Жатыпішер жастар қоғамға масыл болып отыр

2092

Осыдан 3 жыл бұрын үкімет әзірлеген 18-29 жас аралығындағы NEET жастарды жұмыспен қамту мен әлеуметтендірудің жол картасы ойдағыдай орындалып жатқан жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жатыпішер жастар қоғамға масыл болып отыр

Қабылданған құжатқа сәйкес, жұмыссыз жастар, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі жастар, орта білімі бар еңбекпен қамтылған жастар, ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы төмен жастар, жұмыс тәжірибесі жоқ білімді жастар, кішкентай балалары бар жас әйелдер және бейәлеуметтік жастар ынталандырылып, қоғамға кіріктірілуге тиіс болды.

Мақсатқа жету жолында жастар техникалық, кәсіптік білімге тартылды. Еңбек нарығы зерттеліп, жас мамандар үшін бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру әдетке айналды. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында стартап-жобаларға мемлекеттік грант тағайындалды. Әскери-патриоттық тәрбиені нығайту үшін жас жігіттер жедел әскери қызметке шақырылды. Жастар ресурстық орталықтарының қызметі жетілдірілді. Жастардың тұрғын үй кооперативін құру қолға алынды.

Алайда бұл бастамалар жастардың білім алу мен жұмыс істеуге, сонымен қатар саяси және азаматтық белсенділігін танытуға ықпал ете алмады. 

Бүгінгі таңда 15-28 жас аралығындағы ел жастарының 6,7%-ы бос жүр. Олар білім алуға да, жұмыс істеуге де құлықсыз. Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET жастардың санын жыл сайын 1%-ға азайтып, 2021 жылы 6%-ға төмендетуді тапсырған болатын. Аңғарғандарыңыздай, статистикалық дерек тапсырманың тиянақталмағанын көрсетіп отыр. 

Біле жүріңіз, Ұлттық статистика бюросы NEET жастарға қатысты есепті 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. 

Жеті түрі бар

NEET термині осыдан 22 жыл бұрын ең алғаш рет Ұлыбританияда жұмыс істегісі және оқығысы келмейтін жастар тобы деген мағынада қолданылды. Бүгінгі таңда мұндай топтың 7 түрі нақтыланған. Бірінші топқа ата-анасының немесе басқа біреудің асырауында отырған жастар жатады. Олар кезінде білім алған, жұмыс істеген, кейін жатыпішерге айналған. Екінші топ – баласы бар жас әйелдер және жалғызбасты аналар. Бұлардың арасында ерте ана атанған келіншектер бар. Фрилансерлар үшінші топ болып саналады. Олар аяқ астынан түсетін табыспен өмір сүреді. Ретсіз, жүйесіз жұмыс істейді. Салық төлеуден жалтарады. Ауыл жастары NEET жастардың төртінші тобы деп танылған. Оларда білім мен жұмыс тәжірибесі жоқ. Қолдарынан тек қара жұмыспен айналысу ғана келеді. Мүмкіндігі шектеулі жастар – бесінші топқа жатады. Олар денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастар NEET жастардың алтыншы түрі. Олардың оқуға ынтасы мен ниеті болғанмен, мүмкіндігі жоқ. 

Бейәлеуметтік топ жетінші топ блып есептеледі. Бұл санатқа сотталып шыққандар және есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен емделіп жатқан жастар топтастырылған. 

Қоғамға қауіп төндіреді 

NEET жастар масылдық психологиясын қалыптастырып қана қоймайды, олар айналасына өздеріне де, өзгелерге де қауіп төндіреді. Бұл туралы психолог Талғат Әбілдаев: "Белсенді болудан, жауапкершілік жүгін арқалаудан, білім алып, жұмыс істеуден саналы түрде бас тартқан тұлғалар уақыт өте келе күйзеліске ұшырайды. Қоғамнан өз орнын таба алмаған азаматтар тұйықталып, өздерін ешкімге керексіз сезінеді. Салдарынан басқа жол іздей бастайды. Өздерін өзгелерге мойындату үшін қылмысқа, суицидке барады. Отбасы құндылығын бұзады", – деді. 

Қай өңірде көп?

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының зерттеуінше, оқығысы, жұмыс істегісі келмейтін жастар Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Түркістан облыстарында толып жүр. Олардың білім деңгейі төмен. Дені ешқашан, еш жерде жұмыс істемеген. Бірқатары жұмыс істеуге қабілетсіз. 

6 бағыт бойынша...

NEET жастарға қолдау көрсетіледі. Мұның ішінде "Дипломмен – ауылға!", "Серпін", "Баршаға бірдей тегін техникалық және кәсіптік білім беру", "Жас кәсіпкер" сынды бағдарламалар бар. Алайда...

Иә, барлығы осы "алайда" дегеннен басталады. Себебі "Серпін" бағдарламасымен оқуға түскен жастар мемлекеттің гранттың ақысын өтеу мерзімі аяқталған соң туған жеріне "тайып" тұрады. Сенатор Динар Нөкетаеваның пікірінше, 2014 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан "Серпін" жобасында шикілік бар. Жобаға 2021 жылға дейін 33 966 грант, 38 млрд 336 млн теңге бөлу жоспарланған. Есеп комитеті іс жүзінде жоспар 64%-ға орындалғанын анықтаған. Бұл 21 921 грант бөлініп, 24 млрд 490 млн теңге игерілді дешен сөз. Яғни жоба тиісінше орындалмаған. 

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасының жемісін жеген жастар ауылға бармаудың амалын табады. "Баршаға бірдей тегін техникалық және кәсіп-тік білім беру" бағдарламасына қолы жеткен жастар, оқуды аяқтамай, тастап кетеді. Ал "Жас кәсіпкер" бағдар¬ламасының түлектері мемлекеттік гранттың қаржысы таусылғаннан кейін кәсібін ілгерілете алмай қалып жатады.

"Бүгінгі күні қажетті бизнес-идеяны жолға қою кәсіпкерлікті енді қолға алған адамға қиын шаруа. Осы ретте кәсіпкерлікке баулитын "Бастау Бизнес" жобасы жүзеге асырылып келеді. Негізінен бұған қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелгеніне қарамастан жұмыссыз жүргендер, NEET санатындағы жастар, жұмысқа қабілеті бар адамдар. Мәселен, 2017-2021 жылдары "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 184 мың адам бизнес жүргізуге оқытылды, оның ішінде 177 мың адам бизнес-жобаларын қорғады, 5 жыл ішінде оқытылғандардың ішінен 54 мыңы, яғни 30%-ы ғана өз ісін ашқан. Біз осы санаттағы өз кәсібін ашқан азаматтарымыздың қатарын кемінде 75-80% жеткізуіміз керек деп санаймыз", – деді Динар Нөкетаева.

Оқудан да, жұмыстан да бас тартқандар жат пиғылдың илеуінде кетуі мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік топтардың ықпалына түседі", – деді. 

48 мың теңге төлейді 

Обалы не керек, "Жұмыспен қамту орталықтары" NEET санатындағы жастар "екі қолға бір күрек" сұрап келсе, көмектерін аямайды. "Алғашқы жұмыс орным" бағдарламасы бойынша айына 58 мың теңге жалақы тағайындап, жұмыс береді. Осы жерде жастар шалқасынан түседі. Себебі олар мардымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Жоғарыдағы 58 мың теңгеден түрлі салық ұсталғанда банк карточкасына 48 мың теңге түседі. Яғни қызметкердің қолына 48 мың теңге тиеді. Қазіргі инфляциямен бұл шынында да өте аз ақша. Мұны мойындау қажет.

"NEET жастарға қатысты жұмыс біріздендірілмеген"

Бұл депутат Елнұр Бейсенбаевтің сөзі. 

"Елімізде қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 5,9 млн адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурс пен ойластырылған жүйелі шараны талап етеді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуға тиіс", – деді депутат. 

Елнұр Бейсенбаевтың баяндауынша, бүгінгі таңда жұмыссыз жастардың саны 3,6%-ды, NEET жастардың үлесі 6,7%-ды құрайды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25%. Үш көрсеткіш жастар арасындағы жұмыспен қамтылу процесінің мүлдем басқа деңгейде екенін анық көрсетіп тұр. 

"2021 жылғы ақпарат бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі өндірістік, туристік потенциалы бар өңірлерде, оның ішінде Қарағанды облысында – 9,1%-ды, Ақмола облысында – 8,9%-ды, Қызылорда облысында –  8,1%-ды құрады. Аталған аймақтар бұл көрсеткіш бойынша "антилидер" қатарында болғанына қарамастан, бұл санаттағы жастармен жұмысты жүйелі реттеуге әлі де қауқарсыз", – деді депутат. 

Елнұр Бейсенбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу нәтижесі жоғары оқу орындары түлектерінің 35%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін, ал 40%-ы оқуды бітірген жылы жұмыс таба алмайтынын көрсеткенін айтты. 

"Мемлекеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі бюджет қаражатын игеруге көбірек бағытталғаны анықталуда. Мысал ретінде, "Жастар практикасы" жобасы бойынша 10 жылдың қорытындысына сәйкес, 190 мыңнан астам жас 6 айлық іс-тәжірибеден өтті. Бұл бағдарламада жас түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуы емес, тек тәжірибеден өту индикаторы ескерілген. Өңірлер берген тізімдегі NEET санатындағы жастар саны Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес келмейді", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу