Жазғы демалыста ұшақпен екі баланы тегін алып жүруге болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3030

Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданбақ.

Жазғы демалыста ұшақпен екі баланы тегін алып жүруге болады

Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта KIDS GO FREE қағидаты бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірленуде. Бағдарлама бекітілген соң, туристік заңға енгіземіз. Заң күшіне енген соң, әуе сапарына шыққан бір адам өзі үшін билетке ақша төлеп, 15 жасқа дейінгі екі баласын тегін алып жүрер еді. Атап өтерлігі, аталған өзгерістер тек ел ішіндегі рейстерге ғана қатысты болмақ", – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің сөзінше, бұл қадам ішкі туризмді дамытуға үлес қоспақ.

"Отандастарымыз шетелге демалуға ұшып кетпес үшін осы жұмысты қолға алып отырмыз. Сонда ғана ақшамыз ел ішінде қалар еді. Шартты түрде айтқанда біз 1 теңге жұмсап, 6,5 теңгені үнемдеп қалар едік", – деп нақтылады министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет бүгінгі отырысында KIDS GO FREE (бір ата-ана үшін екі бала) қағидаты бойынша балаларға арналған тегін авиамаршруттарды субсидиялау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

"Мұндай тәжірибе әлемде кең таралған. Атап айтқанда, Ұлыбританияда, Катарда, Тайитиде, Скандинавия елдерінде кеңінен қолданылады", – деді министр.

Мәдениет және спорт министрі 2020 жылдан бастап барлық өңірде тегін "Балалардың туристік пойызын" іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл ретте, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға, білім байқауларының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға басымдық берілмек.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың баяндауынша, биыл жазғы демалыс шараларымен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының 80 пайызы, айрықша білімге мұқтаж балалардың 82 пайызы, әртүрлі салада жетістікке жеткен, оқушылар мен девиантты тәрбиедегі балалардың 90 пайызы қамтылады деп жоспарлануда. Ал 961 мың бала құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылмақ.

Еске сала кетейік, елімізде 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1700-ден астам шатырлы лагерлер жұмыс істейді. Биыл мектеп оқушыларының 71 пайызы, яғни 3 миллионға жуық бала лагерьлермен қамтылады деп күтілуде.

"Бұдан бөлек, жазғы уақытта 1500-ге жуық аула клубы жұмыс істейтін болады. Дегенмен кейбір өңірлерде аула клубы жеткіліксіз. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында аула клубтары аз", – деді Күләш Шәмшидинова.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға демеушілер де тартылмақ. Мысалы, былтыр кәсіпорындар мен кәсіпкерлер 504 млн теңгеге 4324 баланың демалуына жағдай жасаған. Осы орайда, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарын атап өткен жөн.

"Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, жыл сайын 300 мың адамды қабылдайтын 145 санатори-курортық ұйым, 500-ден аса туристік база жұмыс істейді. Біз мемлекет тарапынан оларды балалардың демалысын ұйымдастыруға ынталандыруымыз керек. Сондай-ақ ескі лагерлерді қалпына келтіру қажет. Бұл бастаманы келер жылы жолға алатын боламыз", – деді білім және ғылым министрі.

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, еліміздегі жоғары оқу орындары да балалардың жазғы демалысына атсалысуы керек

"Соңғы жылдары Назарбаев университеті, ҚБТУ, AlmaU жазғы мектептер ұйымдастырып жүр.Биыл республикадағы басқа да жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу балаларды демалыспен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді. Биылдың өзінде қосымша 9 университет жазғы мектеп ұйымдастыруды жоспарлап отыр", – деді министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу