Жеке тұлғалардың банкроттығы: жаңа несиелер алуға қанша уақыт тыйым салынады?

Басқа тұлға, мемлекеттік орган немесе банк азаматты банкрот деп жариялай алмайды 

Жеке тұлғалардың банкроттығы: жаңа несиелер алуға қанша уақыт тыйым салынады?

Соттан тыс банкроттық рәсімі 1600 АЕК немесе 5,09 млн теңгеге дейінгі берешегі бар тұлғаларды қамтиды.

Мәжілісмен Дания Еспаеваның айтуынша, "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасында азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында қабылданған. Бұл ретте банкроттық рәсімдерінің үш түрі – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"1600 АЕК-ке дейін қарызы бар тұлғалар соттан тыс банкроттық рәсімдей алады. Ол үшін бірнеше шарттар орындалуы керек, соның ішінде: банктерге, микроқаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге берешек 1600 АЕК сомасынан аспауы керек. Борышкердің меншік құқығында, оның ішінде ортақ меншігіндегі мүлкі болмауы тиіс. Азамат қарызын өтеу бойынша шара қолдануы керек", – деді Дания Еспаева.

Бұл ретте жеке тұлға "электрондық үкімет" арқылы соттан тыс банкроттық рәсімдей алады.  

"Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі. Ол борышкерге табысы мен мүлкі болған жағдайда бес жылға дейін қарызын өтеу жоспарын сот арқылы алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет", - деп жалғастырды депутат.

Бұл ретте ол банкроттықтан кейін туындауы мүмкін жағдайларға назар аударды.

"Бес жылға несие алуға шектеу қойылады. Азаматтар жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сот банкроттығы және төлем қабілеттілігі рәсімдерін қалпына келтіру кезеңінде борышкердің елден шығуына тыйым салуды белгілеу көзделген. Тағы да айта кетейін, бұл қазақстандықтардың өз қалауларымен жүзеге асырылады. Азамат бұл өтінішті өзі беруі керек. Басқа тұлға, мемлекеттік орган немесе банк азаматты банкрот деп жариялай алмайды. Бұл заңның ең маңызды ерекшелігі", – деді Еспаева.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында бірқатар түзетулер қабылданған. Оның ішінде төлем қабілеттілігін соттан тыс қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы өтініш беру үшін негіздерді нақтылауды, соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде борышкер үшін Қазақстаннан тыс жерлерге шығуды шектеу, банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін қаржылық сауаттылықты арттыру курстарын өткізу туралы нормаларды алып тастау бар. Сондай-ақ, кредиторларға банкроттың қаржылық жағдайы мониторингінің нәтижелерін жіберу негіздерін нақтылауды, мүлкі бар азаматтардың 1600 еселенген АЕК-тен аспайтын міндеттемелер бойынша банкроттықтың сот рәсімін қолдану мүмкіндігін, қаржы басқарушыларына қойылатын талаптарды нақтылауды көздейтін түзетулер қабылданды.

"Азаматтың қарыз берушілер алдындағы мiндеттемелерiн орындаудан жалтару мақсатында қасақана банкроттық туралы өтiнiш бергенi, сондай-ақ банкроттық шеңберiнде жалған мәлiметтер бергенi немесе оны жасырғаны үшiн жауапкершiлiк белгiленедi. Сондай-ақ, ілеспе заң жобасы аясында коллекторлық қызметті реттеуді қатаңдатуға бағытталған түзетулер қабылданды", – деп түйіндеді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу