Журналистерге үй беру жалғаса ма?

766

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі  Atameken business телеарнасының "EXCLUSIVE" бағдарламасында берген сұхбатта журналистер көкейінде жүрген және БАҚ саласына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. 

Журналистерге үй беру жалғаса ма?

– Жылына бір-ақ рет келетін мереке биыл өзгеше болды: жағымды жаңалықтан бастау алды – 65 әріптесіміз баспаналы болды. Енді бұл үрдіс жалғаса ма?

– Иә, ардагер ағаларымыз айтып жатыр, осыдан 30 жыл бұрын берілген екен, одан бері үй берілмеген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Дара" қоғамдық қоры ұйымдастырған шара аясында, өзіңіз айтқандай, 65 әріптесіміз пәтерлі болды. Олардың арасында елге есімі белгілі журналистер, операторлар, қарапайым еңбек адамдары, жалпы осы салада жылдар бойы еңбек етіп келген әріптестеріміз бар.

Мемлекеттің журналистерге қамқорлығы жалғасады, өйткені "мемлекет" дегендердің мерейі үстем болуы керек, ел үшін еңбек етіп жүргендердің қызметі бағалануы керек. Жалпы игі дәстүр елімізде жалғасады деп ойлаймын.

– Парламентте масс-медиа туралы заң қызу талқыланып жатыр, қоғам арасында да сөз болып жүр. Соның ішінде көбіне пресс-карта туралы айтылады. Пресс–карта белгілі бір ереже бойынша беріле ме? Кімдерге беріледі? Жалпы не үшін қажет?

– Қазір масс-медиа туралы заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Оған әріптестеріміз, қоғам белсенділері, әртүрлі үкіметтік емес ұйым мүшелері, сонымен қатар депутаттар атсалысып жатыр. Өзіңіз айтып отырған, пресс-карта түсінігі Еуропа елдерінде кең таралған тәжірибе. Біз оны мұқият зерттедік. Ол, біріншіден, журналистің жұмысын жеңілдетудің жолы, оның жұмысын шектеу емес, реттеу үшін қарастырылған.

Мысалы, аккредитациядан өту немесе белгілі бір іс-шараға тіркелу сынды жұмыстарды пресс-карта жеңілдетеді. Жалпы пресс-карта журналистің мәртебесін көтеру үшін оған иммунитет ретінде көзделіп отыр, мысалы, кез-келген шарада журналист картасын көрсету арқылы тіркелмей-ақ ақпарат алу немесе өзінің редакциясының тапсырмасын орындау мүмкіндігін алады.

Жалпы карта басқа да артықшылықтар сыйлайды деп ойлаймын. Еуропада пресс-картаны министрлік емес, қоғамдық ұйымдар береді. Бізде де қоғам белсенділері, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған арнайы комиссия береді деп жоспарлап отырмыз. Оның арнайы ережесі дайындалады. Министрлік бұл жерде оператор қызметін атқарады. Жалпы пресс-картаның көзге көрінер артықшылықтары болатынына сенімдіміз. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Пресс-карта иелеріне жеңілдіктер қарастыру ойымызда бар.

– Шетелдік тәжірибе де бар дедіңің, нақты қай елдерде пресс-карта беріледі? Қандай нәтиже көрсетіп келеді?

– Еуропа елдерінің көпшілігінде бар, олар куәлік не жеке құжат алмайды. "Журналист" деген картамен жүре береді. Мен бұған дейін, мысалы, "Егемен Қазақстан" газетін 7 жылдай басқардым, сонда журналистерге мемлекет тарапынан мойындалған бір құжат болған жоқ. Сосын біз өзіміз журналистерге "Егемен Қазақстанның" қызметкері деп қол қойдық, бірақ ол қаншалықты жарамды болғанын өзіңіз де білесіз. Сондықтан заңмен мойындалған, комиссия бекіткен пресс-карта, меніңше, журналистерге қызмет алаңында көптеген жеңілдіктер жасайды.

Мұндай тәжірибе Түркияда бар, бірақ біз мейлінше Еуропа елдеріне қарай сүйеніп отырмыз. Мысалы, онлайн платформаларға қатысты заң жобасы еуропалық тәжірибеге қарай жасалып жатыр. Масс-медиа туралы заң пресс-картадан ғана тұрмайды, оның ішінде ақпарат алуды жеңілдету, журналистің сұрағына 7 күнде емес, 5 күнде жауап беру немесе грант, субсидия жүйесін енгізу, қаржыландыру механизмдері, сонымен қатар, тілдік баланс және медиа өлшем, бағалау өлшемдердің өзгеруі сияқты көптеген жаңалықтар бар. Сондықтан бұл заңды тек пресс-картамен шектемеу керек шығар.

– Осы жерде жедел ақпаратты алу бағытында қандай шаралар қабылданатын болды?

– Біріншіден, жедел ақпарат беру Заң жүзінде қарастырылып отыр. Ақпараттық қолжетімділік туралы заң жобасы әзірленді, жақын арада Мәжіліске жіберіледі. Мемлекеттік құрылымдар тарапынан мақұлданып жатыр. Бұл жерде әртүрлі ақпаратқа қолжетімділік, оны тез ақпарат беру, сонымен қатар сапалы әрі міндетті түрде жауап беру, жеті күн емес, бес күнде жауап қайтару сияқты мәселелер қозғалатын болады.

Сол сияқты бізде қоғамдық бақылау, онлайн петиция туралы заң жобасы қазір Сенатқа өтті. Ол жерде де журналист қоғам белсендісі ретінде бақылау орната алады, ақпарат ала алады. Бұлардың барлығы Масс–медиа туралы заңда ғана емес, ақпараттық доктринада да қарастырылған.

Екінші мәселе – медиасауаттылық. Үшінші мәселе баспасөз хатшыларының жедел әрекет етуі. Біз баспасөз хатшыларын оқытуға үлкен мән беріп отырмыз. Арнайы MediaLab аясында оларды оқыту курстары үш рет өткізілді. Ол өзінің жемісін бере бастады. Баспасөз хатшылары, өкінішке орай, басшыларына емін–еркін кіре алмайды, яғни шешім қабылдау уақыты баяулайды, ақпаратпен бөлісуге әсер етеді, сондықтан мемлекеттік органдар тез жауап беру үшін баспасөз қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруды көздеп отырмыз.

– Сіздің министр болып қызметке тағайындалғаныңызға 10 айдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында нақты қандай жұмыстар атқарылды?

– Енді атқарылған жұмыстың бағасын халық, әріптестер бере жатар. Қыркүйек айының басында тағайындалдық. Одан бері төрт сайлау өтті, елімізде реформалар жүрді, ауқымды шаралар өтті, резонансты оқиғалар болды. Соның ішінде біз көптеген заң жобаларын әзірледік, журналистердің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар іс–шаралар жүргіздік. Сонымен қатар, Орталық Азия медиафорумы мен Наурыз премиясы сияқты жалпы осы сала қызметкерлерін ынталандыру бағытында ірі іс-шаралар болды.

Жалпы біздің министрлік тек ақпарат саласынан тұрмайды, ішінде қоғамдық даму мен дін, этносаралық қатынас пен жастар саясаты бар. Жастар мен қоғамдық байланысқа қатысты заң жобасы жасалды. Күні кеше халықаралық деңгейде волонтерлік форум өтті. Әкелер мерекесі сынды жаңа мейрамдар енгізіліп жатыр. Мұның барлығы біздің қоғамдық сананы өзгертуге, дамытуға, Мемлекет басшысының  реформаларын түрлі салада жетілдіруге өзіндік ықпалын тигізіп жатыр деп ойлаймын.

– Волонтерлерді елдің иммиджін қалыптастыратын сегмент ретінде қабылдаймын. Сіздің ойыңызша, біздегі волонтерлік ұйымдарды бүкіл жер шарына ұялмай көрсететіндей дәрежедеміз бе?

– Біз қазір Орталық Азияда көшбасшымыз, Мемлекет басшысының БҰҰ–да Волонтерлер жылын жариялағанынан кейін берілген тапсырмалардың орындалуының арқасында қол жеткіздік. Осы үш жылдың ішінде ұйымдар саны үш есе көбейді, волонтерлер саны төрт есе көбейді. Бізде 200 мыңнан астам волонтерлер бар және олардың ерен еңбегін кешегі Қостанай, Абай, Екібастұз немесе Арыстағы оқиғалар мен пандемия кезінде өз көзімізбен көріп, куә болдық.

Мына Түркиядағы сияқты үлкен зілала, жалпы табиғи апаттар кезінде көмек қолдарын созды. Біздің қазір жеті волонтеріміз БҰҰ шеңберінде қызмет етіп жүр. Жалпы мұндай мүмкіндік әлемдегі 16 мемлекетке ғана берілген. Ал волонтерлік форумға келер болсақ, бұл тағы да Қазақстанның позициясын нығайта түсті.

Елордамызда волонтерлердің халықаралық орталығы – хаб ашылды. Оған 6 мемлекет меморандумға қол қою арқылы Қазақстанды түркі мемлекеттерінің, Орталық Азия елдерінің волонтерлік орталығы ретінде мойындады. Екіншіден, форумға Мемлекет басшысы арнайы келіп, сөз сөйлегенін білесің, онда волонтерлікті дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Қаржыландыруды, гранттар беруді және есепке алуды қарастыру көзделеді. Былтыр волонтерлік туралы заң шыққан болатын, оны ары қарай жетілдіреміз.

– Президент сондай–ақ бүгінгі кәсіби мерекеге орай, отандық басылымдардың халықаралық аренада өздерінің атын шығаратын дәрежеге жету уақыты келгенін айтты. Бұған сіздің көзқарасыңыз және біздің БАҚ арасында шетелдік баспасөзге бәсекелес болатындар бар ма?

– Бірінші Түркістанды айтты, жалпы ақпарат саласында үлкен өзгерістер керек деп. Сонымен қатар, мына креативті индустрия, жалпы масс-медиа саласына жаңаша көзқарас керек деген пікірін құрылтайда айтқан болатын. Бүгінде уақыттың тез өзгеріп жатқандығы, соған сәйкес еліміздің масс-медиа саласы бәсекеге қабілетті болуға тиіс, сондықтан шетелдік тәжірибені мұқият зерделеу қажеттілігін айтты.

Біз қазір бірінше кезекте Орталық Азияда жетекші елге айналып келеміз. Оған біздің анимациялық өнімдеріміз, әсіресе, сериалдарымыз осы аймақта танымал. Оны өткенде Наурыз премиясы кезінде де көрдік. Біздің өнімдерімізді 20-дан астам мемлекет сатып алады екен. Сонымен қатар, елімізде кабельдік ақпарат тарту арқылы "Хабар", Jibek joly сынды арналарымыз шетелде, Орталық Азия елдерінде кеңінен таралады. Біздің журналистеріміз өте мықты, әсіресе, "Болашақпен" оқып келген әріптестеріміз бірнеше тіл біледі, шетелдік тәжірибенің озық үлгілерін енгізуде.

Жалпы елімізде әлеуметтік желілердің, алпауыт компаниялардың енуі де біздің қоғамға үлкен әсерін тигізуде. Олар өңірлік офистерін ашып жатыр. Бізбен ынтымақтастық орнатуға ықыластарын білдіруде. Сонымен қатар, шетелдік арналар да Қазақстанмен жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізуде. Екіжақты жобалар төңірегінде сөйлесіп жатырмыз.

Онлайн платформа туралы заң қозғалғаннан кейін, әлемдегі алпауыт компаниялардың назары бізге түсе бастады, өйткені заң жобасы аясында олардың өкілдіктерін ашу, интерфейстерін қазақшалау, жалпы жұмыс регламентін реттеуге қатысты біршама мәселелер шешімін тапқан. Ал енді біздің халықаралық деңгейге шығуымызға, әсіресе, өңірде лидер болуға еш кедергі жоқ деп ойлаймын. Бізде дәстүрлі медиа, өңірлік БАҚ пен жаңа медиа әдемі үйлесім тауып, бірге дамып келеді. Қазір подкаст, ютуб жобалар мен веб-сериалдарымыз дарында жастар мен кәсіби журналистердің арқасында кеңінен таралып отыр. Заманауи технологиялардан да қалыс қалмадық, әсіресе, Atameken business арнасы соңғы технологияларды енгізу жағынан алға шығып отыр. Соның барлығы біздегі медианың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

– Сұхбатыңызға рақмет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу