Жезқазғандағы "Дидар" телеарнасы жекеменшікке сатылды

4359

Бұған ұжым қарсы. Неге?

Жезқазғандағы "Дидар" телеарнасы жекеменшікке сатылды

Өткен жылдың  30 желтоқсанында Жезқазғандағы "Дидар" телеарнасы сатылып кетті. Бұған ұжым қарсы. Неге?

ҚР үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы "2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселесі туралы" №1141 қаулысына сәйкес, бәсекелестік ортаға шығару көзделген коммуналдық меншіктегі мекеме тізімінде кейбір аймақтық БАҚ та бар. Қазақстан бойынша оның ұзын-ырғасы 30, мұның 18-і Қарағанды облысында. Жезқазғандық "Дидар" телеарнасының басшысы Базарбай Әлеуханұлының айтуынша, "Дидардан" басқа БАҚ дін аман!

"Елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орнын ескерген, саяси маңызына мән берген үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған аймақтық БАҚ біткенді аталмыш тізімнен алып тастау туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2016 жылы 24 қарашада ұсыныспен шығып, Елбасы оны қолдады. Сосын премьер-министр тарапынан тиісті министрлік пен облыс әкімдеріне нақты нұсқау беріліп, оның орындалуын бақылау вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовке тапсырылды. Бұл құжаттар Қарағанды облыстық және Жезқазған қалалық әкімдігінде бар.

Бірақ, жергілікті билік берілген пәрменге пысқырып та қарамады. Елбасы мен үкімет басшысының нұсқауын мүлтіксіз орындаудың орнына, телеарнаны асығыс сатып жіберді. Сөйтіп 51 млн теңгенің нысаны 38 млн теңгеге жуық ақшаға сатылып кетті. Ал алған кім? "Жезқазған әкімдігі жанындағы "Әкімшілік ғимарат кәсіпорны" АҚ басшысы!" - дейді "Дидар" телеарнасының басшысы Базарбай Әлеуханұлы.

Жалпы "Дидарды" саудаға салғанды қалың көрермен де қолдай қоймаған көрінеді. Мәселен кезінде кейбір көксоққанның қанжығасында кете жаздаған қазақ тілінің жоғын жоқтаған ақсақал Асқар Ермекбаев Жезқазғанның маңдайына біткен жалғыз телеарнаның тағдырына қабырғасы қайысып, қала әкімі Батырлан Ахметовке былтыр қарашаның ортасында былай деп сөз арнаған:

"Қарағым, Батырлан! Жезқазған облыс мәртебесінен айырылғалы көрешекті көріп келеді. Басқасын айтпағанда, ауыз су сапасыз, жолдың түрі анау. Қала тозып барады. Арамшөп қаулап, қоқыс басып кетті. Осы шаруаны түзеу орнына, мұң-зарымызды айтып, көңілімізді көтеретін, сөзімізді сөйлейтін "Дидар" телеарнасын аяқ астынан сатпақшы екенсің. Ұят қайда?! Қолда өскен баласың, халықтың бетіне қалай қарайсың ертең? Әкім кезімде не бітірдім дейсің? Ойлан, Батырлан!"

Телеарнаның бас редакторы Елдос Кәкенов: "Ешкімге ешқандай қарызы жоқ. Қызметін көрсеткенге қала әкімдігі төлейтін азын-аулақ тиын-тебен болмаса, жергілікті бюджетке де алақан жайған емеспіз. Елбасы ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге қатты көңіл бөліп отырғанда, аймаққа танымал ақпарат көзінің жекеменшікке өтіп кетуін түсінбей қалдық", - десе, мекемедегі кәсіподақ төрағасы Нұрлан Исмаилов: "Телеарнада 40 адам қызмет етеді. 15 келіншек жас бөбегін бағып, декреттік демалыста отыр. Бәрі болашағына алаңдайды. Себебі сатып алушының келешекте телеарна қызметінің бағытын өзгертпесіне ешқандай кепілдік жоқ", - дейді.

Әріптестері тап болған тағдыр тәлкегіне жергілікті журналистер не дейді?

Ізтай Белгібай, журналист: "Дидарға" қиын болды. Елбасының БАҚ-қа байланысты нұсқауына қала әкімдігінің құлақ аспағаны қызық екен".

Төлеш Асантегі, журналист: "Өзін-өзі ақтап келе жатқан БАҚ жекеге өтпеуге тиіс! "Дидар" - табысты құрылым".

Журналист Амандық Рахұлы: "5 қаңтарда телеарна басшысы Базарбай Әлеуханұлы қалың көрерменге тікелей эфирден ресми мәлімдеме жасады. Үкімет басшысының пәрменін қаперге алмай, ұжымды алаң күйге түсіріп қойған Жезқазған әкімдігінің бұл әрекетіне араша түсер жан бар ма? Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов пен Ақпарат министрі Дәурен Абаев бұл келеңсіздік жөнінде біле ме екен?".

Журналист Абдолла Дастанов: "Елбасы айтса, оған қарсы шығатындай шенеуніктің басы екеу емес шығар?! Бұл жерде бір шикілік бар, меніңше...".

Сол "шикіліктің" шеті шығып қалар деп, Жезқазған қалалық әкімдігіне сұрау салған едік, Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкаядан мынандай ақпарат алдық: "Үкіметтің жоғарыдағы қаулысына сәйкес, Жезқазғанда жеті нысанды жекешелендіру қарастырылған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бекіткен кесте бойынша соның алтауы былтыр иесін табуға тиіс болатын. Соның бірі - "Дидар".

Жекешелендіру ҚР үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен бекітілген жекешелендірілетін нысанды сату ережесіне сәйкес жүргізілді. Ол 51 013 130 теңгеге бағаланды. Алғашқы екі сауда-саттық қажетті қатысушы болмағандықтан өтпей қалды. Ал үшіншісінде бастапқы бағасы 12 753 283 теңгеге өзгерген "Дидар" тендер қорытындысында 37 651 970 теңгеге сатылды. Жеңіске жеткен жеке тұлға - жезқазғандық кәсіпкер Мағауия Мизанбаев".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу