"Журналист" және "жағымпаз" сөздері Қазақстанда синонимге айналмаса болғаны

3858

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

"Журналист" және "жағымпаз" сөздері Қазақстанда синонимге айналмаса болғаны

Qmonitor.kz: "Журналист" және "жағымпаз" сөздері Қазақстанда синонимға айналмаса болғаны...", деп жазады аталмыш басылым. Бұл мақала авторы билікке қошемет көрсету арқылы мансапқа ие болған журналистер туралы жазған. Автор мансапқа ие болған әріптестерінің атын атамайды, алайда олар туралы соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі пайдаланушылары жиі айтып жазғандықтан, оқырман автордың кімді айтып отырғанын қиналмай түсінеді. 

Алғашқылардың бірі болып тізімге жас депутат, журналистика факультетінің түлегі ілінген. Ол бір жарым жыл бұрын Елбасының ескерткішін орнату туралы ұсыныс айтып, халыққа танымал болған, осы әрекеті үшін парламенттегі орынға ие болып отыр. Автор жас депутат өз мамандығы бойынша жұмыс істей алған-алмағанын білмейді, бірақ оның пікірінше, бұл жас депутатқа үлгі болған алдыңғы буын әріптестері жетерлік болған.

"1970 жылдары, 1980 жылдардың бірінші жартысында идеологиялық өктемдік басым кездің өзінде Одақтағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің басым бөлігі билікке және оның өкілдеріне ашық жағымпаздануды жаман үлгі деп санайтын. Әрине, жұмыс бабы бойынша (жоғарыдан келген талап бойынша), олар Леонид Ильичті, аз мөлшерде Димаш Ахметұлын, жергілікті жерде обкомның бірінші хатшыларын дәріптейтін. Алайда олар мұндай жарияланымдарына өз аттарын жазуға ұялатын, сол себепті лақап атпен немесе өндіріс озаттарының, не болмаса партия белсенділерінің (әрине, олардың рұқсатымен) есімін жазатын. Бұл журналист игеріп отырған кәсіптің зиянды тұстарының біріне жататын. Иә, арасында жұмыс бабын пайдаланып, партия басшыларының көзіне түскісі келетіндер болды, бірақ ондайлар сирек кездесетін және олардың қауымдастықта абырой-беделі болмайтын. Біз үшін "жағымпаздық" пен "парасаттылық" екі бөлік түсінік еді. Мансапты тек кәсіби біліктілікпен байланыстыратынбыз. Сол себепті кейбір әріптестіміздің жағымпаздықпен жоғары көтеріліп, белгілі бір қызметке ие болғысы келетінін көру өкінішті", - деп жазады мақала авторы.

Liter.kz: "Алматы облысының тұрғындары 20 жылдан бері ақша төлеп келсе де, суға қол жеткізе алмай отыр", деп жазады газет. Аталмыш басылымның хабарлауынша, Алматыдан 60 шақырым жерде орналасқан Алмалы ауылы қарды ерітіп ішіп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, олар таза суға зәру.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мектеп оқушылары демалыстарында су тасумен болады. Ал су таситын ыдысы жоқтар қар ерітіп күн көреді. Еріген қардан алатын су өте лас. Бірақ амалдың жоқтығынан олар сол суды ішуге мәжбүр. Арнайы ұйымдастырған жиналысқа келген шенеуніктер мәселені шешуге уәде берген, бірақ өздерін кінәліміз деп санамайды.

"Бұл сусыз отырған жалғыз ауыл емес, Алматы облысында орналасқан тағы бір ауыл тұрғындары суды тасып ішеді. Өткен жылдың қараша айында Солтүстік Қазақстан облысындағы Становое ауылының тұрғындары қар ерітіп ішіп отырғаны хабарланған, себебі шалғайда орналасқан ауылды сумен қамтамасыз ету қиын. Жалпы алғанда Қазақстан бойынша екі мыңға жуық ауыл таза суға зәру", – деп жазады аталмыш басылым.

Express-k.kz: Аталмыш газет беттерінен жоғары білім алған қазақстандықтардың өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайтыны туралы мақаланы оқуға болады. Мақалада келтірілген дерек бойынша, 2018 жылы 2 886 адам ұстаз мамандығының дипломын алып шыққан, олардың 1 010-ы, яғни 35% ғана мүғалім болып жұмысқа орналасқан. Ал мемлекет мұғалімдерге зәру, тек мемлекет астанасының өзінде 900 ұстаз жетпей отыр.

Сарапшылар осыдан үш жыл бұрын студенттерді ескі оқулықтармен оқытатын , қазір оқулықтардың сапасы жақсарды дегенді айтады. Ендігі мәселе алған білімнің сапасында. Алған дипломға білім сай келе ме?! Өткен жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігі елдегі 25 жоғарғы оқу орнының 60 лицензиясын алып қойды.

"Қазақстандағы 129 жоғары оқу орнында бүгінгі таңда 600 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бұл студенттер қандай білім алып шығатынын алдағы уақыт көрсетеді. Олардың көбінің білімін жетілдіруге тура келуі мүмкін", - деп жазады мақала авторы. 

Time.kz: "Время" газеті Жамбыл облысындағы бір ауылда мектеп оқушысы өгей әкесінен бала тапқаны туралы жазған. 8-сынып оқушысының зорланғаны туралы басылымда өткен жылдың қаңтар айында хабарланған. Бір жыл өткеннен кейін мектеп оқушысының кімнен жүкті болғаны анықталды. Енді оның өгей әкесі қамауға алынып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. 

Басылымның хабарлауынша, бір жыл бұрын жасөспірім өзін ауылдастары қорада бірнеше рет зорлағанын айтқан. Бірақ зардап шеккен қыз олардан қорыққанын жеткізген. Осыған байланысты құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты деген адамдардан және қыздың өгей әкесінен биологиялық материал алып зерттеген. Нәтижесінде 8-сынып оқитын қыздың кімнен жүкті болғанын анықталған.

"Сараптама нәтижесі ауылдағы жасөспірімдердің қыздың жүктілігіне қатысы жоқ екенін көрсетті. Осыдан кейін зардап шеккен қыз оны өгей әкесі зорлағанын айтқан. Күдікті өз кінәсін мойындамаған, алайда тергеу аяқталған соң іс сотқа жіберілген. Сот шешімімен қыздың өгей әкесі қамауға алынды, ол 15 жылға бас бостандығынан айрылды", – дейді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу