Жұмыртқаны темір пышақпен енді жаруға болады

2313

Тортты кесіп сатуға... балабақша қоймасын ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде орналастыруға рұқсат. 

Жұмыртқаны темір пышақпен енді жаруға болады

Бизнеске деген әкімшілік кедергілерді азайту үшін атқарылған игілікті істердің арқасында қазіргі кезде кеңес дәуірінен "мұраға" қалған "біртүрлі" шектеулер жойылды.

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов таяуда журналистер тобымен әңгіме үстінде біраз қызықты жайттың бетін ашып берді.

– Рустам мырза, бірден төтесіне көшсек, бүгінде шын мәнінде кәсіпкерлерді тексеру азайды деп айта аламыз ба?

– Жалпы бұл жұмыс біраздан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқандықтан, нақты нәтижелер бар десек, қателеспейміз. Мәселен, қазіргі уақытта рұқсат беру құжаттарының саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарды. Ал бұл бақылау-қадағалау қызметтерінің ықшамдалғанына айқын дәлел.

Мысалы, кезінде  рұқсат беру-хабарлаудың 1115 түрі болса, бизнес-ахуалды түбегейлі жақсартуға қатысты бірнеше заң жобасы жасалған соң, Ұлттық палатаның белсенді атсалысуымен Үкімет 3 жыл аясында лицензиялар көлемін 72%-ға төмендетіп, 310 ғана қалды. Бұл деректі биыл "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы да келтірді. Аталған жетістік ұзақ жылғы тыңғылықты әрекеттің, өнімді еңбектің жемісі.

Өткен жылы Кәсіпкерлік кодексі қабылданса, осы жылы кәсіпкерлерді тексеру үдерісін жүйелендіріп, реттеу жайы тұжырымдалды. Себебі, көптеген мемлекеттік мекеменің талабына бизнесмендердің жедел жауап қатуы қиынға соғады. Сондықтан тексеруді ортақ арнаға тоғыстырып, тәуекелдерді басқару, тексеру парағын қалыптастыру, прокуратура органдарында тіркету тәрізді бағыттарды бірыңғай тәртіпке түсіруге қол жеткіздік.

Әрине, кейбір өзгешелік те бар. Бірақ жоспарлы, жоспардан тыс, арнайы сүзгіден өткізу сияқты бизнеске мемлекеттің араласуын бәсеңдете білдік. Құзырлы тараптардың тексеріске шығуына кәсіпкер жұмысына тұтынушының шағымдануы, тамақтан улануы секілді елеулі кемшіліктер ықпал етуі тиіс. Әйтпесе билік өкілдерінің бизнес өкілін қыспаққа алып, жөнсіз мазаламағаны абзал.     

– Бүгінгі таңда қандай мәселелерге көңіл бөлген дұрыс деп ойлайсыз?

– Қазір күн тәртібіндегі міндеттерге біздің көзқарасымыз басқаша қырынан соны түзілуде. Кәсіпкерлерді қолдау мазмұнына үңіле түсіп, олардың мүддесін құқықтық қамтамасыз ету жағын жаңғыртуға кірістік, яғни бизнесмендерге қойылатын талаптардың қисыны қанша деген сауал қызықтырады. Талдау барысында байқағанымыз, шамалап алғанда, кәсіпкер 28 мың қағидадан ауытқымауы керек екен.

Барлық талапты орындау мүмкін емес, оған тырысқан адамның шығынға шаш-етектен бататыны даусыз. Осы орайда екі саланы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі қызметтерін жіті таразылауды ұйғардық.

Соның алдыңғысында қоғамдық тамақтануда тортты кесіп сатуға тыйым салған, жұмыртқаны темір пышақпен жару, балабақша қоймасының ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде болуы сынды күлкі шақыратын ерсі шарттарға жолығып, Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларымен бірге талқылауды, мекемеаралық жұмыс топтары отырыстарын қолға алдық.

Мұқият қарай келе, талаптардың 80%-ын жою керек екеніне тоқталдық. Өйткені, мемлекет ең бірінші кезекте тұтынушының қауіпсіздігін қамдап, бәсекелестік нарықта сапа ұғымы жеңіп шығуы қажет.

Бір ғана мысал. Қоғамдық тамақтану қауіпсіздігінде дәйексіз міндеттеулердің 310-ының 246-сын, сауда орындары нысандарына қатысты 207-інің 158-ін қысқартуды ұсындық.  

– Келесі жылға басымдықтардан бөліссеңіз...

– Алдымыздағы жылы да ауқымды істер күтіп тұр. Техникалық стандарттар мен регламенттерге, өнеркәсіптік қауіпсіздік жайын саралауға ден қойып, талаптарды іріктеуді әрі қарай жалғастырмақпыз. ҰКП алдын-ала бекітілген әдістеме арқылы бәрін тереңінен талдайтынын атап өткен дұрыс. Қауіпсіздік пен ішкі бақылау, ескіргені мен қайталау – түгелі ажыратылып, артығынан тазартылуы тиіс.

Біздің пікірімізше, әр мемлекеттік мекеме өз рөлін айқын түсінсе жақсы болар еді. Мысалға, Астанадағы Агротехникалық университет 8 корпусы (нысаны) бойынша жеке-жеке әкімшілік жауапқа тартылған.

Кәсіпкер тексеру келгенде қорқып, абдырап қалмай, оның тағайындалу заңдылығын бажайлап, сұрақ туса, жекеменшік мүлікті қорғау мақсатында "Атамекендегі" арнайы жедел желіге тікелей қоңырау шалып, прокуратураға хабарласқаны жөн. Бірден ол жаққа шұғыл топ аттанып, құқықтық тұрғыда сүйемелдейтін болады.

– Кәсіпкерлерді қылмыстық жазалау шараларын қалай жеңілдетуге болады?    

– "Атамекен" ҰКП-ның Бас прокуратурамен бірлесе дайындаған Жол картасында қылмыстық қудалу тетіктерін оңалту турасында 116 шара көзделген. Мәселен, бір кәсіпкер келісім-шарт бойынша қарызы бар екіншісінің алаяқтығы жайлы полицияға арыз жазса, аталмыш шағым түрінің сот шешімінсіз қабылданбауы керектігіне келістік.

Өйткені, бұл азаматтық дау шеңберіндегі нәрсе. Тағы бір маңызды жайт. Үстіміздегі жылдың он айында жалған кәсіпкерлік жөнінде 150-ден астам шағым түсті. Жалған кәсіпорындар шартты жазамен немесе айыппұлмен құтылып, контрагенттер зардап шегуде. Аты шулы Минаков ісін білесіздер. Әлеуметтік жанармай операторы ретінде белгіленген ұйым әрекеті салдарынан 300-ден контрагент сот үкіміне ілігіп кете берді.

Өз кезегінде кәсіпкерлер наразы болды. Содан бұл істерді қайта қарауға жіберетін болдық. Негізі бірінші салық орындары тексеріп барып, салық төлеуден жалтару дерегі расталса, 245-бап бойынша іс қозғалуы керек. Мемлекеттік кіріс комитеті де мұны құптап отыр. Оның өзінде де салық төлемегені анықталса, десе де шығын орнын толтырса, бірінші рет ескерту жасап, екінші жолы қатаң жазалаған әділ болар еді.

Кез-келген компанияны құжаттарын алып қою үлкен күйзеліске, шығынға ұшыратары сөзсіз. Бұл ретте тергеу уақытын көп дегенде бір аймен шектеп, құжаттардың көшірмесін жасауды талап ететін болдық.

– Бизнес пен бизнес мүддесі қақтығысқа түссе ше?

– Бұл жерде медиация, яғни бітімгерлік үрдісі керек. "Атамекендегі" төрелік орталық (арбитраж) дауды сотқа жеткізбей тез әрі оңай, тиімді шешіп, жемқорлықтың жолын кеседі. Мысалы, өткен жылы тауарды жеткізу, қызмет көрсету, жұмысты орындау сияқты шаруашылық саласындағы 26 түсініспеушіліктің бәрі оң шешімін тапты.

– Қаржы министрлігі жанынан құрылатын апелляциялық комиссияның мән-жайына тоқталып өтсеңіз...

– Мұндағы гәп сонда, тексеруші тараптың шағымды да өзі қарауы ақылға сыймайды. Сондықтан қос жақтың кереғарлығын ушықтырмай, қоғамдық бақылауды күшейту үшін кеден, салық, экологиялық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дауларын сараптайтын апелляциялық алқа құруды ұсындық.

Бұл әдіс келесі жылдың жазынан жұмыс істей бастауы тиіс. Мемлекеттік кіріс комитетінен жоғары тұрған Қаржы министрлігінде құрылатын комиссияның кем дегенде 30%-ы "Атамекен" ҰКП мен салалық қауымдастықтар, яғни кәсіби мамандардан жасақталу керектігін айттық. Өйткені, орташа алғанда салық қызметкерлерінің әрекетіне айына 40 шағым жасалады. Апелляциялық комиссияда көзқарасымызды барынша дәлелдеп, мүшеліктегі көпшіліктің даусы біздің уәжден басым болса да, хаттамадан ойып орын алатын жазбаша пікірімізді қалдыра аламыз.

Сондай-ақ, тексеру актісі жобасымен ертерек танысып, келісу жайын заңға енгіздік. Нәтижесінде құжатқа қол қойғанша салық төлеуші аудиттің дұрыс-бұрыстығын асықпай бағамдай алады. Сонда тепе-теңдік орнап, келіспеушіліктер саны да күрт азаяр еді.  

– Қадағалаушы орган ретінде Бас прокуратурадан кәсіпкерлік саланы дамытуға көмек бойынша қандай іс-қимылдар атқарылуда?

– Бас прокуратура тарапынан бизнеске қысымды азайту жолында арнайы ақпараттық жүйе аясында жыл аяғында іске қосылатын Тексеріс картасы қазір тестілік тәртіпте жұмыс істеп тұр. "Тексеріс картасы" ұғымын енгізу арқылы бірегей жобада қарапайым азамат кейпіндегі "Қоғамдық бақылау" пайда болады деп отырмыз. Сәйкес әдіс кәсіпкерді қауіпті санатқа жатқызу немесе ісіне адал бизнесмендер қатарына қосу бағытында айқындаушы рөлді иеленбек. Тексеріс картасында заң бұзғандар, олқылыққа жол бергендер қызыл, жасыл, сары тәрізді сан-алуан түстермен белгіленеді.

– Саудадан түсетін табысқа салынатын салық неге алаңдатып отыр?

– Қосымша құн салығының орнына сату салығын енгізуден отандық тауар не қызметтің, жұмыстың өзіндік құны 9-15%-ға қымбаттайтыны, экспорттаушылардың бәсекеге қабілеті нашарлайтыны алаңдатады. Біздегі көлеңкелі экономиканың қомақты үлесі жаңашылдықтың пайдасынан гөрі зиянын арттыратыны анық. Отандық өндірушілердің ынтасы жоғалып, импортқа құмартатындар көбейеді.

Сондықтан аталмыш бастамаға қазір тоқтау қойыл. Төменгі шектің бірден 10 есеге дерлік қысқаруы, кәсіпкерлерге салық және әкімшілік жүктемені жоғарылатып жіберетінін ескере отырып, ҰКП ҚҚС төлеушілерге арналған шекті деңгейді біртіндеп төмендетуді жөн көреді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу