Жер ғаламшарының ішінде қорқынышты діріл алғаш рет нақты тіркелді

3915

Қазақтың "жер астынан жік шықты" деген үрейлі жорамалы жүзеге асқалы тұр.

Жер ғаламшарының ішінде қорқынышты діріл алғаш рет нақты тіркелді Фото: canva

Мұны халықаралық геологтар тобының жаңа деректері куәландырып отыр.

Олардың байламынша, от болып лапылдай төгілген мантияның дәл Эфиопия мемлекетінің астындағы ырғақты импульстері Африканы қақ айыруы мүмкін. Бірден айталық, бұл оқиға әрине, бір күнде болмайды, әлі миллиондаған жылға созылуы мүмкін.

Түсіндіре кететін жайт, тікелей теңізге шығар жолы жоқ, таулы ел саналатын Эфиопияның территориясында орналасқан Афар өңірінің астында бірден 3 тектоникалық рифт-аймақ тоғысады.

Міне, дәл сол тұста балқыған мантия жыныстары бір ырғақпен бірте-бірте жер бетіне көтеріліп келеді. Геологтар тобы тосын құбылыстың айғақтарын да сол жерден тапты.

Ғалымдардың тұжырымдауынша, сол терең импульстер болашақта Африка континентін екіге бөліп тастауы немесе тіпті дал-дұлын шығаруы ғажап емес.

Сонымен бірге, мұндай жағдайда Африканы қақ жарып ағатын және арасын алшақтататын жаңа мұхит пайда болады. Бұл туралы Nature Geoscience журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылады.

Зерттеу жұмысы "Mantle upwelling at Afar triple junction shaped by overriding plate dynamics" (Афардың үштағанды тоғысындағы плиталардың жылжуынан қалыптасқан мантияның көтерілуі) деп аталады.

Зерттеу жетекшісі, геолог Эмма Уотсонның суреттеуінше, ішінара балқыған мантияның ағындары жоғарыға қарай бағытталған "жүрек соғысына" ұқсайды, яғни, ұдайы пульсацияланады. Бұл тасқын өзіндік бірегей химиялық сипаттамаға ие.

"Біз Афардың астындағы мантия қозғалыссыз, тынық күйде жатпайтынын анықтадық, ол пульсацияланады. Балқыған мантияның серпін-импульстері тектоникалық плиталармен өзара ықпалдасады. Нәтижесінде, жерасты рифт плиталарын жоғары және әр жаққа қарай итереді. Сол арқылы жердің беткі қабатының "жыртылуына" соқтыруда. Бұл Жер қойнауы мен оның беткі қабатының өзара әрекеттестігін ұғыну үшін өте маңызды", – деді Эмма Уотсон.

The Independent хабарлауынша, зерттеуде Африканың түбінен көтеріліп келе жатқан мантияның "асимметриялы шлейфі" алғаш рет сипатталады.

"Бұл шлейф тектоникалық плиталармен тікелей, тығыз байланысқан. Сондықтан зерттеу вулканизм мен сейсмикалық белсенділікті, сондай-ақ болашақ континенталдық ыдырауды толыққанды түсіну үшін орасан зор мәнге ие. Біз шыңыраудағы мантияның көтерілісі жер бетінде жанартаулардың атқылауына серпін бере алатынын көрсеттік. Ол әсіресе, жер қабатының жұқа тұстарына қатты қысым жасайды", – дейді зерттеудің теңавторы Дерек Кир.

Оның болжамынша, бұл процесс миллиондаған жылға созылады, демек, қазіргі адамзат ұрпағы Африканың екіге бөлінгеніне куә бола алмаса керек.

Әйтсе де, бұл ғылыми ашылым ғалымдардың Жер планетасының бетін қалыптастыратын іргелі механизмдерді ұғынуына жол ашады. Практикалық маңызы да бар, мысалы, болашақта жарылып, жер астына кететін өңірлерден жұртшылықты, қалалар мен ауылдарды алдын ала көшіру, онда жаңа құрылыстарды салуға рұқсат етпеу және басқа шаралар кешенін қарастырғаны жөн. Бұл енді жергілікті биліктер мен халықаралық қоғамдастықтың бірлесе атқаратын шаруасы.

Ғалымдар тек осы зерттеумен шектеліп қалмақ емес. Кейінгі зертеулер енді рифт-плиталар астындағы мантиялық ағынның қандай жылдамдық және қарқын алғанын әшкерелеуге тиіс.

Сонда "қара құрлықтың" нақты қашан қақ айрылатыны да белгілі болуы мүмкін. Қалай болғанда, зерттеушілердің пікірінше, бағзы замандардағы Пангея суперконтиненті сияқты бүгінде Африка да терең өзгеріске түсе бастады.

Айта кету қажет, бұдан бөлек, ғалымдардың басқа бір тобы Жер ғаламшарының айналу жылдамдығы тосыннан күрт артқанын жариялады. Соның нәтижесінде енді бір тәуліктегі секундтар саны азаяды, күн мен түн қатар қысқарады.

Ғалымдар бұл жерде әңгіме миллисекундтарды құрайтын өзгерістер туралы болып отырғанын нақтылады. Бірақ соңғы 5 жылда күннің ұзақтығының барынша қысқаруы бойынша бірнеше рет рекорд орнатылыпты.

Егер жердің айналысы қазіргіден бірер минутқа жылдамдаса, онда әлемде зұлмат заман басталып, табиғи апаттар саны артып, жанартаулар атқылап, індеттер көбейіп, ғаламшар ақыры адам тұру үшін жарамсыз болып қалуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу