Жемқорларды жарылқайтын айла-тәсілдер саланы жарға жығады

2308

Мемлекет үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған түрде сатып алатын бірыңғай дистрибьютор - "СҚ-Фармация" компаниясы терең трансформация жағдайына ауысты.

Жемқорларды жарылқайтын айла-тәсілдер саланы жарға жығады

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, "СҚ-Фармация" 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін толығымен электрондық сатып алуға көшеді.

Бірыңғай дистрибьютордың күні кеше тұсауы кесілген трансформациялық тұжырымдамасы төрт негізгі бағытты қамтиды: бұлар – "дәрілік заттарды сатып алуды жетілдіру", "логистиканы оңтайландыру", "амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру", "компанияның ашықтығы мен тиімділігін арттыру".

Сонымен, бірінші бағыт бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДҰ) ұқсас етіп, әлеуетті өнім жеткізушілерді "біліктілікалды іріктеу" жүйесін ендіру жоспарлануда.  

Түсіндіре кетер болса, біліктілікалды (prequalification) – сауда процесіндегі алдын ала кезең болып табылады, оның барысында өтінім иесі тапсырманы орындауға қажетті ресурстар мен тәжірибеге ие әлде ие еместігі анықталады.

Ал ДДҰ-да дәрі-дәрмектерді алдын-ала саралау – осы ұйымның дәрілік препараттардың қауіпсіздігін, сапасын және тиімділігін бағалау бойынша қызметті атайды. Бастапқыда, 2001 жылы ДДҰ-ның басты назарында тек "ВИЧ/СПИД, туберкулез бен тырысқақты" емдейтін дәрілер ғана болған. Ал 2012 жылдың соңын қарай ДДҰ алдын-ала біліктіліктен өтетін дәрі-дәрмектер тізімі әлемдегі негізгі ауруларға қарсы қолданылатын 316 препараттан асты. Бұл жерде "СҚ-Фармация" сияқты ДДҰ аясында ЮНИСЕФ, "СПИД, туберкулез және тырысқақпен күреске арналған Жаһандық қор" және ЮНИТЭЙД секілді халықаралық ұйымдар жыл сайын миллиардтаған долларға бүкіл әлем бойынша дәрі-дәрмектер сатып алып, оларды кедей немесе ресурстары шектеулі елдерге көмек ретінде тарататынын айта кеткен жөн. Қазақстан өзінің отандық фармкомпаниялары өндіретін өнімдерді осы жаһандық ұйымдардың сатып алуларына енгізуге біраздан бері талпынып келеді. Егер бұл ұйымдар Қазақстанда жасалған дәрі-дәрмектердің әлемдік жоғары стандарттарға сәйкес келетінін таныса, болашақта осы миллиардтар тасқынының бір арнасы республикамызға да бұрылар еді.

Ал әзірше, елімізге тек ДДҰ-ның әдіс-тәсілдері ғана бет алып отыр. Бұл ұйымның "дәрілік құралдарды біліктілікалды бағдарламасы" мемлекетіміз үлкен көлемде әрі жыл сайын сатып алатын дәрі-дәрмектердің жаһандық деңгейде қабылданған сапа, қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс.

Сондай-ақ "СҚ-Фармация" трансформациялануының бірінші бағыты аясында жеткізушілердің тендерлік өтінімдерін қарау мерзімдерін қысқартуға, жылдам аукциондар өткізуге, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, сатып алудың жаңа құралдарын пайдалануға (мәселен, ұзақ мерзімді кезеңге көлемдер мен бағаларды бекітуге; cost-sharing және risk-sharing келісім-шарттары) ден қоймақ.   

Екінші бағыты бойынша логистикалық хабты құру, өңірлер арасында артық жүріп-тұруды жою, жүктердің қозғалуын қадағалау жүйесін енгізу, логистиканың құнын оңтайландыруды қарастырылған.

Үшінші бағыты бойынша амбулаторияларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алуды толық орталықтандыру, медициналық өнімдерді сериясы бойынша "қоймадан пациентке дейін" жетуін қадағалау көзделген. Әйтпесе, мысалы, емханаларда дәрігерлер жаңа туған сәбилерге тегін таратуға арналған, қоспалардың таусылып қалғанына шағымданатын, ал дәл сол кезде "СҚ-Фармацияның" тиісті таңбасы басылған сол өнімдер дәріханалар арқылы сатылып жататын жағдайлар кездескен.

Төртінші бағыт бойынша СҚ-Фармация неғұрлым тиімді және ашық компания болуға ниетті. Осы мақсатта ендігі бірыңғай дистрибуция жүйесін жетілдіру бойынша кеңес құрылды. Оның құрамына  "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, денсаулық сақтау және фармация ардагерлері кірген. Қоғам тарапынан сенімді арттыру үшін министрлік тендерлік комиссиялардың құрамына үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енетініне уәде етеді.  

Сонымен қатар, компания ICO 9001 стандартына сәйкес сапа менеджменті жүйесін енгізуді, сондай-ақ, өзінің бизнес-процестерін барынша автоматтандыруды бастайды.

Айта кетсек, "СК-Фармация" ЖШС тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютордың функцияларын жүзеге асыру, сондай-ақ, Қазақстанның фармацевтикалық саласының тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2009 жылдың ақпан айында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құрылымында құрылды. Кейінірек, 2013 жылы компания денсаулық сақтау министрлігіне берілді.

"СҚ-Фармацияның" трансформацияланудан басқа амалы жоқ. Биылғы жыл басында, 3 ақпандағы үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан президент бұл компанияның сол кездегі басшылығын "мафия" деп атады. Олар отандық фармкомпаниялардың дамуына және салаға шетелдік инвесторлардың келуіне кедергі жасап отырады екен. "Бұл мафияға айналып кетті. Олар фармацевтикалық фабрикалар салуға мүмкіндік бермеуде" деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы қатаң сыннан кейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үкімет отырысында премьер Бақытжан Сағынтаевқа "СҚ-Фармацияның" басшылығындағылар өз еріктерімен отставкаға кеткенін хабарлады.

Ал өткен аптада коррупцияға қарсы орган "СҚ-Фармация" ЖШС-ы медициналық препараттарды әлденеше есе қымбат бағамен сатып алып келгенін әшкереледі. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "Коррупцияға қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баянжазбасында айтылған.

"Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нарықтық қағидаттарына қарама-қайшы келе отырып, "СҚ-Фармация" өткізетін тендерлерде жыл сайын тек жекелеген жеткізушілер (20 компания) ғана жеңімпаз деп танылып отырған. Бұл ретте сатып алынатын препараттардың бүкіл көлемінің шамамен 80%-ын еншілеген "тұрақты" жеткізушілердің көпшілігі ресми дистрибьютор болып табылмайды және делдал ретінде дәрілік құралдарды өндірушілерден сатып алып, жоғары бағаларға қайта сатуды ғана жүзеге асырады" делінген құжатта.

Антикоррупциялық ведомствоның мәліметінше, "СҚ-Фармация" мәселен, "Велкейд" препаратын 2015 жылы бір данасын 444 мың теңгеге сатып алған, ал дәл сол дәрі көрші Ресейде небары 134 мың теңгеге, ал Украинада 102 мың теңгеден сатылады. "СҚ-Фармация" дәл осы препараттың бір жыл ішінде 2966 данасын сатып алады. Осыны есепке алғанда, бағалық айырмашылық Ресеймен салыстырғанда 900 миллион теңгені, ал Украинаға қарағанда – 1 миллиард теңгені құрайды. Сонда бұл миллиард кімнің қалтасына құйылған? Мұны әрине, аталған құзырлы орган анықтай жатар.

"Тіпті аталған препаратты қазақстандық нарықта қолданылатын бағамен (1 данасы үшін 293 мың теңге) сатып алғанның өзінде мемлекет үшін шамамен 450 миллион теңге үнемдеуге болатын еді" делінген баянжазбада.

Бұл ретте "СҚ-Фармация" сатып алатын ең қымбат дәрілік құралдардың 22 түріне ғана жасалған ішінара мониторинг олардың құнының еркін нарықтағы бағадан айырмашылығы жылына орташа есеппен 3,4 миллиард теңгеге дейін баратынын көрсетті. Дәл осындай жағдай медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуда да қалыптасып отыр деп атап көрсетеді агенттік.      

Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы екі жылда денсаулық сақтау саласында анықтаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының көлемі екі есе артқан: саны 118-ден 240-қа дейін өсіп отыр.

Бұл қылмыстардың жартысынан астамы дәрілік құралдарды, медициналық құрал-жабдықтарды, сырқаттардың тамақтануына арналған азық-түліктерді сатып алуда, сондай-ақ кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясындағы басқа да сатып алулар кезінде лауазымды тұлғалардың қаржылық-шаруашылық функцияларды жүзеге асырумен байланысты болып отыр.

Дәл осындай былықтар бұрын да жария болған. Атап айтқанда 2014 жылдың 12 наурызында бір топ парламент депутаты "СҚ-Фармацияның" мемлекет үшін дәрілерді тіпті дәріханалардан да қымбатқа сатып алып жатқанын айтып, дабыл қаққаны есте. Жаңа дәлелдерді депутаттар дипломатиялық арналар бойынша тауыпты. Осының алдында, 2013 жылдың 6 қарашасында "ақжолдық" депутаттар гепатитке қарсы дәрінің тым жоғары бағаға сатып алынып жатқанына қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сонда олар аталған препаратты Грузияның әлдеқайда арзан сатып алатынын алға тартқан-тын. Алайда депутаттық сауалға жалтарма жауап келіпті: онда "түпнұсқалық препараттар бағасы нарықта 10-15%-ға дейін өзгере беретіні және мұның ұлықсат етілетін айырмашылық болып табылатыны" айтылыпты. Сондай-ақ Грузияның тұпнұсқалық препаратты емес, оның аналогын сатып алғаны келтірілген. Онымен қоймай, "СҚ-Фармацияның" сол кездегі басшылығы заң шығарушы билік өкілінің қызметіне баға беріп, осы мәселені көтерген депутат Меруерт Қазбекованың мәлімдемесін "түзу емес және негізсіз" деп атаған екен. Бұған ашуланған "Ақ жол" партиясының фракциясы дипломатиялық арналар арқылы Грузияның түпнұсқалық препаратты сатып алғаны туралы ресми растау қағаз алдыртқан. Оған қоса "ақжолдық" депутаттардың дәйектеуінше, бұл ел гепатитті емдеу бойынша сол дәріні 92,88 доллардан алған, "ал "СҚ-Фармация" оны 330 доллардан, яғни үш есе қымбатқа сатып алды".

"2013 жылы сапалы гепатиттік тексерулер жүргізу мақсатында мемлекет 16 арнаулы аппарат сатып алды, тоғыз аппарат "Дельрус РК" ЖШС-ынан 300 миллион теңгеден астам сомаға (бір аппарат үшін 35 миллион теңге) сатып алынды. Сонымен бірге 2013 жылғы жағдай бойынша аталған ЖШС-ның өзбекстандық және қырғызстандық филиалдары аталған аппараттарды бір данасы үшін 19 миллион теңгеден сатқан ("Дельрус-Ташкент"-тің 2014 жылғы 21 ақпандағы және "Дельрус СА"-ның 2014 жылғы 28 ақпандағы прайс-листі)" деп мәлімдеген "Ақ жол" фракциясы бас прокуратураға жүгінді. 

Бұл айыптауларды әрине, "СҚ-Фармацияның" сол кездегі басшылығы жоққа шығаруға тырысты және "мемлекет бекіткен бағалардан асып кетпейтін бағаларға сатып алып жатқандарын" алға тартқан. Қалай болғанда, ел басшылығының қатаң талап етуімен "СҚ-Фармация" басшылығы ауысып, компания жаңа бағыт алды.  

Бұдан бөлек "Атамекен" КҰП сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл кеңесінің сарапшылық тобы денсаулық сақтау ведомствосымен, есеп комитетімен, бас прокуратурамен және антикоррупциялық агенттікпен бірлесіп, дәрі-дәрмектерді, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медтехниканы сатып алу саласындағы жемқорлықтың жай-күйіне терең талдау жүргізген болатын. Оның барысында палата ресми органдар ұсынған ақпарлармен шектелмей, "Атамекенге" келіп түскен азаматтардың және кәсіпкерлердің арыз-шағымдарын да талдады, Астана мен Алматыда, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында осы салаларда қызмет атқаратын бизнес өкілдерімен кездесулер өткізген.

Талдау көрсеткеніндей, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында дәрілер сатып алуға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар жыл сайын үздіксіз артып келеді: нәтижесінде бұл сома 2009 жылғы 55 миллиардтан 2016 жылы 160 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. 

Сонымен бірге "Атамекен" КҰП сарапшылар тобы бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларында отандық өндірістегі өнімдердің үлесі өсіп келе жатқанын да атап өтеді. Егер 2010 жылы отандық өндірушілерден сатып алулар үлесі ақшалай шамада жалпы көлемнің небары 16%-ын (5,7 млрд теңге) ғана құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 19%-ға (16,7 млрд теңге), былтырғы 2016 жылы 23%-ға (25,1 млрд теңге) жеткен. Ал биылғы 2017 жылы ол 25%-ды немесе 32,8 миллиард теңгені құрап отыр. Дегенмен, осы мақсатта мемлекет 160 миллиардтан астам қаржы жұмсайтынын ескерсек, әлеует әлі де мол ететінін аңғарамыз.

"СҚ-Фармация" дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тікелей өндіруші-зауыттан сатып алу үлесін де арттыруда екен: егер 2012 жылы олармен тікелей мәмілелер үлесі небары 5,8% (4,22 млрд теңге) болса, 2015 жылы 7,8%-ға (8,12 млрд теңге), ал 2016 жылы - 17%-ға (18,8 млрд теңге) жеткен.

Әйткенмен, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы "дәрілік құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алулар жүйесіндегі бірқатар ұйымдастырушылық-құқықтық кемшіліктер тендерлерде жеткізушілерге тең мүмкіндіктер ұсынуға теріс ықпал етіп отырғанын, бұл бәсекелестікті шектейтінін және коррупциялық көріністерге, қызметтік жағдайды теріс пайдалануларға шарттар жасайтынын" атап көрсетті.

Сарапшылар ұлттық заңнаманы өзгертпей, жойылмайтын, арам ниетті делдалдар пайдаланатын бір схеманы анықтапты. Өткен жылы "Оңтүстік бағытта дәрі жеткізу логистикасы" бойынша қызметтерді сатып алуға арналған тендерде "Ақниет" ЖШС жеңімпаз деп танылады, өйткені ол ең төменгі бағаны – 344 млн теңгеге қызмет көрсетуді ұсынған. Алайда артынша бұл компания келісімшарт бекітуден бас тартады. "СҚ-Фармация" осы компанияны "адал емес жеткізуші" деп тану туралы сотқа шағым түсіреді, алайда сот қол қойылған келісімшарттың жоқтығын ескеріп, бұл талапты қанағаттандырудан бас тартады.

Одан кейінгі екінші қатысушы – "НПО Зерде" ЖШС-ның ұсынысы 480 млн теңге болған. Бірақ қолданыстағы заңнамада екінші орын алған жеткізушіні келісімшарт бекітуге шақыруды қарастыратын норма болмағандықтан, "СҚ-Фармация" қайталай байқау өткізеді. Оған жалғыз "Ақниет" ЖШС ғана қатысқан және 869 млн теңге ұсынысымен жеңіп шыққан. "Нәтижесінде, "Ақниет" ЖШС өз қызметі үшін өзінің бастапқы ұсынысынан екі есе артық құн алады, ал мемлекет шамамен 400 миллион теңгені артық төлеуге мәжбүр болды. Бұл екінші қатысушының ұсынысына бара-бар" делінген "Атамекен" КҰП-тың осы саладағы "сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту бойынша шаралар туралы анықтамасында".

Мұндай деректерді ұлттық палата сарапшылары көптеп келтіре алады. Сондай-ақ олардың әшкереленуі ақыр соңында "СҚ-Фармацияның" трансформациялануына, сатып алулар жүйесінің жетілдірілуіне, сондай-ақ кәсіпкерлер алдынан құрылған тоспалардың құлай бастауына алып келуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу