Жатақхана бизнесі енді қонақүй бизнесінен тиімді

2179

Қазақстанда жоғарғы оқу орындарына жатақханалық орын ұсыну бизнесі қарқынды дамып келеді. Тіпті университеттер де жатақханаларын мемлекет арқылы жалға беретін болған.  

Жатақхана бизнесі енді қонақүй бизнесінен тиімді Фото: sputnik.kz

Білім және ғылым министрлігі "Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге 2022 жылға арналған мемлекеттік тапсырысты" бекітетін бұйрықтың жобасын жария етті.

Оған сәйкес, Үкімет биыл жатақханалардағы жалпы саны 33 440 орын үшін бюджеттен қаражат төлемек.

Жаңа кәсіпте кімнің аты озды?

Бұл сала кейінгі жылдары жақсы бизнеске айналды. Қазір тіпті жоғарғы оқу орындары да өз жатақханаларын осы бағдарлама аясында жалға беретінді шығарды. Мысалы, жаңа жатақханалық орын ұсынғаны үшін бюджеттік миллиардтарды игеретін өнім жеткізушілердің алғашқы ондығының жартысына жуығы – білім-ғылым ордасы болып отыр.

Тарата айтсақ, БҒМ "МегаСтройСервис" компаниясының 2 464 жатақханалық орнын жалға алмақ. Мемкірістер комитетінің базасындағы дерек бойынша ақтаулық бұл компания негізінен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбыр төсеумен айналысады. Жылдық болжамды табысы былтыр 498 млн, ал оның алдында, 2020 жылы 1,7 млрд теңгені құрапты.

Лидерден кейінгі орынға Қазақстанның сәулет және құрылыс саласындағы мамандандырылған жоғарғы оқу орны – Халықаралық білім беру корпорациясы орналасты. Министрлік оның 1 200 жатақхана орнына қаражат бермек.

Үштікті Абдулла атындағы Қазіргі заманғы білім беру академиясы тұйықтады (1 000 орын).

Ондыққа сондай-ақ "Реактивные фосфорные соединения" сауда үйі (975), "Шарталь" жеке кәсіпкері (ИП, 792), "Эрудит Бизнес" ЖШС (744), Қызылорданың "Болашақ" университеті (742), "Қызыр-Айтқұл" жеке кәсіпкері (726), "Мастер-2007" ЖШС (700), Қазақ технология және бизнес университеті (680 койка) кіріп отыр.

Одан кейінгі орындарға Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (670), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (645), Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті (600) "Tecas-kz" ЖШС (587), Қ.И. Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (550), М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (518), "Рабат Палас" ЖШС (500) ілікті.

Ғылым шыңын шабуылдаған жастарға бюджет есебінен уақытша баспана ұсыну бизнесінен тіпті Кентау трансформаторлық зауыты да бағын іздеуде (500 орын ұсынады). Өзгелерінен БҒМ-нің жалдайтын жатақханалық орны 500-ге жетпейді. Олардың арасында да университеттер көп.

Сондай-ақ "Байсерке-Агро" компаниясы да 162 орынды жастарға беруден табыс табуға ұйғарыпты. "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" республикалық ислами діни бірлестігінің Үшқоңыр медресе колледжінің 120, Сарыағаш медресе колледжінің 170 орны да тізімге енгізілді.

Министрлікке жалпы саны 109 кәсіпкерлік нысаны жатақханаларын жалдауға ұсынды. Оның 33-і университет, академия, колледж секілді білім-ғылым ұйымдары.

Жатақхана ұсынушыларға қандай талап қойылады?

Жасыратыны жоқ, пандемия жайпаған екі жылда Қазақстанда білімге қатысты бизнес той бизнесінен де тиімді болып шықты. Қазір карантин жойылып, той кәсібі қайта дүрілдеуде. Дегенмен кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде жатақханалар салу қонақүйлер салуға қарағанда әлдеқайда табысты болып отыр.

Мұны таяуда "Атамекен" алаңында кәсіпкерлермен кездескен БҒМ-нің "Қаржы орталығы" АҚ-ның өкілдері де растады. Қаржы орталығының Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдиннің айтуынша, студенттерге арнап жатақхана тұрғызған кәсіпкерлерге мемлекет тікелей қаржылық қолдау көрсетеді. Сондықтан осы салаға қаржысын құйған бизнесмен "екі жеп биге шығады". Біріншіден, әлеуметтік нысан салып, елге жақсылық әкеледі. Екіншіден, табысты, тұрақты, дағдарысқа қыңбайтын, перспективті бизнес жобаға қол жеткізеді. Осы арқылы іскер әрі қалталы азаматтар дағдарыс кезінде өз бизнесін әртараптандыра алады.

"Ең бастысы, елімізде жатақханаға деген сұраныс өте жоғары. Бүгінде Қазақстанда оқу кезінде уақытша баспанаға зәру студенттердің тұруы үшін 63 мыңнан астам төсек-орын қажет. Мұндай сұраныс еліміздің барлық өңірінде – мегаполистерден бастап, облыстық маңыздағы қалаларға дейін бар. Оның үстіне бұл сұраныс алда тек арта береді. Қазір 2000-шы жылдарда басталған "бэби-бум" түлектері оқуға түсуде және олардың легі тек артады", – деді Алпамыс Сатыбалдин.

Бизнес-схема қарапайым: қалталы азамат, инвестор, компания немесе университет-колледж төл қаражаттары есебінен өз жер телімінде жатақхана салып, іске қосады, жабдықтайды. Содан кейін мемлекет БҒМ-нің "Қаржы орталығы" арқылы оның жатақханасында нысаналы мемлекеттік тапсырысты орналастырады, студенттерді жібереді.

Бұл ретте билік бизнеске екі талап қояды. Біріншісі әрі ең бастысы – мемлекет жалға алған орында міндетті түрде студент тұруға тиіс. Әйтпесе, тіпті университеттердің өзі жатақханаларын студенттерге бермей, кездейсоқ адамдардың жалдауына ұсынатыны құпия емес.

Мемлекет ақшаны жан басына қарай төлейді. Тиісінше, егер лайықты сидыра алса, бір бөлмеде кез келген көлемде студентті орналастыруына болады. Тек санитарлық талаптарды сақтаса болғаны.

Екінші талап – орналастыру мерзіміне қатысты. Мемтапсырыс бірден 8 жылға орналастырылады. Ақысы ай сайын аударылады. Ақысы тіпті каникул кезінде де төленеді. Соңғы оқу айында қанша студент тұрса, демалыс айларында жатақхана иесіне сонша адам үшін жалдау ақысы беріледі. Өз кезегінде бизнесмен жатақханасының нысаналы мақсатын 20 жылға дейін өзгертпей сақтауы шарт. Тек мемлекет онымен шартын бұзса ғана, жатақханасын басқа нысанға айналдыруына рұқсат.

Кейбір ауқатты азаматтар мысалы, тұрғын үй кешендерінде тұтас қабаттағы пәтердің бәрін сатып алып, одан үлкен жатақхана жасауда. Елорданың өзінде бұрынғы біраз хостелдер енді нысанын осы кәсіпке өзгертіп алды.

БҒМ әр студентке қаншадан төлейді?

Қаржы орталығының түсіндіруінше, әрбір студент үшін жыл сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері келесідей:

  • Жатақхана жаңадан салынса, жаңа болса, онда жыл басынан бері 1 студент үшін 122 АЕК-тен (373 686 теңгеден) төленді. Бұл сома 2022 жылғы 1 сәуірден бастап, 387 960 теңгеге дейін өсті. Себебі Үкімет сәуір айынан АЕК мөлшерін 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін ретроспективті түрде өсіретін болды.
  • Егер жатақхана ғимараты ескі болса, бірақ жөндеу, реконструкция жүргізілсе, 1 студент үшін ақы 47 АЕК болады (сәуірден бастап, 149 460 теңге).

Осылайша, егер өнім беруші БҒМ қаржыландыратын жатақханасының 1 бөлмесіне ең кемі 5 студентті сидыра алса, сол бір бөлмеден ғана 2 миллион теңгеге дейін табыс таба алады.

Бұған қоса, инвесторларды қызықтыру үшін БҒМ 8 жылдың алғашқы жылы (12 айы) үшін "2-ге тең түзетуші коэффициентпен" төлейді. Мысалы, жатақханада іс жүзінде 100 студент қана тұрса, жатақхана иесіне мемлекет 200 студент үшін төлемақы жасайды.

Жалпы алғанда, биыл жеке сектордан жастар үшін жатақхананы жалға алуға республикалық бюджеттен 152 млрд теңге бөлініп отыр. Таңғаларлығы сол, онжылдық ішінде елде қандай экономикалық күйзеліс болса да, заң бойынша бұл қаражаттар "секвестрлеуге" жатпайды, яғни қысқартуға жол берілмейді.

Қаржыландырылатын 109 жатақхана сыртында 2022 жылы 11 057 төсек-орындық тағы 32 жатақхана іске қосылады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу