Жол сапасын жақсарту апат санын азайта алмайды

1800

Алдымен жылдамдықты арттыратын жүргізушілерді жүгендеу керек. 

Жол сапасын жақсарту апат санын азайта алмайды

Әлемде жыл сайын жол апатынан 1,3 млн адам қаза табады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Демек, күніне үш мың адамның жүрегі жол үстінде тоқтайды. Бұған жыл сайын шамамен 25 млн адамның түрлі жарақат алатынын қосыңыз. Осының салдарынан әлем экономикасына айтарлықтай шығын келеді. Шығынның көлемі кейде ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жетіп жығылатын кездер де болып тұрады.

Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы 17 жылда Қазақстанда ресми түрде 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар. Экономикалық зардап дедік. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары (14 168 оқиға тіркеліп, 3 037 адам қайтыс болған және 29 872 адам жарақат алған) салдарынан ел экономикасы 9 млрд АҚШ долларына пара-пар зардап шеккен. Азия даму банкінің мәліметінше, бұл дегеніміз ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына тең.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Замир Сағыновтың сөзінше, жол-көлік оқиғасына түрлі факторлар әсер етеді. Мұндай келеңсіздіктер табиғи жағдайларға, жол сапасына тікелей байланысты. Ал көп жағдайда адами фактор әсер етеді. 

"Көлік жүргізушілері жол үстінде қателікке ұрынып, ажал құшып жатады. Осының бәрі біздің елде көлік жүргізу мәдениетінің тым төмен екенін көрсетеді. Мәселен, Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларына көп жағдайда жылдамдықты шамадан тыс арттыру себеп болады. Статистикаға сүйенсек, елдегі мұндай келеңсіздіктердің 30 пайызы жылдамдықты арттырудың салдарынан орын аладыә, – дейді Замир Сағынов.

2008 жылы Женевада Жол қауіпсіздігі жаһандық әріптестігінің отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық қабылданған. Оған сәйкес жылдамдықты 10 км/сағатқа қысқарту өлімге алып келуі мүмкін жол-көлік оқиғаларының ықтималдылығын 37 пайызға төмендетеді деген тұжырым жасалған. Демек, сапалы жол инфрақұрылымын салудан бөлек, жылдамдықты бақылау жол қауіпсіздігін арттырудың маңызды құралы болып саналады.

"Нұр-Сұлтан – Щучинск" ақылы жол учаскесі 2013 жылы іске қосылды. Сол уақыттан бері аталған жолда 279 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 86 адам көз жұмып, 437 адам жарақат алған. Енді аталған жолдың ақылы учаске атанбай тұрған шақтағы статистикасына назар аударайық. 2006-2012 жылдары "Нұр-Сұлтан – Щучинск" жолында 474 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 245 адам қайтыс болған және 701 адам жарақаттанған. Жол сапасының жақсаруымен қайғылы жағдайлардың кемігенін байқауға болады. Десе де, тақтайдай жолда тоқтамай жүйткитіндер көп.

"Біз "Нұр-Сұлтан – Щучинск" жолына зерттеу жүргіздік. 2020 жылдың 9 айында аталған учаскеде жылдамдықты 150 км/сағаттан асыру бойынша 8 280 заң бұзушылық тіркелген. 58 жағдайда жылдамдық 200 км/сағаттан асып түскен. Тіркелген ең жоғары жылдамдық – 238 км/сағат. BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші жылдамдықты дәл осылай арттырған. Аталған учаскедегі есепке алу камералары Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен интеграцияланбаған. Соның салдарынан жылдамдық режімін бұзушылар жазасыз қалып отыр. Олар өз өміріне ғана емес, өзгелердің де өміріне қатер төндіретінін білмейтін секілді. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен міндетті түрде ықпалдастыра отырып, автомобиль жолдарын есепке алу камераларымен қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамалық негізде "орташа жылдамдықты" айқындау әдісін енгізу қажет деп санаймын", – дейді З.Сағынов.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу