Жазда АҚШ-ты бұл елден екі есе үлкен "жау" басады

7271

Ғалымдар дабыл қағып отыр. Бірақ "кесірді" тоқтататын тәсіл әзірге табылмапты. 

 Жазда АҚШ-ты бұл елден екі есе үлкен "жау" басады Фото: ToursDominicana

CNN хабарлауынша, Америкаға, Флорида жақтан теңіз балдырларының ұйысқан алып түйнегі қалқып келеді. Оның аумағы ғаламат: бүкіл Құрама Штаттардың континенталдық территориясының ендігінен екі есе үлкен көрінеді. Сондықтан ол тек Флориданың жер жәннатына теңелетін ғажайып жағажайларын ластап қана қоймай, бүкіл Мексика шығанағын шығынға отырғызбақ. CNN осы жағажайлардың бәрі енді сасық иісі қолқаны қауып, жүректі айнытатын, адамға зиян үйіндінің астында қалатынын, бұл биылғы туристік маусымды жарға жығатынын мәлім етті. 

Ғалымдар өзара бытысып, теңіз айдынында қалқымалы "ну орман" түзетін балдырлардың ерекше түрін саргассум (Sargassum) атайды. Бұл бұрын кездеспеген феномен екен: ғалымдар Атлант мұхитында олардың ірі үймелерін тек 2011 жылдан бері бақылай бастаған.

"Биыл саргассумның өркен жаюы ерте басталды. Салдарынан былтырғы желтоқсаннан биылғы қаңтар айы аралығында ғана олардың көлемі екі есеге ұлғайды. 2023 жылғы қаңтарда алып түйнек бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. Жаңа "балдыр аралы" пайда болған 2011 жылдан бері қадағалап келеміз, мұндай ешқашан болмаған", – деп таң қалады Флориданың Атлантикалық университетінің Океанография институтының зерттеушісі, доктор Брайан Лапойнт (Brian Lapointe).

Жалпы, балдырлардың үймелері бұған дейін де осы аумақтардағы жағажайларды жапты. Мысалы, Доминикан Республикасының Пунта-Канедегі пляждары былтырғы маусымда солай былығып жатты: жұмысшылар оны қолмен тазалап, ұзақ әлек болды.

Бірақ оның бәрі ұсақтау үймелер болатын. Ал мына ғаламат қалқыма келіп жапқан соң онымен не істеу керегін АҚШ мамандары да білмей, бас қатыруда.

Бір анығы, ағынмен батысқа жылжыған балдыр аралы Кариб теңізі арқылы өтіп, биылғы жазда Мексика шығанағына жетеді. Нәтижесінде, ғалымдардың айтуынша, шамамен шілде айында Флорида жағажайларын "балдыр-батпақ" жайлайды.

"Бұл мүлдем жаңа океанографиялық феномен. Тиісінше, ол бұған дейін болмаған проблеманы тудырды. Оның үстіне ол проблема нағыз апатқа тең. Яғни, бүкіл Кариб өңірінің туризмін апатқа ұшыратады. Бұл пляждардың бәрін тереңдігі 5 немесе 6 футқа (шамамен 2 метрге) баратын балдыр нуы басады. Оларда адамдар суға шомыла алмай қалады", – деді Б.Лапойнт.

Ендеше биылғы туристік маусымды АҚШ немесе Кариб елдері жағажайында өткізуді жоспарлаған қазақстандықтар болса, онда туржолдама сатып алмас бұрын, мың ойланып шешкені, жеті рет өлшеп, бір рет кескені жөн.

Қазірдің өзінде Facebook кеңістігінде саргассум топтары құрылған, онда қатысушылар қандай жағажайларды балдырлар жапқаны туралы хабарлап тұрады. Дегенмен, мамандар саргассумдар бір түн ішінде сау ете қалуы мүмкін екенін ескертеді. Салдарынан кеше ғана таза болған жағалау бүгінде былығып, жаман иісі мүңкіп жатады.

Саргассум қалқымалары адамға қаншалықты зиян?

Кез келген су айдынының жағасына кездейсоқ шығып қалатын шырышты балдырларға аяқ тигізудің өзі жағымсыз сезім тудырады. Ал алып балдыр қалқымасының ішіне түсіп кетсе, бұл ол адамның зәресін ұшыруы, жазым етуі ықтимал. Аман қалғанның өзінде жүрегі шайлығып, бойында жаңа фобия туындауы ғажап емес.

Негізі, саргассум деген – ортақ термин. Ол бурыл балдырлардың 300-ден астам түрін жалпылама атау үшін қолданылады. Соның ішінде Sargassum natans және Sargassum fluitans деген екі түрі Атлантикада жиі әрі көп кездеседі.

Ғалымдар мынаған назар аудартады: адамға жаман көрінген нәрсенің өзі табиғатқа пайдалы болып шығып жатады. Себебі, Жер планетасы және ондағы бүкіл қоршаған орта жалғыз адамзатқа қызмет етуге жаралмаған. Пенде атаулы мұнда тек қонақ.

Саргассумдар дрейфке түсіп, теңізден теңізге көшу арқасында теңіз бен мұхиттардағы тіршілікке пайда әкеледі.

"Бұл – қалқымалы экожүйе. Ол жолай бір жағынан, теңіз жануарларына, сүтқоректілерге, теңіз құстарына, шаяндарға және толып жатқан басқаларына қорек болады. Екінші жағынан, жыртқыштардан қашқан балықтарға пана болады. Ол сонымен қатар адамдардың кесірінен жойылудың алдында тұрған теңіз тасбақаларының маңызды өмір сүру ортасы қызметін атқарады. Оның ішінде махи-махи, джек, сарықанатты сериола (amberjack) және басқа да сантүрлі өнеркәсіптік балықтардың өз қорегін табатын орны саналады", — деп жазылған бірнеше зерттеу институты бірлесіп әзірлеген Sargassum Information Hub жобасының есебінде.

Ал табиғаттан алыстап, айналасын адамзат өркениетіне жат нәрселерден аластауға жаман үйренген адамдарға саргассумдар зиянды көрінеді.

Біріншіден, олар жағажайды жаппай, қалың жабады. Балдырларға былғанбай суға түсіп, одан шығу мұң болады. Екіншіден, балдырлар қойыртпағы шіріп кеткен жұмыртқаның иісіне ұқсас газ бөледі. Адамдар тегіс лоқсып, құсуы мүмкін.

Океанологтар саргассум жиынтықтарының тағы бір зиянын атады: олар әрине, ұлан-байтақ мұхит не теңізде қалқып жүрсе, пайдасы бар. Ал егер жағалаулардағы адамдар қолдан жасаған, балық өсірілетін тоғандарға түссе, онда бәрі құрыды дей беруге болады екен.

"Саргассумдар тоғандардың беткі қабатын тұтас жабады да, балдырлар су ішіндегі оттегіні толық сорып алады. Салдарынан ол су "өлі аймаққа" айналады. Тіршілік қалмайды, ондағы балықтар қырылып қалады. Саргассум адам өміріне де қауіпті болуы мүмкін. Шіріген балдырлар бөлетін газ, яғни күкіртті сутек аса улы және оны жұтқан адамды тұншықтыруы мүмкін. Бұдан бөлек теңіз балдырларында күшала-мышьяк бар. Адамдар онымен уланып қалуы ықтимал. Сондықтан жағажайларды тазартатын мамандар, жұмысшылар аса абай болғаны жөн", – деді Брайан Лапойнт.

Атлантикалық океанографиялық және метеорологиялық лабораторияның Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасының океанографы Густаво Хорхе Гони (Gustavo Jorge Goni) теңіз балдырларының ауқымы мен таралу аймағы экологиялық факторларға байланысты жыл сайын өзгеріп тұратынын айтады. Олардың өсуіне не өшуіне қорек заттардың артуы не азаюы, жауын-шашынның көлемі, желдің қарқыны, климаттың өзгеруі және басқасы ықпал етеді. Балдырлар теңіздегі фосформен және азотпен де қоректенеді. Тиісінше, олардың су құрамында көбеюі де балдырлардың күрт өсуіне серпін береді.

АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі ауыл шаруашылығында тыңайтқыштардың көп қолданылуы, қазба отын өндірісінің артуы кесірінен алдымен өзендерге, солар арқылы теңіздер мен мұхиттарға тым көп фосфор мен азот түсіп, шектен тыс шоғырланып жатқанын жеткізді.

Олай болса, сасық балдырлардан құралған алып аралдар саны тек көбейе беретінге ұқсайды. Жағаға жетсе, олардан арылу миллиондаған доллар шығынға соқтырады. Мысалы, Кариб аймағындағы Барбадос елі өз жағажайларын осы балдырлардан тазалау үшін күніне самосвалдармен 1 600 рет сапарлауға мәжбүр болған.

Бүгінде ауыл шаруашылығы мен қуат ресурстары өндірісін шектеу мүмкін болмағандықтан, ғалымдар саргассумдардан құтылудың басқа жолдарын іздеуде. Соның бірі ретінде қалқымаларды мұхит түбіне батырып жіберу жолдары қарастырылып жатқан көрінеді. Тағы бір ұсынылған амал-шарғы – теңіз ортасында саргассум үймесін кен орнына айналдыру. Ол балдырлардан мысалы, сабын және басқа да өнімдер өндіруге болатыны анықталды.

Қалай болғанда, доктор Густаво Гонидің пікірінше, саргассум қалқымалары жаңа зерттеу бағыты болып отыр. Көп жайт түсініксіз, көп зерттеуді, біраз ізденуді талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу