Қызылорда облысының аумағында 27 наурыз күні апатқа ұшырған "Ми-8" әскери тікұшағындағы адам шығыны салдарынан Алматы облысындағы 8 отбасы қара жамылды. Тікұшақ бортында қаза тапқан 13 әскери қызметшінің сегізі жетісулық болатын. Облыс аудандарынан әскерге шақырылып, азаматтық борышын өтеу барысында қаз болған марқұмдардың тізімі төмендегідей:
Майор Тимур Құдайбердиев, Ақтау қаласындағы № 30153 әскери бөлім қызметкері. Әскерге 2004 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан шақырылған. Үйленген 2 баланың әкесі. Марқұмның отбасы Талғар ауданынның Кеңдала ауылында тұрады. .
Сержант Қайрат Нұрсапанов, 1993 жылы Алакөл ауданынан әскерге шақырылған. Үйленген, 2 баланың әкесі.
Аға сержант Мұрат Шәріпов, әскер қатарына 1997 жылы Алакөл ауданынан шақырылған. Марқұмның артында 4 баласы қалды.
Кіші сержант Асхат Абдулманат, әскерге 2010 жылы Талдықорған қаласынан аттанып, соңғы 1 жыл аралығында Ақтау қаласында борышын өтеп жүрді. Отбасында 3 баланың әкесі еді.
Ефрейтор Мирас Жұматаев, 2011 жылы Талдықорған қаласынан әскерге шақырылып, Ақтаудағы №30153 әскери бөлімде қызмет етті. Үйленбеген.
Ефрейтор Қуаныш Сарқытбаев, Кербұлақ ауданының тумасы, 2007 жылдан бері әскерде, Ақтаудағы №30153 әскери бөлімде қызмет етіп келді. Марқұмның артында 2 баласы қалды.
Ефрейтор Айдын Абдилдинов, Талдықорған қаласында туып-өскен, 1999 жылдан бері әскери қызметкер болған. Үйленген, 2 баланың әкесі.
Лейтенант Аслан Айтбаев , әскерге Іле ауданынан шақырылған.
Тікұшақ бортында қаза тапқан кіші сержант Асхат Абдулманаттың соңында 4 баласы қалды. Марқұмның отбасы Талдықорған қаласында тұрады. Жауынгер бұған дейін Талдықорғандағы әскери әуе базасында қызмет еткен екен. Жыл басынан Ақтауға ауысқан. Тікұшаққа мінер алдында отбасымен WhatsApp желісі арқылы байланысқа шыққан Асхат "Қазір аспанға көтерілеміз. Уайымдамаңдар" деген бейнежазба қалдырыпты. Арада бірнеше сағат өткенде әскерилер келіп, кіші сержанттың қазасын естірткен.
"Ұлымның қаза болғанына сене алар емеспін. Ол елдің тыныштығын қорғау үшін отбасынан жырақта жүрді ғой. Неге бейбіт күнде жауынгерлер қаза табады? Ақтауға кеткісі келмеп еді, отбасын, 4 баласын қимай-қимай кеті педі. Бұйрыққа бағынғасын барды. Ол жақта баспана мәселесі де қиын болды. Отбасын көшіріп алғысы келіп жүрді. Енді немерелеріме не айтамын?",– дейді қайғыдан қабырғасы сөгілген Асхаттың анасы Сақыш Баймұрзина.
Қайғылы оқиғадан кейін жедел кеңес өткізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтып, шейіт кеткен сарбаздардың отбасына метериалдық көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Дәл осындай уәдені марқұмдардың отбасымен Қорғаныс министрлігінің атынан кездескен Талдықорғандағы 21/751 әскери бөлім командирінің орынбасары Бекболат Жұмабаев та берді. Оның айтуынша, қаза болған әскери қызметішілердің туған-туыстарына материалдық та, моральдық та көмек көрсетіледі. Қорғаныс министрлігі жауынгердің отбасы тұрып жатқан үйді жекешелендіріп бермек немесе оларға баспана сатып алу үшін қаржы төлейді. Басқа да әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдер жасалмақ. Жерлеу шығындарын да әскери ведомоства өз мойнына алған.
Бүгін Талдықорған қаласында өткен марқұмдардың жаназасына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылдандары дініи басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.
"Қарулы Күштер қатарында қызмет ету тәуекелі мол міндет. Біз қажет кезінде Отан алдындағы борышымызды атқару үшін өмірімізді қиюға дайынбыз. Алайда осындай бейбіт уақытта азаматтарымыздың қаза табуы жанымызға қатты батты. Марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Мемлекет қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған жауынгерлердің отбасына, бала-шағасына заң бойынша тиесілі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етіп, жан-жақты көмек көрсететін болады. Бұл көмек біржолғы көмек болмауы керек. Әскерилеріміздің туған жеріндегі әскери гарнизон басышларына олардың отбасын қамқорлыққа алып, балаларының өсуіне, тәрбиеленуіне белсенді атсалысуды тапсырамын" деді өз сөзінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев
Гүлжан Амангелдіқызы