Тұрар Бекмырзаев сол маңдағы апатты деп танылған үйдің бірінде тұрады. Үйінің жайын бес саусағындай білетін ол жауаптылардан уақытша баспана да сұрап көрген.
"Балаларым үшін қорқамын" деген ол қабырғасы сөгілген үйдің қашан бұзылатынын болжай алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мен тұратын Тасбөгет кенті орталығында орналасқан Наурыз көшесіндегі екі қабатты 28-үй апатты деп танылған. Көне үй қанша жаңартқаныңмен қалыпқа келмейді екен. Әйтпесе, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, үйіміз болған соң сәнді болғанын қалаймыз. Осында тұрып жатқандықтан, үйдің қазіргі жағдайын толық білемін. "Естігеніңді емес, көргеніңді айт" деп бекер айтылмаған ғой. Жағдай көріп тұрғаныңыздай, басқа не айтуға болады? - деді шарасыз тұрғын.
Жақында ғана шаңды жел Тұрар тұратын тұрғын үйдің шатырын ұшырып жіберген. Сүйкімі кеткен тұрғын үйдің одан сайын сұрқы қашыпты. Ең жаманы, шатыры әлі қалыпқа келтірілмеген.
Сенесіз бе, сәл жел тұрса терезелер сықырлап кетеді. Жақында ғана табиғи апаттан үйдің шатыры ұшып кеткен еді. Ол әлі сол күйінде тұр, қалыпқа келтіруге тұрғындардың шамасы жоқ, жауаптылардың уақыты жоқ сияқты. Осы күні шатырсыз үйдің есіктері де сәл жел болса сықырлайтынды шығарды. "Еститін мемлекет, құлақ асатын үкіметтің бары қайда? Ашынғанда шығады ащы тілің деген осы екен. Мен балаларым үшін қорқамын, - дейді Тұрар Бекмырзаев.
Әңгіме барысында төмендегі көршісінің от жағатынын, ал екінші қабаттағы өз үйі газбен жылитынын айтып қалды. Сондай-ақ, жаңбыр жауса мұндағы тұрғындардың зәре-құты қалмайды екен. Жертөледен шығатын жаман иістің жайы бір бөлек.
"Тұрғындардың бірі газ пайдаланады, енді бірі от жағады. Мәселен, менің үйім көгілдір отынға қосылған, көршім от жағады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Бір жағдай болса, кімді кінәлаймыз?" деген ол сөзін былайша жалғастырды.
Жаңбыр жауған күні бөлмелердегі электр жарығы бойынан су ағады. Құдай бетін әрмен қылсын, түнде өрт шықса, білмей де қаламыз ғой. Төрт балам бар, соларды уайымдаймын. Үйдің кезегіне тұрдық. Жаңа үйді қашан берері беймәлім. Әкімдікке барып, уақытша баспана сұрап та көрдім, хабар жоқ, - дейді Тұрар Бекмырзаев.
Тұрғын үйдің сыртқы, ішкі көріксіз келбетін айтпағанда, маса да жаудай екен.
Масадан түнде ұйықтай алмаймыз, тіпті үйдің ішіне масахана құрып жатуға тура келеді. Ұйықтаған былай тұрсын, күндіздің өзінде отыру мүмкін емес. Масаны арнайы улатып та, өзіміз улап та көрдік. Әрі кетсе екі сағат ғана жоқ болады, одан соң қайта қаптайды. Кішкентайым – әлі бір айға болмаған сәби. Бізді қойшы, шыдаймыз, балаларға тіптен обал, - деді ол.
Қала тұрғыны Абдулла Сиқымов кенттің дәл осы үйлерін алғаш көргенде қатты қынжылғанын айтады.
Бірде жеке шаруаларыммен жүріп Тасбөгет кентіндегі ескі үйлердің арасынан өттім. Шынымды айтайын, "мынадай үйлер әлі бар ма?" деп өз-өзіме сұрақ қоюға мәжбүр етті. Үйлердің әбден тозығы жеткен. Қабырғаларында өте көп жарық бар. Мені бір қыңжылтқаны, бұл үйлерде әлі күнге дейін адамдар тұрып жатыр. Есік алдында қаншама кішкентай бала ойнап жүр. Менің ойымша, мұндай жағдайдағы үйлерді тез арада бұзып, тұрғындарды жаңа қонысқа орналастыру керек. Адам өмірі ойыншық емес қой, - дейді ол.
Шынын айтқанда, Тасбөгет кенті орталығында орналасқан 2 қабатты үйлердің жағдайы мәз емес екенін жұртшылық жақсы біледі. Жергілікті билік басындағылар да хабардар болуы керек. Десе де, дәл осы мәселеге келгенде нақты жұмыстардың көзге көрінбей тұрғаны жанға батады.