Жетісулықтар Орбұлақ шайқасы болған киелі орынға белгітас қойды

Қажет Андас Қажет Андас
17129

Салмағы жарты тонна тартатын мәрмәр тастан құйылған ескерткіш Жоңғар Алатауының ең биік шыңында жарқырап тұр.

Жетісулықтар Орбұлақ шайқасы болған киелі орынға белгітас қойды

Тарихи жазба деректерге сәйкес, 1635 – 1758 жылдар аралығында шамамен 113 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысында Түркістан, Қалмақ қырған, Аңырақай, Орбұлақ, Сөгеті (Ойрантөбе), Аягөз, Бұланты, Білеуті, Алакөл, Текелі, Қаратал, тағы да басқа шайқастар болды.

Алайда, Жәңгір сұлтан басқарған 700 сарбаз Эрдени батырдың 50000 жоңғар қолын жеңген Орбұлақ шайқасы туралы мәлімет толық емес, жауаптан гөрі құпиялары мен талас-тартысы көп.

"Талдықорған өңірінің тарихи-сакральды орындарының қатарына енетін "Орбұлақ шайқасы", Сарқан ауданындағы "Бестөбе", "Күлтөбе", 1919 – 1920 жылдары азамат соғысы болған "Черкасск қорғанысы", тағы да басқа тарихи орындарға осы күнге дейін бірде-бір рет ауқымды зерттеу жұмысы жүргізілмегені қынжылтады", – дейді жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев.

Қазақстандық тарихшы Виль Галиевтың "Жәңгір хан және Орбұлақ шайқасы" кітабында: "Орбұлақ шайқасы Жетісу Алатауының батыс бөлігіндегі Сатылы тауынан басталатын Кескентерек өзенінің оң жақ саласы Орбұлақта (Тасбұлақ) болды", – деп қана көрсетілген. Одан ары орыс тарихшыларының азды-көпті мәліметін арқау етіп жүрміз. Ал Орбұлақ шайқасы Н. Бичуриннің "қырғыз-қайсақ ертегілері" жазбасында ертегі ретінде беріледі.

"Жетісудағы қазақ-жоңғар шайқасы қай жерде болды, Жәңгір сұлтан білтелі мылтықты қайдан алды, ол Эрдени Батурдың жорық бағытын қалай біліп, Жалаңтөс баһадурға қай уақытта хабарлап үлгерді, көшпенділер өркениетіне жат ор қазып, бекініс құруды қайдан ойлап тапты деген сұрақтарға әлі де жауап табылмай келеді", – дейді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті Еркін Тоқпанов.

Расымен, бұл сұрақтарға тарихи әдебиеттер мен қазіргі дерек көздерінде жауап жоқ. Тек тарихшы М. Вяткин: "Қазақтар білтелі мылтық ұстаған. Мұндай мылтықты аттан түсіп, оның сирағын жерге тіреп барып атқан. Бұған сирақты көбінесе киіктің мүйізінен істеген", – деп жазып кеткенімен оны қазақтардың қашан істеткенін айтпайды.

Патшалық Ресейдің ХVІІ ғасырдағы Тобыл облысынан Жоңғарияға жіберген орыс елшілері Григорий Ильин мен Кучембердейко Кучеевтың мәліметтерінде: "Жәңгір хан Сатылы және Қоянтау тауларының аралығындағы Орбұлақ (Тасбұлақ) өзені аңғарының сол жақ беткейіндегі жалда ор қазып білтелі мылтықпен қаруланған 300 сарбазын орналастырды. Тұтқиылдан шабуыл жасау үшін өзі 300 сарбазымен тау шатқалына жасырынды. Қазақ сарбаздарына шабуыл жасаған жоңғарлардың көптеген сарбаздары оққа ұшты", деп жазады.

"Сондай-ақ, мұндай мәліметтер Тобыл қаласындағы 1636 – 1654 жылдар аралығындағы орыс-монғол қарым-қатынасы №64 құжатында, 1644 жылдың 16 ақпан мен 9 мамыр аралығындағы Сібір приказының есебінде жазылған", –дейді жазушы Бексұлтан Нүржекеев.

"Қазақтың аз ғана сарбазы жоңғардың 50000 қолын ойсырай жеңуіне тау аралық иіндегі жіңішке өткелді жер бедері мен білтелі мылтықпен қаруланған сарбаздар ерлігі әсер етті", – дейді өлкетанушы Еркін Тоқпанов.

Қысқасы, Орбұлақ шайқасы туралы жазушы, тарихшы, археолог, өлкетанушылар арасындағы талас-тартыс көп те, пікір бірлігі жоқ.  

"Орбұлақ шайқасы туралы әңгіме көтерілгелі ширек ғасырға жуықтады. Ең қызығы, бұл соғыс туралы ала-құла пікір айтатындар жеткілікті. Бірде бірі соғыс болған өңірге келіп, қазылған ордың бойымен жағалап жүріп көрген жоқ", – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеев.

Әрине, Жетісу Алатауының батыс сілемдері саналатын Сатылы және Қоянтау тауларын бір-бірінен бөліп жатқан Үйгентас асуынан ағып өтетін Кескентерек өзені мен Жоңғар Алатауының жартасты шыңына дейінгі екі шақырым аралық торуыл қойып, соғыс салуға қолайлы жер. Осы жерден қазылған орға бекінген жасауылдар еңістен ентелеп жеткен жаудың екпінін басып, бетін қайтарып тастайтынын көзбен көргенде сенеді екенсің.

Жеңістің бұдан басқа да салмақты себептері бар екен.

"Жәңгір сұлтанның бәйбішесінен туған қызы бөлесі Моғол ханы Аболланың ұлы Жолбарыс сұлтанның, тағы бір қызы Бұхар сұлтаны Абдулазиз сұлтанның әйелі болды. Әкесі Есімханның құрдасы Жалаңтөс баһадурдың кіші қызы Жәңгір сұлтанның жақын досының әйелі еді.  Демек, Жәңгір сұлтан туыстық байланыстардан пайдаланып Самарқан мен Бұқараның базаларынан білтелі мылтықтар, қорғасын, оқ-дәрі сатып алды. Төлеңгіттерден арнайы сарбаздар дайындады", – дейді өлкетанушы Қайрат Жанәділов.

Орбұлақ шайқасына қазақ батырлары да атсалысқаны мәлім.

"Жазба деректер мен даланың ауызша тарихының деректеріне сәйкес жоңғар шапқыншыларына қарсы күреске шапырашты Қарасай, арғын Керней, найман Көксерек, төртқара Жиембет, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді батырлар қатысып, қырғыз Тиес бимен көмек туралы келісті", – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеев.

Бірақ, Самарқаннан көмекке келген Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың қолы екі күнде Жетісуға жетуі мүмкін бе?

Тарихи жазба деректерге сәйкес, ХVІІ ғасырдың 40 жылдары Жоңғар хандығының саяси орталығы Тарбағатайда болды. Сондықтан Лепсі өзенінің жағалауына Тарбағатайдан келген ойрат, Еділ қалмақтары, Оңтүстік жоңғар түмендері Жетісу Алатауының етегіндегі Ұлы Жібек жолын бойлай жоңғарлар Іле Алатауы, Қырғыз Алатауы арқылы Сырдария мен Орта Азияға жаулап алу жорықтарына шықты.

"Жоңғарлардан қауіптенген Бұхара ханы Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүр бастаған әскерді алдын ала торуылға жіберген. Эрдени Батур Шу аңғарынан кері қайтып, қырғыздарға шабуыл жасайды. Сол кезеңде сусыз шөл даламен 50000 әскердің атын жем-шөппен қамтамасыз ету мүмкін болмайтындықтан, хонтайшы Ыстықкөл, Кеген ойысы, Шарын, Бурақожыр өзендері, сол кездегі керуен жолы өтетін Үйгентас асуы, Кескентерек өзенін бойлап Тарбағатайға оралмақ болады. Оның бұл жоспарын алдын ала білген Жалаңтөс баһадүрдің қолы із тастап, еріп жүріп өзінің досы Есімханның ұлы Жәңгірге көмекке келген", – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеев.

Бір деректе Жәңгір сұлтанның Жоңғар ханы Кундулен тайшының қызына үйленгені айтылады. Ал Кундулен тайшы мен Эрдени Батур арасында таққа талас болғанын тарихшылар жазып жүр.

"Қазақ даласын қансыратқан соң қайта айналып Жоңғар билігіне таласуды ойлаған Эрдени батырдан сезіктенген Кундулен тайшы қазақ сұлтандарының көмегімен билігін сақтап қалуға тырысқаны анық. Эрдени батырдың жорық бағытын қазақ сұлтандарына Кундулен тайшының жансыздары жеткізіп отырған болуы мүмкін", – дейді Еркін Тоқпанов.

Бұл болжам ғана. Тарихшылар ары қарай дәлелдей жатыр. Алайда, "Іштен шыққан жау жаман" екенін біле жүрген де көптік етпейді.

Тарихтан сан қилы сабақ беретін тарихи орынға облыстық ішкі саясат басқармасының демеуімен қойылған сынтас менмұндалап тұр. Дегенмен, әлем тарихында баламасы жоқ ерлік соғыстың алыс-жақындағы шетелдіктердің санасына жетпей жатқаны тағы бар.

"Жеті жүз сарбазбен елу мың қолды тойтарып, жүз жылдық соғыстың жеңіс шымылдығын түрген тарихи орынға барудың өзі қиын. Ол үшін ағыны қатты Кескентерек өзенінен кешіп өтіп, жол талғамайтын көлікпен теңіз деңгейінен 1970 метр биіктіктегі бекініске жету керек. Оған жергілікті жұрттың өзі бара алмай жүр. Ал оған шетелдіктер қайдан барсын", – деп қынжылды жазушы Бексұлтан ағамыз.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу