Жұмбақ жарылыс

2235

Берлин энергетикалық дағдарыс кезінде газ құбырларының зақымдануына Ресейдің қатысы барын жоққа шығаруға болмайтынын мәлімдеп отыр. 

Жұмбақ жарылыс

Дания, Германия және Польша өкілдері Балтық теңізіндегі ресейлік екі құбырдан газдың суға ағуы – диверсияның нәтижесі болуы мүмкін екенін ескертті. Олардағы жұмбақ жарылыстар Еуропаның энергетикалық инфрақұрылымының осалдығына қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.

"Қорытынды жасауға әлі ерте, бірақ бұл – ерекше жағдай. Газ үш жерден ақты. Сондықтан мұның кездейсоқ оқиға екенін елестету қиын", – дейді Дания Премьер-Министрі Метте Фредериксен Ресей мен Еуропа арасындағы энергетикалық соғыс ортасында қалған құбырларда саботаж жасалуы мүмкін екенін болжап.

Неміс үкіметі болса, "Солтүстік ағын-1" және "Солтүстік ағын-2" құбырларындағы қысымның кенеттен жоғалуы "мақсатты шабуылдың нәтижесі тәрізді" деген алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар Берлин бұл жайтқа Ресейдің қатысын үзілді-кесілді жоққа шығаруға болмайтынын да атап өтті.

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан мен Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен сейсенбіде даниялық әріптестерімен Балтық теңізі түбіндегі "диверсия тәрізді көрінген" оқиғаны талқылады.

"АҚШ тергеу әрекеттерін қолдайды және біз Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін сақтау бойынша жұмысымызды жалғастырамыз", – дейді Салливан Twitter-де жариялаған жазбасында.

Осыған ұқсас мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс та жасады.

Екі құбырдың үш жерінен газ ағу фактісі Еуропаға ресейлік газды жеткізу көлемі азайған шақта анықталып отыр.

Айта кетсек, Президент Владимир Путин Батыс мемлекеттері Украинаға қолдау көрсетіп жатқаны үшін "Қарт құрлыққа" көгілдір отын жөнелтуді айтарлықтай қысқартқаны белгілі.

Екі құбыр да газға толтырылғанымен жұмыс істеп тұрмаған. Сондықтан олардан отынның төгілуі Еуропаға газ экспорттау көлеміне әсер ете қоймайды. Бір қызығы – бұл жарылыстар Норвегия газын алғаш рет Дания арқылы Польшаға жеткізетін құбырдың ашылу салтанатымен тұспа-тұс келіп отыр.

"Біз болған оқиғаның егжей-тегжейін білмейміз. Алайда бұл – Украинадағы жағдайды әрі қарай ушықтыруға бағытталған саботаж әрекеті екенін анық көріп отырмыз", – дейді Польша Премьер-Министрі Матеуш Моравецкий Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Украина Президенті Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Михайло Подоляк болса, Twitter-де: "Солтүстік ағыннан газдың кетуі – Ресей жоспарлаған лаңкестік әрекет әрі Еуропа одағына қарсы агрессия. Ресей Еуропадағы экономикалық жағдайды тұрақсыздандыруды қалайды. . . . Ең жақсы жауап және қауіпсіздік инвестициясы – Украинаға танк беру, әсіресе, неміс танктерін", – деп жазды.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің саботаж жайлы сауалына "қазір ешбір версияны жоққа шығаруға болмайды" деп жауап берген.

Швецияның теңіз әкімшілігі сейсенбі күні Данияның Балтық теңізіндегі Борнхольм аралына жақын орналасқан "Солтүстік ағын-1" құбырынан газдың екі рет ағып кеткенін хабарлады. Бұл ақпарат дәл осы Борнхольмға жақын жатқан "Солтүстік ағын-2" құбырынан газдың суға құйылғаны жария болғаннан кейін тарап отыр.

Дания билігінің мәлімдеуінше, Балтық теңізінің бетінде пайда болған газ көпіршіктерінің диаметрі шамамен 1 шақырымға жеткен. Сол себепті Швеция мен Дания кемелерге бұл аймақтан аулақ жүруді ескертті.

Швецияның Ұлттық сейсмология орталығы газ аққан аймақта бір күн бұрын екі жойқын жарылыс болғанын анықтағанын хабарлады.

"Мұның бәрі жарылыс екені күмәнсіз", – дейді осы мекеменің қызметкері  Бьорн Лунд шведтің мемлекеттік SVT телеарнасына берген сұхбатында.

Норвегияның мұнай қауіпсіздігі басқармасы дүйсенбіде бірнеше мұнай-газ компаниясының теңіздегі нысандарына белгісіз дрондардың жақындағанына шағымданғанын ескертті. Ал маусымда ресейлік әскери кеме Борнхольм маңында Данияның аумақтық суларындағы шекараны екі рет бұзған.

Энергетикалық сарапшылардың айтуынша, екі құбыр да жұмыс істемей тұр, газдың ағуынан кім пайда көретіні белгісіз. Бірақ кейбір бақылаушылар Польшаға жаңа құбырмен газ жеткізуге мүмкіндік тууы Мәскеуге ұнамайды деген пікірде.

"Солтүстік ағын-2" құбыры норвег газын алғаш рет Польшаға жеткізетін жаңа Балтық құбырына өте жақын. Газ экспортында Норвегия үшін арайлап таң атып жатса, Ресейді қара түнек басты", – дейді ICIS консалтингтік компаниясының өкілі Том Марзек-Мансер.

Украина "Солтүстік ағын" құбырларының құрылысына ұзақ уақыт бойы қарсылық білдірді. Өйткені олар іске қосылса, Киевтің Еуропаға Ресей газын жеткізуші ретіндегі позициясы әлсіреуі мүмкін. Ресей газы Украинада әскери жанжал басталғаннан кейін де ағынын жалғастырды. Алайда Мәскеу өткен айда "Солтүстік ағын-1" арқылы экспортты тоқтатып, Еуропада энергетикалық дағдарысты күшейтіп отыр.

Eurasia Group сарапшысы Хеннинг Глойштейннің ойынша, аталған құбырлар "кездейсоқ зақымданудан" сақтандырылған және олардың әрқайсы тәулігіне 165 миллион текше метр метан газын өткізе алатынын ескерсек, мұнша газдың суға құйылуы қауіпсіздік пен қоршаған ортаға үлкен қатер төндіруі мүмкін.

"Солтүстік ағын" швейцариялық операторының негізгі акционері – Ресейдің "Газпром" мемлекеттік энергетикалық компаниясы.

Осы оператор өкілдерінің сөзінше, теңізге ағып жатқан метанның көп бөлігі суда еріп кетуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу