Жұмыссыздарды жеке агенттіктер жетекке алмақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2694

Халықты жұмыспен қамту саласында да аутсорсинг қанат жая бастайды.

Жұмыссыздарды жеке агенттіктер жетекке алмақ

Халықты жұмыспен қамту және көші-қон туралы заңға өзгертулер мен түзетулер енгізіліп, аталған құжат мәжіліс пен сенаттың қабырғасында мақұлданғанын жақсы білеміз. Бүгінде заң жобасы мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Жаңа құжатта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында бірқатар жаңашылдық орын алмақ.

Мәселен, толықтырылған жаңа заңға сәйкес, елдегі жұмыссыздардың үлесін азайтуға жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері кіріспек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, мұндай бастама елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

"Жекеменшік жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын болады. Жұмыссыздарды жұмыспен қамту үшін мемлекеттік институттар мен құралдардан бөлек, жекеменшік агенттіктердің көмегіне жүгінбекпіз. Яғни, бұл салаға тұңғыш рет "аутсорсинг" ұғымы енгізіліп отыр. Бүгінде Қазақстанда 300-ге жуық жеке меншік агенттік бар. Олар әдетте жұмыссыздарға емес, қосымша қызмет іздегендерге, сондай-ақ, жалақысы жоғары жұмыс орындарына орналасуды көздеушілерге көмектесетін. Енді мемлекеттен тапсырыс алмақ", – деді Нұржан Әлтаев.

Вице-министрдің айтуынша, жекеменшік агенттіктер министрліктің базасындағы адамдарды жұмысқа орналастыруы керек. Бұл ретте, кәсіптік бағдар ұсыну және жұмысқа орналастыру қызметтері аутсорсингке берілмек. Жекеменшік агенттіктердің көмегімен биыл 60 мыңға жуық жұмыссызды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Заңдағы жаңашылдықтың бірі – еңбекпен қамтудың бірыңғай онлайн платформасын құру. Вице-министрдің айтуынша, электронды еңбек биржасы заң жобасы қабылданбай тұрып, осы жылдың басында құрылған. Яғни, заң жобасын әзірлеу және онлайн платформа құру процесі қатар жүргізілген.

"26 наурыздағы дерек бойынша, электронды еңбек биржасына 19 мың вакансия мен 7 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған. Аталған интернет ресурстың нәтижесінде жыл басынан бері 19 800 адам жұмысқа орналасты. Электронды еңбек биржасына 23 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген. Интернет ресурс 26 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігімен, 5 бұқаралық ақпарат құралымен және 4 интернет-алаңмен бірлесіп жұмыс істеуде", – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына өзгерістер енбек. Бүгінде Қазақстан бойынша дәл осындай 199 орталық бар. Мақсат – орталықтардың жұмысын жетілдіріп, тиімділігін арттыру. Сондай-ақ, орталық қызметкерлерін ынталандыру мақсатында оларға еңбекақы тағайындаудың жаңа тәртібі енгізілмек.

Жаңа заңда оралмандардың мәселесі де ескерілген. Мәселен, Қазақстанға қоныс аударушылардың әрқайсысына квота бөлу қарастырылған.

"Бұған дейін оралмандардың отбасына ғана квота бөлініп келді. Өкінішке қарай, бұл заңдағы бір олқылық еді. Ал жалғызбасты оралмандардың заңды мәртебесі болмады. Ондай азаматтар аз емес. Енді, жаңа заңның аясында отбасы бар оралмандар ғана емес, жалғызбасты оралмандар да квота ала алады", – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде азаматтықты алып үлгермеген оралмандарға "оралман" мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылданды. Ол да жаңа заңның жобасында қарастырылған. Вице-министрдің сөзінше, "оралман" мәртебесін үш айға созуға болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру керек. Бірақ ондай мүмкіндік бір рет қана берілетінін атап өткен жөн.

Вице-министрдің айтуынша, "оралман" деген сөздің орнына басқа терминдерді қолдану мәселесі де қарастырылып жатыр.

"Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға 1 миллионнан астам оралман көшіп келді. Олардың басым бөлігі – Өзбекстаннан оралғандар. Былтыр 18 605 отандасымыз елге оралды. Биыл келушілер саны бұдан да көп болады деген болжам бар", – деді вице-министр.

Сонымен қатар, жаңа заң жобасына сәйкес, жасы зейнеткерлікке жақындап қалған, бірақ әлі зейнетке шықпаған қызметкерді мазалауға тыйым салынбақ.

"Бүгінде қызметкер зейнет жасына толмаса да, жұмыс беруші оған зейнетке толғанда келісімшартты бұзатыны туралы ескерту xаттарын жіберіп жатады. Түртпектеп, мазасын алады. Осы мәселеге қатысты дау-дамайлар жиі болады. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Этика тұрғысынан да орынсыз", – деді вице-министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу