилизациялық алым – сол көлікті кейін кәдеге жарату бойынша қызметтің құны болып табылады. Мен автомобильді сатып алғанда, осы утильалымды толық төлеймін. Бірақ біраз уақыттан соң ол машинаны басқа елге сатып жіберемін. Мұндай деректер жетерлік. Бұл жағдайда "Жасыл даму" компаниясы маған әлгі қызметті көрсетпеген болып шығады. Себебі көлікті кәдеге жаратқан жоқ, жарата да алмайды. Ендеше ол менің төлеген ақшамды толық көлемде қайтаруға міндетті. Заң да, қисын-логика да осылай дейді. Қызмет көрсетпеген екенсің, ақшаны қайтар", – деді ол.

Алайда бұл заңнамада қарастырылмапты. Жасыратыны жоқ, бұрынғы билік "Оператор РОП" ЖШС-іне арналған заңды да соған қолайлы етіп жазғаны аңғарылады. Заңнамада ӨКМ операторы алдында халық пен бизнестің міндеттемелері ғана тәптіштеп жазып қойылған.

Мысалы, 2021 жылғы 2 қаңтарда қабылданған жаңа Экологиялық кодекстің 332-бабына сәйкес, утилизациялық алым төленетін тауарларды Қазақстан аумағына әкелген жеке және заңды тұлғалар "осы тауарлардың адамдардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету мақсатында өзіне кеңейтілген міндеттемелер қабылдайды". Қарапайым тілмен айтқанда, оператор компанияға алым төлеуі керек.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, Экологиялық кодекске сәйкес, ӨКМ операторы тек артық төленген соманы ғана қайтарады. Оның өзінде азамат не өндіруші компания аталған оператор салық органына корпоративті табыс салығы туралы декларация тапсырғанға дейін 30 күн бұрын өтініш беріп үлгеруі керек. Бұл талап аталған кодекстің 389-бабының 1-бөлімінің 4-тармақшасында жазылған.

Жалпы алда "Жасыл дамудың" табысы күрт артуы мүмкін. Экология министрлігі енді ауыл шаруашылығы техникаларына арналған запастық бөлшектерге де утильалым енгізуді жоспарлап отыр.

Экология министрі С.Брекешевтің "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің жекелеген түрлерінің тізбесін бекіту туралы" бұйрығының жобасы сарапшылардың талқылауына шығарылды.

Бұдан бұрынғы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алым енгізген еді. Тек қаңтар оқиғаларынан кейін билік ауыл кәсіпкерлерінің ашынған үніне құлақ асқан болып, алым сомасын екі еседей азайтты. Бірақ алымды жоймады.

Енді жаңа экология министрі трактор, комбайн, дән сепкіш және басқа да ауылдықтар күнін көріп, нәпақасын айырып отырған көлік-құрал атаулының "запчастілеріне" де алым енгізуге бел буды.

"Атамекен" ұлттық палатасы бұл шешімге "үзілді-кесілді қарсы шығып" отыр. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев мәлімдеді.

"Мысалы, бұйрық жобасында дөңгелекті тракторлар, жартылай тіркемелер, соның ішінде ершікті тартқыштар (тягачи седельные) үшін утильалым жиналатыны көрсетілген. Ал соңғы 3 жылдағы ахуалға талдау паш еткендей, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 5 692 тракторды шетелден тасиды: 2019 жылы – 6 930, 2020 жылы – 5 385, 2021 жылы – 4 763 трактор әкелінді. Бұл техника фермерлеріміз арасында үлкен сұранысқа ие. Құжаттағы өзге тауарлық позициялар бойынша ауыл техникасын жөндеуге арналған запастық бөлшектердің барлығы дерлік импортталады. Тауарлардың аталымы 1 мыңға дейін жетеді", – деді Ербол Есенеев.

Мысалы, 2021 жыл қорытындысында, жобада көрсетілген СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы) 8409990009 коды бойынша запастық бөлшектердің импорты – 65,1 миллион долларды (шамамен 31,6 млрд теңгені), ал СЭҚ ТН 8708509909 коды бойынша – 7,7 млн долларды құрады.

"Қазіргі уақытта ӨКМ операторы ауыл шаруашылығы техникаларынан алым жинап отыр. Яғни, аграршыларымыз, фермерлер ол алымды техника, ауыл шаруашылығы көлігін сатып алғанда бірден төлейді. Енді сол көлік сынып қалғанда, ауыл шаруашылығы өндірушісіне дәл сол көлікті жөндеу үшін тағы алым төлеуге тура келмек. Сондықтен біз запастық бөлшектерден алым жинауды абсурд деп санаймыз", – деді ұлттық палатаның АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Оның үстіне Экология министрлігі қырғидай тигелі отырған запастық бөлшектер елімізде шығарылмайды. Әйтпесе, сол арқылы отандық өндірісті ынталандырамыз деп дәйектей алатын еді.

Ұлттық палата мен ауыл кәсіпкерлері Экология министрлігінің бұл кесірлі тірлігі ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауына соқтыратынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға соққы беретінін ескертті. Ескі биліктің тәсілдерінен бас тартпаған Үкімет ауылды қаусатып тынбаса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу