Жаяу патрульдер көлік тоқтатпайтын болды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3388

Жаңа жылдан бастап жол-патруль полициясы қызметін алатаяқсыз атқаратын болыпты.

Жаяу патрульдер көлік тоқтатпайтын болды

Бұл – бір жаңалық. Екіншісі – жол-патруль полициясының жаяу патрулі келесі жылдан бастап көліктерді тоқтатпайтын болды. Бұл туралы 30 желтоқсан күні ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Еркін Мүсілімов Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен брифингте хабарлады.

"Келесі жылдан бастап жұмысты тек автореттеу арқылы жүргіземіз. Яғни жол бойындағы қозғалысты тәртіп сақшыларының автопатрулі бақылайды. Ең көп көлік жүретін және апат қаупі бар орындарда тәртіп сақшыларының көліктері кезекшілік етеді. Ал жаяу патрульдік қызметкерлер жүргізушілерді тексеру құқынан айрылады", – дейді Еркін Мүсілімов.

Қазіргі таңда Қазақстанда тәртіп сақшылары мініп жүретін 2971 қызметтік көлік бар екен. Әкімшілік полиция комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл көліктер барлық қызметкерге жеткілікті.

Жаңалықтың Қазақ елінің жүргізушілері үшін қалай әсер ететіні туралы қазір әлеуметтік желілерде қызу талқылау жүріп жатыр. Астана қаласының тұрғыны Жомарт Әміржанның айтуынша, патрульдік қызметкерлердің жаппай көлікке отырғызылуы жүргізушілер үшін жақсы жаңалық.

"Полиция қызметкерлерінің жаяу жұмыс істеуінен гөрі тек көлікпен тәртіп қадағалағаны, әрине, дұрыс. Жасыратыны жоқ, қуыс-қуыста "құрбандықтарын" аңдып отыратын тәртіп сақшылары енді ондай мүмкіндіктен айырылады. Полиция қызметкерлері қызметінің мақсаты тәртіп бұзушыны жазалау емес, оның алдын алу.

Ереже бұзылып қойғаннан кейін полицияның сізді ұстап алғаны ешкімге пайдалы емес. Оған қоса тек қана көлікпен кезекшілік жасау тәртіп сақшыларының мәртебесіне оң әсерін береді деп ойлаймын. Батыс елдерін білмеймін, бірақ бұл АҚШ-та бұрыннан бар", – дейді қала тұрғыны.

Комитет өкілдері алатаяқтан нендей себеппен бас тартқаны туралы нақты түсініктеме берген жоқ. Алға тартатын бар уәжі – халықаралық тәжірибенің бізге де енгізілуі көрінеді. Көлік мінген көпшіліктің пікірінше, алатаяқтың психологиялық теріс әсері тәртіп сақшыларының беделіне нұқсан келтіруінен болуы да ғажап емес.

Жалпы, бұл ұсынысты 2014 жылы сол кездегі Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған Бақытжан Сағынтаев айтқан болатын.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция қызметкерлері алатаяқ қолданбайтын болып шешілген еді. Көлікті тоқтату үшін енді тәртіп сақшылары ысқырып, қолмен ишара жасауы керек. Сонымен қатар дыбыс күшейткіш құрылғылардың да қолданыс аясы кеңеймек. Көшедегі қауіпсіздікті күшейту үшін енді бейнекамералар мен полицияның бейнетіркеу құрылғылары көбейтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу