Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мемлекеттік, азаматтық және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудегі теңгерімсіздіктерді реттеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Халық қалаулысы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
"Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары өсіп келеді. Өкініштісі сол, мекемелердің қызметін еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ауыр жұмысынсыз жүзеге асыру мүмкін емес болса да бүгінде аталған жұмысшылар азаматтық қызметшілер реестрінде жоқ. Сондықтан, Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығын арттырғанда, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутаттың дерегінше, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмысты атқаратын жұмысшылардың ай сайынғы жалақысы төмен. Мәселен, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик – 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге алады.
"Қазір, тек орта білім саласында 216 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшы бар. Олардың 254 мыңында қолына тиетін жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне, ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуы тиіс деп есептейміз. Себебі, жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет", - деп есептейді Мәжіліс депутаты.