Жемқорлықтың жазасы екі дүниеде де бар

9272

Астанада "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әйел ұйымдарының, этномәдени және діни бірлестіктерінің қоғамдық рөлі" тақырыбында ашық әңгіме алаңы форматында кездесу өтті. 

Жемқорлықтың жазасы екі дүниеде де бар

Сыбайлас жемқорлық еліміздің дамуы жолында зор қолбайлау болған, бұлтарысы мен қалтарысы көп қауіпті індетке айналды. Жемқорлықты індет деуге негіз бар. Қазіргі біздің қоғамда осы індет ақшалы жерде жұмыс істейтін немесе қолында билігі бар азаматтарға батпандап кіріп, мысқылдап шығуда.

Мысқылдап шығып жатқанын көп шенділердің қып-қызыл ақшаның құрбанына айналып, абақтыға айдалып жатқанын БАҚ арқылы жиі естіп, көріп жүрміз. "Дәніккеннен құныққан жаман" деп бабаларымыз жемқорлықтың ашкөздік пен қанағатсыздық элементтерінен тұратынын айқындап берсе, заманында Аристотель Ескендір Зұлқарнайға адамның көзі тек өлгенде ғана топыраққа тоятынын ащы мысалмен көрсеткен де болатын.

Бірақ, оқығаны мен көргені көп билік тізгінін ұстағандар мен үлкенді-кішілі қызметі бар азаматтарға бұл мысалдардың өзі сабақ болмай отыр.

Рас, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында тың бастамалар көтеріліп, небір ізгі іс-шара жүзеге асырылып келеді. Елімізде жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейті мақсатында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы", "Мемлекеттік қызмет туралы"деген арнайы заңдарда қабылданды. Бұл жерде "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның қандай қатысы бар дейтіндерге, әлбетте, сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректердің көбісі осы мемлекеттік органдарда көптеп анықталып отырғаны анық.

Ал осы жемқорлықпен әйел қаншалықты шатысады екен? 15 қарашадағы кездесуде "Transparency International" жүргізген зерттеуге шолу жасаған "Транспаренси Казахстан" қамқоршылар кеңесінің мүшесі Светлана Арыстамбаева, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ерлерге қарағанда әйел затының жемқорлыққа мейлінше аз баратынын айтады. Ол жемқорлық мейлінше аз деп танылған елдерде билік тізгінінде және парламент жұмысында әйелдердің басым болуы, сыбайлас жемқорлықтың төмен болуына ықпал етіп отырғанын әлемдік зерттеулердің растап отырғанын айтады.

Светлана Арыстамбаеваның айтуынша, әйел адам параны ер адамға қарағанда аз алады және бір қызығы – оларға параны ұсынушы да ер адамға қарағанда аз ұсынады екен. Сонымен қатар, әйел жемқорлыққа әлеуметтік салада жиі душар болатын көрінеді. Мәселен, баласын балабақшаға орналастыру, әлеуметтік жәрдемақы алу, дәрігерден медициналық анықтама алу және тағысын тағылар.

Тағы бір ерекшелік – әйел пара бергенін айтып қоюға икемдірек болса, ал ер кісінің бұл мәселеде өте "сенімді" екенін айтады шолушы.

Ал еврей мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси бірлестігінің төрағасы Моисей Гольдберг сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті отбасынан бастап, теледидарда көрсетілетін бағдарламаларға азаматтық бақылау жасау керек. Яғни, байлар тұратын вилла, мінетін кемелерді емес, ағартушылық, адамға жақсы көңіл-күй сыйлайтын дүниетанымдық дүниелерді көрсету керек деген Моисей Гольдберг жалпы жемқорлықтың үрім-бұтағымен жою үшін, жаңа жүйе керек екенін айтады.

"Ислам – жемқорлықты айыптайды" тақырыбын өз баяндамасына арқау еткен Қазақстанның діни және рухани басқармасының өкілі Марат Бектәзімов ислам діні парақорлықты қатты айыптап, оның шариғаттағы үкімі харам екенін айтады.

"Асыл дініміз – ислам адалдық, адал амалдарға сүйенеді. Бақара сүресінің 188 аятында, араларыңызда малыңызды арам жолмен жемеңіздер делінген. Арам жолға не кіреді? – Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, алдап-арбау. Осы сүредегі тағы бір ой салатын жазба, әділ үкім немесе шешім шығару үшін, мал апармаңдар, яғни пара бермеңдер делінген".

Сондай-ақ, Ұлы Пайғамбарымыз да параны беруші де, параны алушы да лағынеттелген деп, өз заманында теріс батасын беріп қойған, – дейді дін өкілі. Осы арада "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" заңымызда пара берушінің де, пара алушымен бірдей жауапқа тартылатынын айта кету керек.

"Шариғатта Ихсан деген дәреже бар. Ихсан деген Алла тағала көріп тұрғандай құлшылық жасау делінген. Демек, әр адамның істеген жақсы және жаман амалдары оң жақ және сол жақтағы періштелерімен жазылып, Жаратушымыздың алдында есеп беру барысында алдыңнан шығады.

Әр адамның істеген әрекеті төбемізде Алланың құдіретімен бейнекамераға түсіріліп жатқанын, сондықтан адал амал жасауға көп болып жұмылуымыз керек. Сыбайлас жемқорлықтың диагнозы қанағатсыздық, ашкөздік, сабырсыздық. Ата-бабамыз "Қанағат қарын тойғызады" десе, Құран Кәрімнің ИбраҺим сүресінің 7-аятында: "Бастарыңа қандай қиындық түссе де, шүкіршілік етсеңіздер, жаман жолға түспей, сабыр етсеңіздер мен сендерге берген жақсылығымды арттыра түсемін делінген", – деп сыбайлас жемқорлыққа барғандардың екінші дүниеде азабы қатты болатынын шариғат тұрғысынан айтып берген Марат Бектәзімов, үстіміздегі жылдың 26 ақпанында Қазақстанның барлық мешітінде "сыбайлас жемқорлық, парақорлық – харам" деген уағыз айтылып, сондай-ақ былтыр республикалық имамдар форумы өтіп, сонда мұсылманның құқықтық нормаларын бекітетін жалпы заңнама бекітіліп, онда жемқорлықтың дұрыс еместігі, онымен күресу, оған жол бермеу жайлары жазылғанын мәлімдеді.

Мигранттар еңбегін пайдалану барысында жемқорлықпен күресу шараларына қатысты қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Ысмайылов сөз қозғап, бүгінгі күні мигранттардың басты мәселесі, жұмыс істеп, онысына еңбекақысын ала алмай зар илеп, сондай-ақ құлдықта қамалып, тегін жұмыс істеуге мәжбүр болған фактілердің бар екенін атап көрсетті.

Ал жемқорлыққа қарсы агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Жазира Жылқышева ашық әңгіме алаңы форматында өтіп жатқан жиында қозғалған әр мәселенің маңызды екенін, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп жатқанын және жалғасын табатынын айта келіп, жемқорлыққа жол берілген жайттарды жария еткен азаматтардың заң тұрғысынан қорғалатынын да атап өтті.

"Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы, біз, өркениетті ел қалыптастырамыз десек, жемқорлыққа қарсы күресте бір атаның баласындай жұмылуымыз керек.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жазасын біреулер бұл дүниеде алып жатса, екіншілері екінші дүниеде алатынын шариғат айтып отыр. Демек, жақсы мен жаманды, арам мен адалды балаларымыздың бойына жастайынан сіңіріп, дін өкілінің уағыздарын мектеп жасынан айтып өсірсек, балаларымызды да, өзімізді де жемқорлық сияқты жегі құрттан сақтауға, ертеңімізге алаңдамауға болар ма еді?!

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу