Жер туралы дау-дамай мен биліктің түрлі құйтырқы әрекеттері халықты сауысқандай секемшіл етіп жібергенге ұқсайды, деп хабарлайы Inbusiness.kz тілшісі.
"Ашық НҚА" порталындағы "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қыркүйектегі № 661 қаулысы деген атпен құжат жобасы жарияланған болатын. 2016 жылығы Президент Жарлығының 2-тармағында: "шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге ... мораторий жариялансын", - деп жазылған болатын.
Жаңа қаулыда осы тармақтың алынатыны айтылған.
Сондай-ақ, қаулыдағы морайторий мерзімін белгілейтін "2021 жыл" деген сан "2026 жыл" деген санмен ауыстырлатыны айтылған.
Халық жердің шетелдіктерге сатылмауының кепілдігі көріп жүрген тармақты "алып тастау" туралы нормаға тіксіне қарағанын белгілі журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапидің Facebook-тегі жазбасына қалдырған пікірінен көруге болады.
Жер реформасына байланысты құрылған соңғы комиссияның құрамында болып, заң жобасын дайындауға атсалысқан Мұхтар Тайжанға хабарласқанбыз.
"Мен Ермұрат Бапи мырзаның жазбасына пікір қалдырдым. Сол сөзім – сөз. Ауыл шаруашылығына арналған жер шетелдіктерге жалға берілмейді, жеке меншікке сатылмайды. Ол туралы биыл 30 маусымда қабылданған Жер кодексінің, 24-бабында нақты айтылған. Заңның нормаларын тек қана басқа заңмен өзгертіледі. Үкімет өз қаулысымен оны өзгерте алмайды. Ал бұл мораторийдің енді керегі де жоқ. Себебі нақты бұл мәселе уақытша емес, түбегейлі шешілген",– деп қысқа қайырды.
Белгілі заңгер Абзал Құспан да Мұхтар Тайжанның сөзін растап берді.
"Мен жаңа ұшақта отырып қаулының мәтінін асықпай қарап шықтым. Мұхтар Тайжанның жазып отырғаны дұрыс. Шынымен де заң жобасын Үкімет қаулысымен өзгерте алмайды. 30 маусымда қабылданған тыйымның күшін жою үшін заң қабылдануы керек. Сондықтан бұл қаулыға бола алаңдап керегі жоқ. Оған негіз жоқ", – дейді заңгер.
Түйіндесек, жер мәселесіне келгенде халықтың өре түрегелуге дайын екеніне тағы бір куә болдық.
Есжан Ботақара
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !