Жеткіліктілік шегінің өсуіне орай зейнет жасын төмендету ұсынылды

10931

ТЖШ-нің жаңа мөлшері жағдайында қазақстандықтар зейнет жасына қажетті соманы 39 жасында-ақ "жинап" болады. 

Жеткіліктілік шегінің өсуіне орай зейнет жасын төмендету ұсынылды

"55-тегі кісінің тісі түсіп, ісінен мән кетеді"

Ел Үкіметі, Ұлттық банк, БЖЗҚ және Еңбек министрлігінің шенеуніктері күні кешеге дейін қазақстандықтар 59-62 жасқа жеткенше, ең болмаса, 5 560 000 теңге зейнетақы жарнасын жинап үлгерсе, жеткілікті деп келді. Бір апта ішінде елдегі экономикалық ахуал еш өзгермеді. Қаржыгерлер тілімен айтқанда, теңге бағамының "әткеншегі" сол бұрынғыдай әрі-бері тербелуде. Бірақ елде тосын девальвация болған жоқ. Бағасы біршама төмендеген мұнайдың құны қайта көтерілуде. Ол да алапат құнсызданған жоқ. Батыс не басқа елдер Қазақстанға санкциялар енгізген жоқ.

Демек 5,6 миллион теңге әлі де болса, жеткілікті. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жариялаған, 2022 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жаңа "төменгі жеткіліктілік шегінде" (ТЖШ) 39 жастағылардан 5 640 000 теңге зейнетақы жинағын жинау талап етіледі.

Осыған орай қоғам белсенділері Үкіметке ұсыныс жолдап, зейнеткерлікке шығу жасын азайтуды ұсынуда. Әрине, 39-ға дейін емес, 58-ге дейін. Дәлел-дәйектемелері мықты: елде және әлемде бұрын ешкім күтпеген, мамандар өз есептемелерінде ескермеген пандемия жайлады. Мұндай жағдайда қазіргі зейнет жасына көп адам жете алмауы мүмкін.

"Қазақстан Үкіметі 1996 жылдан бастап алғаш рет ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеруге кірісті. Тиісінше, 2001 жылғы 1 шілдеден ерлер – 63, әйелдер – 58 жастан зейнеткер атана алатын болды. Ол экономика өрлей бастаған кез еді. Алайда 2018 жылғы қаңтардан бастап, әйелдердің жасын кезең-кезеңмен тағы 5 жылға көтеруге шешім қабылданды. Осылайша, ерлердің зейнеткерлік жасын жалпы алғанда – 3, ал әйелдердікін – 8 жылға көтеріп жіберді. Биліктің анаға деген құрметі осы ма?!  Мұны әділетсіздік деп санаймыз. Әйелдердің конституциялық құқықтарын ашықтан ашық таптауда", – деді қоғам белсендісі Ольга Смирнова билікке хатында.

Ол өтінішінде нәзік болмыс иелерінің денсаулығына арналған зерттеулерге және медициналық байламдарға сілтеме жасады.

Билік не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуына қарсы екенін білдірді.

"Зейнеткерлік жасын төмендетуге келсек, бүгінде ерлер үшін 63 жас межесі белгіленген. Әйелдер биыл 60 жаста шыға алады. Бірақ 2027 жылға дейін бұл жас бірте-бірте 63-ке дейін көтеріліп, ерлермен теңестіріледі. Қазақстанда зейнетақы төлемдері еңбек өтілімен тікелей байланыстырылған. Мәселен, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс шегінің 54%-ы көлемінде зейнет жасына жеткен барлық азаматқа беріледі. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі көп болған сайын 100%-ға дейін өседі. Ал ынтымақты зейнетақы бірте-бірте кемітіліп, жойылуда. Өйткені ол жинақтаушы жүйе енгізілгенге, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі барларға ғана тағайындалады", – деді С. Шәпкенов.

Оның айтуынша, ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюын енді жинақтаушы зейнетақы өтеуге тиіс. Тиісінше, азаматтардың аударатын міндетті зейнетақы жарналарының көлемі көбеюі шарт.

"Азаматтың зейнетақы жарналарының көлемі неғұрлым көп, аудару мерзімі ұзақ болса, зейнетақысының мөлшері де соғұрлым көбірек болады. Осылайша, ерлер мен әйелдердің зейнет жасын бірдейлендіру – бюджет қаражатын үнемдеу үшін жасалып отырған жоқ, ол әйелдердің алатын зейнетақысының көлемін ұлғайту үшін керек", – деді министр.

Ол әйелдерге ертерек зейнетке шығу жолы барын ескертті. Ол үшін бай болуы не жоғары жалақылы қызмет атқаруы қажет.

"Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде зейнеткерлікке әлдеқайда ерте шығу мүмкіндігі бар. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналары жеткілікті болса, онда зейнетақы аннуитетін пайдалануға құқылы. 2021 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, зейнетақы аннуитеті келісімшартын бекіту жасы төмендетілді. Бүгінде 45 жастан басталады. Бірақ аннуитеттік төлемдер ерлер үшін – 55, әйелдер үшін – 52 жастан бастап төленеді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ол БҰҰ деректеріне сүйеніп, Қазақстан халқының саны 2050 жылы 24,7 миллион адамға жетеді деп болжанып отырғанын айтты.

"Халықтың көбеюі егде жастағы адамдар үлесінің артуымен қатар жүреді. БҰҰ болжамынша, 65 және одан ересек адамдардың үлесі елде екі еседей ұлғаяды. БҰҰ жас шкаласы бойынша Қазақстан халқы "кәрі" деп есептеледі. Халықтың қартаюы жағдайында зейнетақылық қамсыздандыру саласын қаржыландырудың көзі – не салықтарды жаппай өсіру, не міндетті зейнетақы жарналарының пайыздық ставкасын ұлғайту болады", – деді Серік Шәпкенов.

Ол Ресейдің де, Әзербайжанның да 2028 жылға дейін зейнетке кету жасын әйелдер үшін – 60, ерлер үшін – 65 жасқа дейін бірте-бірте көтеретінін еске салды. Грузияда қазірдің өзінде ерлердің зейнеткерлік жасы – 65, әйелдердікі – 60. Латвия ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 2025 жылға дейін 62-ден 65-ке ұлғайтады.

"Күміс жас" дегені көзбояу емес пе?

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін есептеуде бірқатар жеңілдік қарастырылғаны алға тартылды. Жұмыс істемейтін ананың әрбір баласын 3 жасқа дейін күтуі өтілге жатқызылады. Бірақ қанша баласы болса да, олар үшін есептелетін өтілдің жалпы саны 12 жылдан аспайды. Азаматтың І топ мүгедегіне, ІІ топтағы жалғызбасты мүгедекке, өзгенің көмегіне мұқтаж жасы бойынша зейнеткерге, немесе 80 жасқа жеткен қарияға күтім жасау уақыты да өтілге есептеледі.

Еңбек министрі зейнет жасы, жеткіліктілік шегі халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделгенін жеткізді.

Министр қоғам өкілдерінің "зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға қордағы бүкіл зейнетақы жинағын бір төлеммен, толық көлемде шешіп алуға құқық беру" жөніндегі ұсынысты да құптамады.

"Бұл тәртіп зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға, бюджет есебінен және жинақталған зейнетақы жинағы есебінен берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін көбейтуге бағытталған. Басқаша айтқанда, салымшы құрметті демалысқа шыққаннан кейін мембюджеттен де, БЖЗҚ-дағы жинағынан да ай сайын зейнетақы алып отырады. Зейнетақы жинақтары – қатаң нысаналы ақша, ол әрбір салымшының қарттығын қамсыздандыруға бағытталған. Сәйкесінше, зейнеткерлікке шыққан соң зейнетақы жинағын толық алып қоюға жол берілмейді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Шәпкенов.

Ол зейнеталды жастағы азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында, Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жоспары аясында "Күміс жас – Серебрянный возраст" жобасын енгізу жоспарланғанын жеткізді. Онда зейнеталды жастағылар үшін жұмыс орындарын құру және жалақысының 50%-ына дейін бюджеттен қоса қаржыландыру белгіленген. Министрдің пікірінше, бұл тетікті енгізу "зейнеталды жастағы адамдарға зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істеуге, сол арқылы өзі үшін лайықты қарттықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс".

Алайда Ұлттық жоспарда аққұла дәл осы бағдарламаға не республикалық, не жергілікті бюджеттен ақша бөлінбеген. Оның үстіне "Күміс жас" іске қосылғанның өзінде онымен жылына небәрі 5 мың адамның ғана жалақысын қоса қаржыландыру көзделген. Жалпы билік бұдан бұрын зейнеткерлік жасын көтергенде зейнеталды жастағы азаматтарды жұмыспен қамту шараларын қабылдауға уәде еткен. Алайда бұл санаттағы қазақстандықтар сол бойы қолдау көрмей, өз проблемасымен жалғыз қалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу