Осы туралы заңгер Нұрбек Қаласовпен аз-кем әңгімелескен едік.
Заңгер берген ақпаратқа сәйкес, заңнамада жеңілдікпен сатылған киімді қайтаруға болмайды дегенге негіздеме болатын бап жоқ. Жеңілдікпен де, жеңілдіксіз де тұтынушы заттың сыртқы күйі толық сақталса, қайтаруға құқылы.
"Бұл туралы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның 30-бабының 1-тармағында айтылған. Оған сәйкес, сатып алушы тауарды пайдаланбаса, оның тауарлық түрі, тұтыну қасиеттері, пломбалары, жапсырмалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат (төлем туралы чек) сақталса, тиісті сападағы азық-түлік емес тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті", - дейді ол.
Дегенмен қайтаруға болмайтын тауар түрлері бар. Олар:
- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
- Іш киім;
- Шұлық бұйымдары;
- Жануарлар мен өсімдіктер;
- Метраждық тауарлар, атап айтқанда, маталар, тоқылған және перде жаймалары, жасанды жүн, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, таспалар, шілтер, өрім, сымдар, шнурлар, кабельдер, линолеум, багет.
- Ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары. Сонымен қатар сатып алушы ақауы барын біліп тұрып, тауар сатып алса, оны қайтара алмайды. Ақауды көрген сатып алушы сатушыны хабардар етсе, онда оның шағымы негізсіз болады.
Айта кетейік, тұтынушы тауарды сатып алу дерегін растайтын құжатты жоғалтып алған жағдайда немесе қандай да бір себептермен берілмеген кезде сатып алу дерегін дәлелдей алса, затты қайтара алады.
"Жанама дәлелдер фото және бейне түсірілім, айғақтар, кепілдік талоны, қабылдау актісі, жүкқұжат, дәл осы дүкеннен сол тауарды сатып алғанын растайтын кез келген құжат болуы мүмкін. Егер тұтынушы тауарды картамен төлеген болса, бұл жағдайда ол банктік шоттан үзінді көшірмені пайдаланып, чексіз сатып алу фактісін оңай дәлелдей алады", - дейді заңгер Нұрбек Қаласов.
Заңгер сатушы тұтынушыға сапасыз тауарды қайтаруға байланысты шығындарды өтеуге міндетті екенін атап өтті.
Сатушы тұтынушы құқығын бұзса, не істеуге болады?
Ол кезде www.e-tutynushy.kz сайты арқылы шағым беруге болады. Сатушы сатып алушымен мәселені 10 күн ішінде шешуі керек. Осы уақыт ішінде сатушы шағымға жауап бермесе, мемлекеттік органдар араласады. Сондай-ақ электрондық үкімет порталында шағым жасай алады.