Жезқазғанда мерейтойлық медальмен марапаттау соңы жанжалға ұласты

15438

Желтоқсаншыларды "жалған" медальмен қошеметтеу қаншалықты заңды? Биліктің ісі арға сия ма? 

Жезқазғанда мерейтойлық медальмен марапаттау соңы жанжалға ұласты

"Бұлар бүгін өз медалін шығарады, ертең төл ақшасын шығармай ма?"

Бәрі қатардағы баспасөз хабарламасынан басталды. Өткен аптадан бері Нұр-Сұлтаннан бастап, еліміздің барлық өңірінде, әртүрлі ұжымдарда мемлекеттің мерейтойына орай таңдаулыларға мемлекеттік наградалар тапсырылып, ерекше құрмет-көрсету шаралары жүргізілуде.  

Осы орайда Жезқазған қаласының әкімдігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өткені туралы жаңалығын жария етті. Бұл Жезқазған қаласының әкімдігі мен "Қазақмыс" корпорациясы жанындағы "Nur Otan" партиясының филиалының бірлескен жобасы екен.

"Тәуелсіздік – бұл сөздің мағынасы өте терең. Бұл қазақстандықтардың бірнеше ұрпағының өмірі, еңбегі, ұмтылыстары, армандары мен әрекет-амалдары. 1986 жылы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін күрескендердің көбі, бүгінгі күні еліміздің белсенді азаматтары болып қалуда, туған қаласы мен өңірінің дамуы мен гүлденуіне үлестерін қосып келеді. Салтанатты жиналыстың құрметті қонақтары – Желтоқсан оқиғасына қатысқан жезқазғандықтар. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров жиналғандарды Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғамен құттықтады. Қала басшысы тәуелсіздік жылдары еліміз қол жеткізген басты құндылықтарды баяндап, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың рөлін атап өтті және туған жерге шынайы сүйіспеншілігі, отаншылдығы, ержүректігі мен табандылығы үшін оларға ризашылығын білдірді", – делінген ақпарат құралдарына таратылған және әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми аккаунтында жарияланған баспасөз хабарламасында.

Салтанатты жиында "Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға құрмет ретінде "Тәуелсіздік жаршысы" естелік медалі мен ақшалай сыйлықтар табыс етілген".

Жезқазғандықтар әдеттегідей, әкімдіктің бұл шарасын да сынға алды.   

Жанжалды жиынға қатысушылардың бір бөлігі көтерген көрінеді. Олар өздеріне берілген марапатқа Тоқаевтың қол қоймағанын біліп, ренжіген екен. Даулы мәселе әлеуметтік желіге тарап, жанжал туғызды.

"Менің Жезқазғандағы әріптесім Мақпал Орынбеттің еншісіне жалған медаль тиіпті. Көшедегі көрінгеннен емес, әкім Қайрат Әбсаттаровтың жеке өзінен. Әріптестерімнің түсіндіруінше, әкім мемлекеттік наградалар туралы заңды бұзып отыр. Бүгін Жезқазған әкімдігі қолдан жасалған медальсымақтарды шығарады екен, ертең ол өзінің ақшасын баса бастамай ма? Бассыз жіберсе, болашақта оның автономия құрып алуы да ғажап емес қой? Сонда бізде тағы бір президент пайда болады. Әбсаттаров деген", – деп кекете жазды әлеуметтік желідегі парақшасында қарағандылық журналист Ботагөз Омарова

Ол әкім мұны ел қаржысына жасап отыр деп жорамалдайды.

"Жалпы Қайрат Бектайұлы нағыз азамат. Бәрін марапаттады депутаттарды да, қоғам өкілдерін де. Дұрыс. Өз ақшасына емес, сіз бен біздің ақшамызға тапсырыс берсе керек. Ал әріптесім Мақпал Орынбетованы шын пейілмен құттықтаймын. Сіз Желтоқсан оқиғасына қатыстыңыз. Құзырлы құрылымдардың қудалауында болдыңыз. Сынға сынбадыңыз. Тәуелсіздік күнімен, Мақпал", – деп түйіндеді Б. Омарова.

Қарағандылық қоғам белсендісі, өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі ретінде таныстырып жүрген Ринат Бикаев та осы мәселеге назар аудартып, әкімге тиісті.

"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров қалалық мәслихат депутаттарына және қаланың қоғамдық қайраткерлеріне аталған датаға және мемлекеттік мерейтойға орайластырылған төсбелгілерін табыстады. Алайда бірқатар қайраткерлер мен депутаттар, желтоқсаншылар мерейтойлық төсбелгілер мен оның куәлігі қолдарына тие салысымен, оны қабылдаудан бас тартты. Оны аз десеңіз, куәлікті жыртып, төсбелгілерді лақтырып тастады. Олар мұны қолдан жасалған медаль деп тауып, әкімнің арсыздығын айтып отыр", – деп жазды Р. Бикаев

Оның байламынша, қала әкімі "ҚР мемлекеттiк наградалары туралы" заңын және "ҚР Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы" қаулысын бұза отырып, "өз бетінше бұл медальдарға тапсырыс беріп, оған өзі қол қойған, өзі тапсырған".  

"Сонда Әбсаттаров Президенттің, Үкіметтің және үкіметтік комиссияның функциясын өзіне шақтап көрген болып шыға ма? Менің тұспалдауымша, жалған төсбелгілер Әбсаттаровтың төл қаражатына жасалмаған, оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген болса керек. Қала әкімі депутаттарды, қоғам қайраткерлерін және басқаларын өз бастамасымен, қолданыстағы заңнамалардың нормалары мен баптарына қайшы түрде әзірленген фейк төсбелгілермен марапаттап шыққан болып тұр", – деп жорамалдайды Ринат Бикаев.

Бұл хабар қазақстандықтарды екіге жарды. Бір тобы әрине, әкімнің ісін ұятты санайды.

"Мемлекеттік награданы осылай абыройдан айыруға бола ма? Ол сонда өзін кім деп санайды?", "Жезқалада өзін патшадай сезінетін болса керек", "Қала әкімі бүгін медаль, ертең ордендерін шығаратын болар, мүмкін, өзінің "Халық қаһарманы" белгісін де жасап қойған шығар. Мемлекеттік награда да ойыншық болғаны ма сонда!" дейді олар.

"Мұнда тұрған ештеңе де жоқ!", "Бұл Үкімет бекіткен мемнаграда емес қой, мерейтойға орай әкімнің құрмет-қошеметі" дейді екінші жақ. Олар "тырнақ астынан кір іздемеуге", "желтоқсаншылардан естелік белгіні қызғанбауға" кеңес берді. Әкім қолынан төсбелгіні алғандардың біразы оны қуана-қуана қабылдаған көрінеді. Шу көтергені бірен-сараны екен.

"Әкім мемлекеттің квотамен марапаттағандары қатарынан сырт қалғандар ішінде де лайықты адамдар бар деп есептеген ғой. Жігіт екен. Жалпы әкімдерге бюджет есебінен медальға тапсырыс беріп, Президенттің өңірдегі өкілі ретінде табыстауға құқық беру керек. Әйтпесе, мемнаграда берілгендер қатарына ілікпей, ұмыт қалған, мемлекетке ренжіген тұлғалар өте көп. Олар да тәуелсіздікке үлес қосты", – дейді тұрғын Алмагүл Сәлімбаева. 

Әкімнің әрекеті заңға қайшы ма?

Жанжалға орай Жезқазған қаласының әкімдігі түсініктеме берді.

"2021 жылы еліміз маңызды мерейтойлық датаны – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Бұл ретте біз үшін тағы бір дата – Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы да үлкен мән-маңызға ие. Мерейтойлық жыл ішінде әртүрлі іс-шаралар, желтоқсаншылармен кездесулер ұйымдастырылды. Онда олар өз проблемалары мен тілектерін айтуға мүмкіндік алды. Ақтау туралы куәліктері бар Желтоқсан оқиғасының қатысушылары жоғарғы наградаларды иеленді. Сонымен бірге осы мерейтойлық кезеңде бірде-бір желтоқсаншы назардан тыс қалмауы үшін Жезқазған қаласында "Тәуелсіздік жаршысы" естелік белгісі жасалды", – деп мәлім етті әкімдік.

"Мемлекеттік наградалар туралы" заңының 42-бабына сәйкес, "Сыртқы түрi жағынан Қазақстанның мемлекеттiк наградаларына ұқсастығы бар ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгiлер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды, сондай-ақ Құрмет грамотасын тағайындауға және жасауға тыйым салынады".

"Жезқазғанда шығарылған естелік белгілердің мемлекеттік наградаларға ұқсастығы жоқ және олар мемнаграда болып табылмайды. Олар мерекелік іс-шараларда табысталды. Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қала басшылығының бұл қошеметін жоғары бағалады. Бұған әлеуметтік желідегі көптеген комментарий мен посттар айғақ. Желтоқсаншылар – халық пен елдің тәуелсіздігі үшін күрескен адамдар. Олардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі етілуге лайық. Желтоқсан оқиғасы ел тарихының қайғылы, бірақ өте маңызды беті. Ол Қазақстанның азаттығының жаршысына айналды. Біз бұл датаға және желтоқсаншыларға үлкен құрметпен қарауға тиіспіз", – деп түйді жергілікті әкімдік.

Заңгер Азамат Төлеуов бұл жерде өрескел заң бұзушылық жоқтығын айтады.

"Жалпы Мемлекеттік наградалар туралы заңда да, Үкіметтің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы №1539 қаулысында да әкімдер төсбелгі шығармасын деген тыйым қарастырылмаған. Бірақ әкім естелік төсбелгінің куәлігіне қол қоймауы керек еді. Себебі ол Президенттің жергілікті жердегі өкілі, саяси қызметші. Бізде тіпті қарапайым лауазымды тұлғаның "визиткасына" соның автографын қойғызып алып, сонымен мысалы, жол полициясын, тергеушілерді қорқыту, доқ көрсету деректері кездеседі. Әрине, марапатталған құрметті азаматтар ондай қылыққа бара қоймас, сонда да әкім мырзалар сақ, сауатты болғаны, ресми емес құжаттарға қол қоя бермегені жөн", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, "Тәуелсіздік жаршысы" секілді естелік медальдардың мемлекеттік статусы мен салмағы жоқ. Ешқандай жеңілдік те берілмейді. Бірақ олар мысалы, фалеристика мақсатында, яғни медаль, орден, төсбелгілерді жинайтын коллекционерлер үшін құнды болуы мүмкін. Тиісінше, нарықта сатылады. Демек куәлікті жыртып, төсбелгіні бұзу секілді тірліктер – артықтау болғанға ұқсайды. Бәлкім, бұл – нағыз мемлекеттік наградадан қаққан биліктің қызымыр тірлігіне наразылықтың бір түрі болса керек.

Ұлттық банктің "Қазақстан Теңге Сарайының" мәліметінше, мұндай естелік медальдердің, төсбелгілердің әр данасын 2 мың теңгеге, егер атласты лентасымен болса, 7,4 мың теңгеге жасатуға болады. Бұл – көтерме баға. Егер тек 1 данасы ғана қажет болса, ол екі еседей қымбатқа, 5 және 12 мың теңгеге түседі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу