Жемқорлардың жемсауына айналып кеткен тетік жаңаша дамытылады

2602

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында білім саласында қандай жобалар қолға алынады. 

Жемқорлардың жемсауына айналып кеткен тетік жаңаша дамытылады

Inbusiness.kz бұдан бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) бұдан былай тек әлеуметтік салада ғана дамытуға Үкіметтің шешім қабылдағанын жазды. Дегенмен, әлеуметтік 5 бағыт ішінде жоғарғы білім мен оқу-ағарту бағыттары басымдыққа ие көрінеді. Тиісінше, жүздеген миллиард доллар да соған бағытталмақ.

Мысалы, Президент бастамасымен Үкімет коррупционерлерден тартып алынған 152 миллиард теңгеге 70-ке жуық мектептің тұрғызылатынын жариялады. Бұған қамаудан босатылған бизнесмен Қайрат Боранбаевтың мемлекетке "өз еркімен тапсырған" 30 миллиард теңгесі де қосылады. Осы қаражаттар мемлекеттің әріптестеріне берілуі мүмкін.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновтің хабарлауынша, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында кемінде 600 оқушы орнынан тұратын мектептер салу бойынша жаңа тетікті енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Ол білім ұйымдары ұлттық жобада бекітілген жобалау міндеттеріне сай болады. Б.Құдайбергеновтің айтуынша, жобаны не білім беру ұйымы өзі жүзеге асырады, не Оқу-ағарту министрлігі жасаған тізімге сәйкес, инвестор мен мектептен тұратын консорциум құрылады. Меншік үлесін консорциум анықтайды.

Министрлік өкілінің түсіндіруінше, ел Президенті МЖӘ мен жан басына қаржыландыру құралдары арқылы ұлттық жобаларды іске асыруға бизнесті белсенді түрде тартуды, соның ішінде "Жайлы мектеп" аясында МЖӘ жобаларын іске асыруды тапсырыпты.

Бұл жерде құзырлы органдар аса сақ болып, қырағылық танытқаны жөн. Өйткені жемқорлардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін дәл осы білім саласында қарау мақсаттарына жиі пайдаланғаны мәлім. Салдарынан, мемлекет бірқатар экс-әріптесімен соттасып, олардың салған нысандарын сот арқылы өз меншігіне алып та қойған.

Мысалы, МЖӘ-ға қатысты кеңауқымды жанжал ұстаздар қауымының абыройына кір келтіріп, қазақстандық педагогтердің біліктілігіне және сертификаттарына қоғамның күмәнін туғызып отыр. Құзырлы органдардың дерегінше, "U-FUTURE" компаниясы кезінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, МЖӘ аясында "Өңірлік тестілеу жəне педагогикалық құзырет орталығы" құрады. Ақпарат құралдары хабарлағандай, бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,149 миллиард теңге бағытталады. Нәтижесінде, бүкіл Қазақстан бойынша 16 жеке тестілеу орталығы құрылған. Бұл орталықтар бірыңғай бағдарламалық тұғырнамада жұмыс істейді.

"U-FUTURE" компаниясының Ақтөбе филиалының директоры әріптестерімен ымыраласып, педагогтерге тестілеуден параға өтуге мүмкіндік беретін схеманы жолға қояды. Мектеп директорларынан 1 миллион теңгеден, ал қарапайым мұғалімдерден – 300 мың теңгеден жинаған. Педагогтер сұралған ақшаны аударған соң тестілеуден адал өтпей-ақ, категориясы мен жалақысын қатар арттыратын құнды баллдарды алған. Тест тапсыру кезінде ақысын төлегендер бір аудиторияда жайғасады. Ал олардың "көмекшілері" басқа аудиторияда отырып алып, ортақ жүйеден солардың компьютерлеріне қосылады.

Яғни, аталған педагогтер тестті көз қылып қана "тапсырған", шынында, жүйеде олар үшін мамандар тестілеуден өткен. Бірқатар жағдайда дайын жауаптар мұғалімдердің ұялы телефонына алдын ала жіберілетін болған. Осы алаяқтықтың салдаынан жалған сертификаттары бар педагогтер әртүрлі мектепке орналасып, заңсыз түрде үстемеленген жалақы алды.

Тестілеу орталығы қызметкерлерінің өзге өңірлердегі мұғалімдерге көмектескені әшкереленді. Олар Тестілеудің компьютерлік жүйесіне "Тонкий клиент" аталған бағдарлама арқылы қосылған.

Соның кесірінен Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Ұлытау облыстарының шамамен 885 педагогі аталған схемаға қатысқаны анықталыпты. Күдіктілер темір торға қамалмау үшін құқық қорғау органдарымен мәмілеге келіп, айыппұл төлеуге, заңсыз алған үстемеақыларын да қайтаруға келісті. Алаяқтық нәтижесінде алынған сертификаттардың күші жойылуда.

Бұл жанжал МЖӘ жобаларына көлеңкесін түсірді. Себебі, мемлекеттің төл әріптестерінің өз ісіне адалдығын тексеру, бақылау механизмдері кемшін болып шығып, жөнсіздікке жаппай жол берілгені әшкереленді.

Оның үстіне Үкімет "Оқу-ағарту" саласында МЖӘ қолданылатын бағыттар санатын кеңейтелі отыр. Келесі жылдан бастап, бұл тетік:

  • балалар сауықтыру орталықтарын салу;
  • дарынды балалар мен оқу озаттарын көтермелеу, қажеттілігін қанағаттандыру;
  •           оқушыларды демалыспен және сауықтырумен қамту бойынша жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысты орындау; 
  • қосымша білім берудің басым бағыттары бойынша балаларды тегін секциялармен және үйірмелермен қамту; 
  • балалар мен ата-аналардың қажеттіліктеріне жауап беретін қосымша білім берудің заманауи инфрақұрылымын салу;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік-мәдени оңалту үшін жағдайлар жасау секілді бағыттарға таратылады.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, дәл осы салада МЖӘ жобаларын іске асыру нәтижесінде, 2029 жылға қарай кемінде 2 950 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылады. Демалыс және сауықтыру қызметтерімен қамтылған балалар саны 78 мыңға ұлғаяды. Әріптестер қосымша білім берудің 20 объектісін пайдалануға береді.

Арасында әрқайсысы 600 орындық 5 Оқушылар сарайы, сондай-ақ әрқайсысы 150 орындық 10 Өнер мектебі, 260 орындық 5 Оқу-сауықтыру орталығы бар.  

Балалар мен жасөспірімдерді сапалы сауықтыру, сондай-ақ олардың таланттарын ашу үшін республикада 218 Балалар сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Оның 100-і – жекеменшік, қалған 118-і – мемлекеттік. Сауықтыру орталықтарының жалпы санының 17-сі ғана жыл он екі ай жұмыс істейді: 15-і – мемлекеттік, 2-уі –жекеменшік. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, бір жылда 255 435 бала немесе 5–9 сынып балаларының жалпы санының 7,6%-ы ғана сауықтырумен қамтылды.

Осыған орай Қ.Тоқаев өзінің 2022 жылғы "Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін" сайлауалды бағдарламасында жаңадан 50 сауықтыру орталығын ашуға уәде еткен.  

"Бұл уәде орындалуда. Президент Жамбыл және Атырау облыстарындағы өз резиденцияларын осы мақсатқа табыстады. Қазіргі уақытта сол сарайлардың базасында 3 сауықтыру орталығын ашу бойынша жұмыс аяқталуда. Сондай-ақ Абай облысында 2 объектінің, ал Қостанай облысында 3 маусымдық орталықтың құрылысы басталды. Бүгінгі таңда тағы 44 сауықтыру орталығына қажеттілік бар, олардың 20-сы жыл бойы жұмыс істейтін болуға тиіс. Инвестициялық тартымдылығына байланысты жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталықтары МЖӘ аясында салынады", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.

Әріптес жеке инвестициялары арқылы объекті құрылысының сметалық құнының 70% мөлшерін қоса қаржыландыруы керек. Ары қарай құрылыс-монтаж жұмыстарын да әріптес жүргізеді. Ал объект пайдалануға берілгеннен кейін жекеше әріптес кем дегенде 10 жыл Оқу-сауықтыру орталығын пайдаланып, табыс табады, салған инвестицияларын қайтарады. Осы уақытта МЖӘ объектісі мемлекеттік меншікте болады. Кейін мәртебесі сол бойы өзгеріссіз қалады немесе жекешелендіріледі.

МЖӘ жобасы бойынша Оқу-сауықтыру орталығына оқу корпусы, жатын корпусы, амфитеатр және бассейн кіруге тиіс екен.

Қосымша білім беру объектілеріне келсек, қазіргі уақытта республикада 1 625 нысан жұмыс істейді. Соның ішінде 24 Оқушылар сарайы, 75 Оқушылар үйі, 128 орталық пен кешен, 160 Балалардың музыкалық мектебі, 148 Балалардың өнер мектебі, 29 Көркемсурет мектебі, 26 жас техниктер орталығы мен станциясы, 40 жас туристер орталығы мен станциясы, 13 жас натуралистер орталығы, станциясы, 96 спорттық сауықтыру туристік лагерлері, 396 балалар жасөспірімдер спорт мектептері, 195 аула клубтары бар. Бұл қатарға 97 Олимпиадалық резерв мектептері, 198 басқа да балалар ұйымдары кіреді.

Оқушылардың 75,5%-ы немесе 2,8 млн бала қосымша білім берумен қамтылған. Президент тапсырмасына сәйкес, балаларды тегін секциялармен және үйірмелермен 100% қамтуды қамтамасыз ету үшін тағы 100 қосымша білім беру объектісі салынуға тиіс. Олар негізінен жергілікті бюджет есебінен қолға алынады деп жоспарланған.

Мысалы, бүгінде әкімдер 4 өңірде 30,6 млрд теңге сомасына 4 Инновациялық шығармашылық орталығын (бұрынғыша – Оқушылар сарайын) салуды аяқтауда.

Қалған 15 ИШО (Оқушылар сарайын) және 79 Өнер мектебін салуға 178,6 млрд теңге қажет болады: 105,4 миллиарды – оқушылар сарайларына, 73,2 миллиарды – өнер мектептеріне.

Бұларды МЖӘ тетігі арқылы іске асыру ұсынылды. Әріптес құрылыстың 70%-ын өз мойнына алуы шарт. Ол ел игілігіне берілген соң, сарайды кемінде 10 жыл бойы басқарады, оған техникалық қызмет көрсетеді, табыс табады. Бұған қоса, мемлекет оған инвестициялық шығындарының өтемақысын, операциялық шығындарының өтемақысын, басқарғаны үшін сыйақы төлейді. Ғимарат мемлекеттік меншікте қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу