Жолаунақ, құзайлақ, шартылдақ – Қазақ тілі 200-дей жаңа сөзбен толығуы мүмкін

11166

Тілді сақтап, оның тазалығын қамтамасыз етуде ел Үкіметі "Францияның күрес тарихының" үлгісін қарастыруда. 

Жолаунақ, құзайлақ, шартылдақ – Қазақ тілі 200-дей жаңа сөзбен толығуы мүмкін Фото: alau.kz

Республикалық терминология комиссиясының 2024 жылғы 4-ші отырысында бекітілетін терминдер Терминком мүшелерінің талқысына ұсынылды. Соның ішінде бұл жолы өз саласы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі – 169, Ұлттық экономика министрлігі – 28 жаңа терминді комиссия мүшелерінің қарауына жіберді. Егер комиссия құптаса, жаңа терминдер бекітіледі.

Олардың кейбіріне тоқтала кеткен жөн. Мәселен, дорожный катоктың "жол аунағы, автоаунақ, жолаунақ" деген нұсқалары ұсынылды. Сондай-ақ, Терминком құп десе:

• скалодром – құз айлағы, өрмелеу қабырғасы, құзайлаққа,

• хлопушка – сақпандар мен шартылдаққа,

• выпрямитель – түзеткіш, түзеткіге,

• заболеваемость населения – халықтың ауруына,

• заглушка – тығын, бітеуіш, тұмшаға,

• мешкотара – қап, жұмсаққап, жеңқапқа,

• фильтрующий противогаз – сүзгіш газқағар, сүзгіш газтұмшаға,

• экономический бум – экономикалық дақпыртқа,

• пробел – бос аралыққа,

• сверхдоходы – үстеме кірістерге,

• упрощение – ықшамдауға айналады.

Терминком биыл мыңға дейін жаңа сөзжасамды бекітеді деп күтілуде. Мысалы, мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали Терминком мен сарапшылардан "бешбармакқа" балама тауып, қазақы ұғымға жат осы сөзді ығыстыратын неологизм бекітуді ұсынған болатын. "Асамық" (асату, асап жеу деген сөздерден шығарылған), "Қазақша ет", "Бес саусақ" сияқты баламалар талқыға салынуда.

Өз кезегінде, жаңа терминдерді мамандар асыға күтіп отыр. Онсыз, Әділет министрлігі сарапшыларының түсіндіруінше, мемлекеттік тілдегі заңдар мен актілер жыл өткен сайын түсініксіз болып барады.

"Мемлекеттік тілдегі нормативтік-құқықтық актілердің күрделілігі сонша, оны құқық қолдану субъектілерінің түсінуі қиындады. Сонымен қатар НҚА-лардың қазақша және орысша мәтіндерінің түрліше түсіндірілуі (разночтения текстов) проблемасы ушықты. НҚА мәтіндерінің тең түпнұсқалы, аутентті болмауына қатысты мәселе бар. Өйткені меморгандарда қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен болып қалуда. Сондықтан меморгандарға НҚА жобасын бірден орыс тілінде дайындау, содан кейін ғана оны аудармашы арқылы қазақ тіліне аудара салу оңайырақ. Бұл ретте екі тілдегі НҚА мәтіндері бірдей заңдық күшке ие", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Осыған байланысты заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілгенге дейін олардың екі тілдегі мәтіндерінің аутенттілігіне ғылыми лингвистикалық сараптама жасау заңнамамен міндеттелген. Онда неге соған қарамастан, қазақша-орысша мәтіндері әрбасқа болып шығады?

Әділет ведомствосының сарапшылары бұл жұмыс қорытындылары бірнеше факторларға байланысты нашарлайтынын айтты.

Біріншіден, депутаттық корпус өзіне келіп түскен заң жобаларын сол күйде қабылдамайды, контентін жетпіс-сексен пайызға дейін өзгертіп жіберетін кездері болады. Салдарынан, лингвистикалық сараптама жүргізілгеннен кейін заң жобалары Парламентте өзгерістерге ұшырайды және ары қарай Мәжіліс те, Сенат та толыққанды лингвоэкспертиза жүргізбейді. Бір қайнауы кем, шикі күйде қабылдай салатыны жасырын емес. Бұл екі тілдегі мәтіндердің тең түпнұсқалығының қамтамасыз етілмеуіне соқтырады. Ендеше кінә жүгін мемқызметшілермен бірге депутаттар да арқалайды.

Екіншіден, лингвистикалық сараптама Үкіметтің қаулыларына, министрлердің, ведомстволардың бұйрықтарына, әкімдердің шешімдеріне, мәслихаттардың қаулыларына және басқа да толып жатқан заңға тәуелді НҚА-ларға жүргізілмейді.

Үшіншіден, тілдік сараптама жүргізетін сауатты, жан-жақты, әр саланың ерекшелігіне терең бойлай алатын әмбебап, білікті мамандар да аз. Салдарынан, "сельскохозяйственные культуры" қазақша мәтінінде "ауыл шаруашылығы мәдениеті" (дұрысы "дақылдары") деп тәржімаланып келеді.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді. Іс жүзінде, тәжірибеде жобалар орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылады. Сөйтіп, қазақ тілділерге қазақы ұғымдар орнына орысша түсініктер таңылады. Салдарынан қазақша заң мен құжатты қазақтілділер де түсінбей жатады. Сондықтан қазақ тілін нормашығармашылық қызметінде одан әрі дамыту мақсатында кезең-кезеңімен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қазақ тілінде әзірлеп, содан кейін орыс тіліне аударуды қамтамасыз ету міндетін заңнамалық бекіту мүмкіндігін пысықтау маңызды", – делінген Әділет министрлігінің "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына арналған консультативтік құжатта.

Осыған байланысты, Әділет министрлігінің ұстанымынша, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде ресми қазақша-орысша заң сөздігін басшылыққа алу бойынша міндетті талаптарды белгілеу қажет.

Ол үшін барлық салада, бүкіл меморгандар басшылыққа алатын сауатты, баршаға ортақ, бірыңғай сөздік әзірленіп, бекітілуге тиіс. Тіл мамандарына, Терминкомға жүктелетін маңызды бір тарихи миссия да осы.

"НҚА жобаларының орыс тілінде дайындалуына оны әзірлеушілердің қазақ тілін білу деңгейінің жеткіліксіздігі ғана емес, сондай-ақ жалпы қазақ заң ғылымының дамуда кенжелеп қалуы және қазақ тілінде жазылған ғылыми еңбектер санының аздығы ықпал етеді. Бүгінде қазақ заң терминологиясының дамуында нақты кемшіліктер бар. Ал, құқық тілі – құқықтық қатынастардың дәлдігі, айқындылығы және қолжетімділігі қағидаттарына негізделуге тиіс. Сол себепті, Әділетмині Ғылым және жоғары білім министрлігінің, KAZGUU университетінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілдерімен бірлесіп, осы мәселелер бойынша бірнеше кеңес өткізді. Университеттің заңгер-лингвистері Заң терминологиялық сөздігін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде", – деп хабарлады Әділет министрлігі.

Ведомство Үкіметке бұл салада Францияның озық үлгісін назарға алуды ұсынды.

"Мемлекеттік француз тілін қорғау үшін Франция өте салмақты шаралар қабылдауда. Бұл елдің француз тілін сақтау және оны таза ұстау үшін күресінің тарихы бірнеше ғасырларға созылады. Соңғы жарты ғасырда ағылшын тілін қолданудың кеңеюіне байланысты бұл республикада тіл саясатын заңнамалық реттеу ісі күшейтілді. 1972 жылдан бері "француз тілін байыту" жөніндегі арнайы орган жұмыс істейді. Ол айына 1 рет мәжіліс құрады және жалпыға бірдей міндетті қолдану үшін "англицизмдердің" орнын басатын француз тіліндегі жаңа терминдердің тізімін бекітеді", – делінген министрлік сарапшыларының байламында.

1975 жылы "Француз тілін қорғау туралы" тұңғыш заң қабылданды. Қазіргі уақытта екінші заң – "Тубон заңы" қолданылады. Оған сәйкес, француз тілі мемлекеттік органдар мен шенеуніктер үшін міндетті болып табылады. Француз тілін білмейтін тұлғалар мемлекеттік қызметке қабылданбайды.

Бұдан бөлек, Франция азаматтығын алу, тіпті бизнесте халыққа қызмет көрсетумен байланысты кәсіппен айналысу да адамнан француз тілін міндетті түрде білуді талап етеді.

Тіл туралы заңның бұзылмауын республика прокуроры қадағалайды, бұзылса, тиісті хаттама толтырады. Жыл сайын, 15 қыркүйекке дейін Үкімет Парламент палаталарына тіл туралы заңның қолданылуы туралы баяндама жасайды. Француз тілінің биік мәртебесін сақтау үшін "Француз тілінің бас делегациясы" (DGLF) мекемесі құрылды. Мұның бәрі Қазақстан үшін әзірге, арман ғана. Ілгері озғанның ұлағатын үлгі-өнеге етпеген ел тозады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу