Жасыл қаржы нарығы дамиды

19416

Алғашқы жасыл облигациялардың шығуы күтілуде.

Жасыл қаржы нарығы дамиды

Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсарту үшін көптеген шаралар іске асырылуда. Бүгін елордада экология мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтар мен қаржы саласының мамандары "Жасыл өсу" форумында бас қосуда. Бір қарағанда, өзара жақындығы аз екі саланы түйістірген тақырып – жасыл қаржыландыру.

Жасыл қаржы саласының дамуы бойынша сарапшы, "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" АҚ Басқарушы директоры Айдар Қазыбаевтан еліміздегі қаржының осындай ерекше түрінің дамуы жайлы сұраған едік.

- Жасыл қаржы нарығы, жасыл облигациялардың шығарылуы жайлы айтып берсеңіз.

- Экологиялық саясатта бірінші кезекте жасыл қаржыландыру тұрады. Жеткілікті деңгейде қаржыландыру болмаса, ешқандай экологиялық өркендеу де жүзеге аспайды. Әлем елдерінде экологияға қаржылай қолдау көрсетудің жасыл инвестициялар, жасыл қаржыландыру, жасыл сақтандыру сынды көптеген түрі бар. Бұл бағыт біздің елде кенжелеп қалып отыр. Сол себепті "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жасыл қаржыландыру үдерісіне қосылды.

Экологиялық жобаларымызға жасыл инвестициялар, жасыл қаржылар жайлы түсіндіріп жазып қойдық. Өйткені еліміздегі компанияларға жасыл облигациялар, банктерді жасылдандыру мәселелерімен жүгінген кезімізде заңнамамызда жасыл қаржыландыру операцияларын орындау ережелерінің болмауы қиындықтар келтіруде. АХҚО өз тарапынан барлық ережелер мен нормаларды қабылдап, АХҚО биржасы арқылы алғашқы жасыл облигацияларды шығаруға алаң дайындады.

Бұл салада үлкен жобалар бар. Дәл қазір жасыл қаржы нарығының мөлшерін нақты бағалау мүмкін болмай тұр. Мысалы, банктер балама энергетикаға қолдау көрсетсе, оны да жасыл қаржығы қосылған үлес ретінде санауға болар еді. Дегенмен де, ол банктер өздерінің "жасылдығын" анықтаудан, арнайы стандарттаудан өтпесе, оларды бұл салаға жатқызуға болмайды. Жасыл қаржыландыру атану үшін арнайы стандарттардан өту керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұндай стандарттар әлі жоқ. Сол себепті, жасыл жобаларды қаржыландыру жасыл стандарттармен қатар дамуы тиіс.

- Қандай жобаны жасыл жоба деп есептейсіз?

Париж келісіміне сай жақында мынадай өзгерістер орын алғалы отыр: егер экспорттаушының кейсінде жасыл жоба болмаса, сыртқа тауар шығаруына шектеу қойылады. Қазіргі кезде мұнай өндіруші, жер қойнауын пайдаланушы "қоңыр" жобалар экологияны жақсартуға үлес қоспаса, өнімдерін экспортқа шығару қиындайды. Сол себепті көпшілігі жасыл облигациялар шығаруға мүдделі. Бірақ оларға нақты жазылған ережелер, нормалар қажет.

Сәйкес ережелерді АХҚО қабылдағанымен, Экология  министрлігінде, Ұлттық банкте ондай ережелер жоқ. Осы мәселелерді шешуге күш салудамыз. Менің ойымша, үстіміздегі жылдың аяғына дейін, немесе келесі жылдың ортасына қарай АХҚО биржасында алғашқы жасыл облигацияларды шығарамыз деп ойлаймын.

- Жасыл облигация деген не?

Облигация – биржада сатуға болатын құнды қағаз. Сатып алып, қайта сатуға рұқсат етілген. Жаңа инвестор облигация сатып алғысы келсе, құнды қағазды беделді эмитенттің шығарғанына көз жеткізіп, жобаның табыстылығын білгісі келеді. Сондықтан, құнды қағаз шығарушы эмитент өз жобасының жақсы бағалануына мүдделі. Облигацияның кредиттен айырмашылығы – облигация құнды қағаз ретінде қолдан-қолға өте береді, бағасы қымбаттауы мүмкін, сыйақы төленетін купондары болады. Кредит – қаражат шығарады.

Бүгінгі күні дүние жүзінің көптеген елдерінде жасыл қаржыландыру нарығы мемлекет тарапынан қолдау табуда. Осы ретте біз Ресей тәжірибесін негізге алуымыз мүмкін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу