Жер әлемдегі тұтас қалаларды "жұта" бастады

1949

​Осы аптада Бразилияның бір өңірінде төтенше жағдай жарияланды.

Жер әлемдегі тұтас қалаларды "жұта" бастады Фото: yahoo.com

The Guardian жазуынша, Амазонка өзенінің алқабында орналасқан бразилиялық Буритикупу қаласында көптеген адамға баспанасынан айрылып қана қоймай, тірідей көміліп қалу қаупі төнген.

Соңғы 30 жылда жердің беткі қабатының опырылып құлау проблемасы төтенше қауіпті деңгейге дейін ушықты. Енді бұл өлкеде жер қақ айрыла бастапты.

Сарапшылар құрылыстың ретсіз, бейберекет жүргізілуі, сондай-ақ тарам-тарам алып тамырларымен топырақты бүре, құрсаулай ұстап келген ормандардың жаппай оталуы ақыр соңында жер қабаттарының тоқтаусыз үгітіліп, нөсерлеткен жаңбыр суымен шайылуына соқтырғанын айтады.

Салдарынан, карст кратерлеріне ұқсас шыңыраулар мен тік жарлар пайда болуда. Яғни, бұл өзгерістерге адамзаттың өзі кінәлі болып шықты.

Апатпен жалғыз алысуға әлі жетпейтінін түсінген Буритикупу билігі кезекті рет төтенше жағдай жариялады. Бұған ғаламат терең шыңыраулардың қала ішіне дендей ене бастауы себепші болды. Шаһардағы бірнеше үй күйреген.

Ал, шеті, шекарасы қарқынды кеңейген құрдым тағы жүздеген тұрғын үйді жұтып, кем дегенде 1 200-дей адамға қауіп төндіргелі тұр. Жалпы алғанда, Мараньян штатындағы Буритикупуда 55 мың халық тұрады.

"Соңғы бірнеше айда алапат орлардың көлемі геометриялық прогрессиямен өсуде. Олар тұрғын үйлерге таяп келді", – делінген қала үкіметінің төтенше қаулысында.

Енді ТЖ аясында жергілікті билік Бразилияның Федералдық үкіметінен тағы да қосымша қаражат, сондай-ақ зардап шеккендерге тиісті көмек пен мемлекеттік қолдау сұрата алады.

Осы орайда жергілікті билік шамамен 250 үйдің жер астында қалу қаупі барын хабарлаған.

G1 порталы кейінгі 30 жылдан астам уақыт бойы жалғасып жатқан жер жыныстарының біртіндеп күйреуі кесірінен бұрынғы жылдары, жердің "көшуі" нәтижесінде Буритикупу қаласында 70-тен астам үйдің жер астына "түсіп" кеткенін еске салды.

Басылым бұл өңірдің жері негізінен құмнан, тұнба лайдан, балшықтан құралғанын, үй салу үшін ағаштардың жаппай шабылуы салдарынан топырақтың тіптен бос, борпылдақ бола түскенін ескертті. Ол топырақты жауын суын шайып әкетуде.

Белгілі болғандай, Буритикупу бұған дейін де, 2023 және 2024 жылдары төтенше жағдай жариялапты. Алайда шенеуніктер пәрменді, кешенді шаралар қабылдай алмаған.  

Былтырғы тамызда Бразилияның Федералдық үкіметі кратерлерді локализациялау іс-шараларына көмектесу мақсатында 45,7 млн реал қаражат бөлді. Бұл шамамен 4,1 миллиард теңгеге тең. Бұл қаржыландыру мәселені шешуде күтілген нәтиже әкелмеді.

"Жердің ойылып түсуі – Буритикупу тұрғындары 30 жылдан бері куә болып келе жатқан бұрынғы проблеманың өршуінің салдары. Бұл өңірдегі жер құмдауыт болып келеді. Тиісінше, Амазонка алқабында жиі жауатын жауын-шашынға шайылғыш келеді. Табиғат аясында бұл тірі жанға қиындық әкелмейді. Алайда қалада құрылыс жұмыстарының дұрыс жобаланбауы, орман ағаштарының жаппай оталуы кесірінен топырақ деградацияланып, карст үңгірлері сияқты құрдымдар түзіледі", – деп түсіндірді The Guardian.

Мұндай тосыннан туындайтын ойықтарды жергілікті тұрғындар карст емес, "voçoroca" атайды. Түпнұсқада ол "жерді опыру" дегенді білдіреді.

"Мен Буритикупуда 22 жылдан бері тұрамын. Бұл проблема әсіресе, жауындар маусымы кезінде ушыға түседі. Бұл қауіп тоқтаусыз төніп келеді. Тоқтататын күш бар ма? Келесі ор дәл қай жерде түзілетінін де ешкім білмейді", – деп алаңдаушылығын білдірді журналистерге 65 жасар Антония дос Аньос.

Жергілікті инженер және қоғамдық жұмыстардың жетекшісі-хатшысы Лукас Консейсау муниципалитет мамандары мен басшылары әзірге күрделі, қиын жағдайдың тығырығынан шығарар жолды таппағанын жеткізді.

"Бұл – проблемалардың тұтас кешені. Демек, шешім де кешенді болуға тиіс. Соның ішінде топырақтың эрозиясын тоқтатудан бастап, қауіп аймағында өмір сүріп жатқан тұрғындарды жаппай көшіруге дейінгі шаралар қолға алынуға тиіс", – деді инженер.

Ақпарат құралдары Бразилияда күтпеген жерден дәл жол үстінен пайда болған карст құрдымына жеңіл көлік құлап кеткенін еске салды.

Reuters Бразилияның солтүстік-шығысында орналасқан Буритикупу қаласы біртіндеп жер астына кетіп бара жатқанын көрсетті.

"Оны ақырындап жер жұтып жатыр. Соңғы апталарда орасан зор орлар пайда болып, жергілікті билікті төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті. Біраз ғимарат қирап қалды. Бірақ жергілікті муниципалитет дайын шешімінің жоқтығын байқатып алды", – деп мәлім етті Reuters.

Жалпы, бұл тек Бразилияға ғана келген нәубет емес, климаттық күйзеліс аясында өзге елдерде де ушығуда.

Мысалы, Америка Құрама Штаттарындағы Калифорния штатының Сан-Хоакин алқабында орналасқан Коркоран қаласы да бірте-бірте жер астына "сіңе" бастады. Кейінгі 14 жыл ішінде қаланың бірқатар ауданы 3,5 метрге дейін төмен "жұтылған". Салдарынан үйлердің бірінші қабаттары "жертөлеге" айналыпты.

Мамандардың байламынша, бұған жерасты қабаттарынан судың үлкен көлемде кете бастауы себеп болған. Салдарынан жер қыртыстары шөгіп жатыр. Сараптама жүргізген жергілікті эксперттер бұған фермерлердің кінәсі барын анықтады. Олар жер асты суларын шектен тыс көп сорып алып, ысырап етіп жатқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу