Жетпісінші жылдардың жарық жұлдызы – "Жар"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
7062

Әлжан Жармұхамедов! Ғажап адам! Аңыз спортшы!

Жетпісінші жылдардың жарық жұлдызы – "Жар"

1962 жылы Шыршық қаласындағы зауытта жұмыс жасап жүрген кезінде екі саусағының басын (оң қолындағы) станок кесіп кетеді. Баскетбол добын қолына енді алып жүрген кезі... Сонда да допты ұршықша үйіріп, Олиампиада чемпионы болды.

Әлгі зауытта жүріп, арнайы көзілдіріксіз (маскасыз) дәнекерлеу жұмысына қатысып, көру қабілеті нашарлай бастайды. Ал 1972 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін көру қабілеті күрт төмендеп кетеді. Сонда да линзамен ойнап, шығыршықты дәл көздеген – теңдесіз баскетболшы...

Әкесі Мүсірбек ашаршылық кезінде Қызылорда өңірінен Табақсай ауылына қоныс аударған. Шыршық бойындағы электростанса салушылармен Ташкент пен Гүлстан арасындағы Ортаазиялық каналды қазып, еңбек еткен. Сол жерде жұмыс жасап жүріп, Украинадан келген запорожье казагы Прасковьямен танысып, отау құрған. Өзі "әкем – қазақ, бізде, яғни қазақта ұлтың да, руың әкеңнің қаны бойынша таратылмаушы ма еді?! Елде шаруам жоқ, өз басым өзімді туғалы қазақпын деп санаймын. Қай елде, қай жерде тұрсам да, жүрегім "мен қазақпын" деп соғады", – дейді...

Әлжан аға 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданына қарасты Табақсай  ауылында дүниеге келген. Тоқырау замандағы солақай саясаттың кесірінен, елуінші жылдардың екінші жартысында бұл аудан Өзбекстанға беріледі. Соның кесірінен Жармұхамедовтің қазақ екенін білмейтіндер көп болған...

Әлжан Мүсірбекұлы 1965-1980 жылдар аралығында баскетболдан КСРО құрамасының сапында ойнады. 1972 жылы Мюнхенде байрағы желбіреген ХХ Олимпиада ойындарында тарихи жеңіске қол жеткізген Кеңес Одағының айбынды командасы сапында өнер көрсеткен. 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегер атанып, 1980 жылы Мәскеу Олимиадасына қатысқан. 1978 жылы Манилада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегер атанып, 1970 жылы Люблянеде жалауы көтерілген әлем чемпионатының қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар үш дүркін Еуропа чемпионы атанды (Хельсинки-67, Эссен-71 /Германия/, Турин-79). Ал ЦСКА командасының сапында КСРО-ның 10 дүркін чемпионы болғаны өз алдына бір төбе.

Кейінгі жылдары Мәскеу Гуманитарлық университетінің қыздар командасын жаттықтырған. Сергей Беловпен бірге Ресейдің ерлер құрамасын жаттықтырып, 1994 жылы Канададағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге, ал 1997 жылы Испаниядағы Еуропа чемпионатында қола жүлдеге ие болуына үлес қосқан. Ардагер баскетболшылар арасындағы додалардың көрігін қыздырып, екі рет Олимпиада, екі рет әлем және үш рет Еуропа біріншіліктерінің жеңімпазы атанды. Отставкадағы майор.

Әлжан-аға – спортпен айналысуды өте кеш бастаған жан. Баскетбол добын қолына алғаш рет 17 жасында (!) ұстаған. Сотқалдай жігіт болып, жұмыс жасап жүрген кезінде бойының ұзындығына қызыққан спорт мамандары оны Ташкенттегі Дене тәрбиесі институтына түсіреді. Ауылда өскен қазақ баласының жастайынан шаруаға бейім болатын әдеті емес пе? Әлжан-аға баскетбол добын қолына кеш ұстаса да, екі-үш жылда оны иегеріп, алақынында ұршақша иіріп, нағыз хас шебердің өзі болып шығады. 1965 жылдан бастап, КСРО мамандарының көзіне ілігеді.

Әлжан-ағаның өміріндегі енді бір таңғаларлық және мақтан тұтарлық тұсы – КСРО құрамасының сапындағы ең үздік ойыншыға айналуы. Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде өте жоғары деңгейдегі ойыншыға айналып, "Түркістан әбжыланы" аталады. Кеңес Одағы сапындағы баскетбол жұлдыздары мен бапкерлері оны көбінесе тегін қысқартып, "Жар" дейті...

Айтпақшы, 1972 жылы Мюнхенде Олимпиада чемпионы болған дедік қой. Финалда КСРО құрамасы азуын айға білеген АҚШ баскетболшыларынан басым түсіп, кейіннен дәл осы ойын жайлы көркем фильм түсірілді. Спорт әлемінің ең ғажайып сәттерінің бірі ретінде жанкүйерлер жадында мәңгілікке сақталып қалған және тарихқа өшпес із қалдырған осы матчта қазақтың бойы сырықтай қайсар жігіті Кеңес Олдағы құрамасындағы баскетболшылардың бәрінен де көп ойнапты. Әлжан Мүсірбекұлы бұл матчта төрт-ақ минут дем алып, қалған уақытта алаңда болған.

Құс төресі қаса сұңқар да қай қияда жүрмесін, өзі түлеп ұшқан ұясына жылына бір рет соғып, бір күн түнеп, мауқын басады екен. Ал Әлжан-ағаның туған еліне келе алмай, сыртта егіліп жүргеніне неше жыл болды?! Рас, соңғы жылдары Әлжан ағаны отандастарым арасында іздестіріп, қазақ екенін жалпақ жұртқа жария етушілер табылды һәм олардың саны көбейе түсті. Солар шақырған сайын, Жармұхамедов туған еліне құстай ұшып, аңсары ауып, сағынып жүретін атажұртына келіп, туған елімен қауышып, мауқын басады. Жақында тағы да келді...

Алматыға бір келгенінде "Көзінің тірісінде әкем марқұм “Мүмкіндігінше, туған жерге барып, өз еліңнің намысын қорға. Түбі атажұртқа қайтқан жөн” деген аманатын айтып отыратын. Бірақ бұл арманыма жете алмадым", – деп күрсінгені бар. Жас кезінде Алматыға түпкілікті ауысып кеткісі келгенімен, солақай саясат пен тағдырдың тәлтегінің кесірінен туған еліне тастай батып, судай сіңіп кетудің сәті түспей қояды...

Баскетболшы ретінде жарқ етіп көзге түсе бастағанында, ЦСКА мен оның беделді бас бапкері қалайда өздеріне ғана алуды ойлайды. Жоғары жақтың қалауымен, Қорғаныс министрінің орынбасары, маршал Соколовскийдің бұйрығымен әскерге алынып, Мәскеуден бір-ақ шығады. Сонымен қатар, КСРО халықтарының Спартакиадасында Өзбекстан тек өздерінің намысын қорғағанын қалап, қисынын келтіртпейді...

Енді, тек анда-санда келіп-кетіп жүр. Атажұртында көшіп келудің сәті әлі түсер емес. Қазақстанға бір келгенінде, студенттерге шеберлік сабағын өткізді. Кездесу соңында домбырамен ән айтылды. Сол кезде Әлжан-аға тырп етпей, қалың ойға шомды, көзі жасаурап кетті.

Кейіннен сұрағанымызда "Домбырамен ән айтылғанда көз алдыма әкем келді. Ол да домбыра тартып, аздап ән айтатын. Кезінде маған да домбыра үйреткен. Бірақ менің музыкаға қабілетім жоқ екен. Бір-екі әнді тартқан болдым, алайда алып кете алмадым. Әлгінде айтылып біткенше, көз алдыма домбыра тартып отырған әкемді елестетіп отырдым", – деді.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу