Жемқорлар биыл мемлекетке шығын келтіруде рекорд орнатты

2375

Қазақстанда COVID-19 індетімен қатар коррупция өршіпті. 

Жемқорлар биыл мемлекетке шығын келтіруде рекорд орнатты

Коронавирус пандемиясы кезеңінде меморгандар ғимаратына былайғы жұрттың кіргізілмей, оқшаулануы, журналистердің шенеунікпен араласа алмай, қашықтан онлайн қарым-қатынасқа көшірілуі, ең бастысы, ТЖ кезеңінде және карантин уақытында жылдам қимылдау үшін бір көзден сатып алуға рұқсат етілуі сыбайлас жемқорлықтың бұрын-соңды болмаған дәрежеге дейін ушығуына соқтырған көрінеді. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жариялаған дерек растайды.

Ол Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің "Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы" №1-М және "Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы" №3-К формалары бойынша статистикалық есепке назар аудартты.

"Оған сәйкес, коррупциялық және лауазымдық қылмыстар бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы келесідей: 2015 жылдың І-жартыжылдығында – 1 миллиард 972 миллион 521 мың теңге. Оның 1 млрд 199 млн 38 мың теңгесі немесе 60,7%-ы өндірілді. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы – 29 миллиард 291 миллион 970 мың теңге шығын, соның ішінде 7 млрд 506 млн 895 мың теңгесі немесе небары 25,6%-ы өтелді. 2017 жылдың 1-ші жартысы – 5 млрд 933 млн 307 мың теңге, оның 4 млрд 890 млн 37 мың теңгесі немесе 82,4%-ы бюджетке қайтарылды. 2018 жылдың ұқсас мерзіміндегі шығын – 9 млрд 678 млн 723 мың теңге, мұның 8 млрд 547 млн 770 мың теңгесі немесе 88,3%-ы қалпына келтірілді. Былтырғы 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш – 15 млрд 742 млн 690 мың теңге, оның ішінде 15 миллиард 198 млн 747 мың теңгесі немесе 96,5%-ы өтелді. Ал енді биылғы 2020 жылдың І жартыжылдығында ғана жемқорлардың мемлекетке келтірген шығыны 36 миллиард 597 миллион 388 мың теңгеге жеткен. Әзірге оның 33 миллиард 261 миллион 248 мың теңгесі немесе 90,8%-ы өндіріп алынды", – деді Алик Жатқамбайұлы.

Статистика көрсеткендей, құзырлы органдар жемқорлардың жегенін "құстырып" жатыр. Дегенмен, бұл тек анықталған жемқорлық деректері ғана. Ал қаншама қылмыс жабулы қазан күйінде қалуы, биік лауазымды шенділер өзара ымыраласып, сыбайласып, миллиардтарды сіңіріп кетуі ықтимал.

Осындай масқара статистикаға қаныққан болса керек, Мемлекет басшысы 19 тамызда Twitter-де тиісті жазба қалдырды.

"Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым", – деді Президент.

"Келтірілген статистикалық деректерден байқалып отырғандай, коррупционерлердің мемлекетке, елге тигізген зиянының көлемі тұрақты түрде артып барады. Өз кезегінде біздің агенттік шаралар қабылдап, оны барынша өндіртуге күш салуда", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Қорғаныс министрлігі де Қарулы күштерде сыбайлас жемқорлық қылмыстар бірден 76%-ға өсіп шыға келгенін мәлімдеді. Рас, мұны ол осындай қылмыстарды әшкерелеу ісінің жақсарғанымен түсіндіреді. Демек, бұрын жемқорлықтың көп дерегі елеусіз қалғанға ұқсайды.

Меморганда қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың басшылығымен Қарулы күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия төрағасының айтуынша, армиядағы ниеті арам адамдарды анықтау ісі жетілдірілуде: мысалы, әскери бөлім командирлері лауазымдарына тағайындалатын кезде үміткер сардарлар алдымен "жалғандық детекторы" (полиграф) арқылы тексеруден өтуге міндеттеліпті. Яғни, пара туралы сұраққа "жоқ" деп жауап бергенімен, полиграф тілі селкілдей жөнелсе, ондай офицер теріс баға алып, кандидатурасы алып тасталуы керек.

"Қарулы күштерде 2019 жылы жемқорлыққа қатысты 6 қылмыс жасалса,  2015–2018 жылдар аралығында қылмыс саны 17-ден бастап 34-ке дейін жеткен. Ал 2020 жылда бұл қылмыстың 76%-ға өскені байқалады. Бірақ іс жүзінде бұл сыбайлас жемқорлық қылмысының артуымен емес, оның анықталуының артуымен байланысты. Қорғаныс министрлігі қолданып жатқан түбегейлі жаңа тәсілдерді ескерсек, бұл әбден болуы мүмкін нәрсе. Қорғаныс ведомствосы ештеңені жасырмайды, керісінше барлық ақпаратты тиісті органдарға бере отырып, ашық жұмыс істейді", – деді министрдің орынбасары.

Оның мәліметінше, биылғы ақпан айында антикоррупциялық агенттікпен арада әскери ортада сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітіліпті. Сонда Қорғаныс министрлігі қолы мен ары таза емес оқалы жағалылардың тірлігін жасырмауға міндеттеме алыпты.

"Біз өз қатарымызды жемқорлықтан тазартуға мүдделіміз. Бұл істе ешкімге аяушылық болмайды", – деп уәде етті Тимур Дәндібаев.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу