"Жусан" аясында құтқарылған балаларға қатысты мәселе туындады

1728

Қарулы қақтығыс ошақтарынан оралған балалар қарапайым мектепте қалай оқып жүр?

"Жусан" аясында құтқарылған балаларға қатысты мәселе туындады Фото: egemen.kz

Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл журналистерге сұхбатында "Жусан" гуманитарлық операциясына 4 жыл толғанын мәлімдеді. Бұл ауқымды гуманитарлық акция 2019 жылғы қаңтар айында Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүргізілген болатын. Ізінше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Жусан" операциясының жалғасы ретінде 2019 жылғы 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Оның 156-сы балалар: дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар.

Құзырлы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтарды оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.

"Әлемде 30 мемлекет қана Таяу Шығыстағы азаматтарын қырғыннан құтқарып, елдеріне эвакуациялады. Оның ішінде қан-қасап соғыс ошағынан ең көп азаматын алып шыққаны да – біздің Қазақстан. Халықаралық серіктестерімізбен бірге табысты, кәсіби биік деңгейде өткізілген "Жусан" гуманитарлық операциясына биылғы қаңтарда 4 жыл толып отыр. 2019 жылы аналарымен бірге Ирак түрмелеріне түсіп қалған 14 қазақстандық баланы сол елден шығарып әкету мақсатында Қазақстан "Русафа" арнайы гуманитарлық операциясын да жүзеге асырды. Осы аралықта Сирия, Ирак сияқты бірқатар елден Отанға қайтарылған жерлестерімізді оңалту, зайырлы қоғам құндылықтарына бейімдеу бойынша арнайы әдістеме әзірленіп, тәжірибеде қолданылды. Қазақстанның дерадикализация бағдарламасын өзге елдер зерделеуде", – деді депутат.

Б.Смағұлдың айтуынша, жалпы, "Жусан" гуманитарлық операциялары аясында елге 700-ден астам жерлесіміз жеткізілді. Оның ішінде 400-ден астамы – балалар. Құзырлы органдардың дерегіне жүгінген депутаттың хабарлауынша, террористік үгіт-насихаттың тұзағына түсіп, мемлекеттің рұқсатынсыз шетелдегі жанжал ошақтарында қолына қару алған және кейін эвакуацияланған қазақстандық ер азаматтар елде түгел 8 жылдан 19 жылға дейін жаза арқалады. Әйелдердің 96%-ы қазаққа жат діни ағындардан жерініп, дәстүрлі Исламды қабылдады. Бүгінде олардың 46%-ы  еңбекпен қамтылған. Араларында жеке кәсібін ашқандары да бар. 

ИГИЛ немесе ДАИШ деп ортақ атаумен аталған лаңкестік құрылымдар әрекет еткен аймақтардан қазақстандық азаматтарды қайтаруға бағытталған "Жусан" операциясы шынымен бірегей бастама еді. Мұны Президент Қ.Тоқаев "ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің биік кәсібилігінің көрсеткіші" деп бағалады.

Осы арқылы Қазақстан біріншіден, халықаралық күрделі операцияларды жүзеге асыра алатынын, екіншіден, өз азаматтарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін шетелде де қорғайтынын, үшіншіден, мемлекеттің әлеуметтік бағдарланғанын паш етті. Әйтпесе, халықаралық ақпарат құралдары лаңкестік топтардың өз қатарына сексеннен астам елдің азаматын тарта алғаны туралы жазып жүрді. Демек, өз азаматтарына: "барған өзің, өлсең, айыбың өзіңе" дегенге келтіріп, немесе сырттай азаматтығынан айыра салып, бей-жай қалған, салғырт қараған ел қаншама. 

Қазақстан болса, жаза басқан, жалған, жымысқы идеологияға ерген, сөйтіп, 2013–2016 жылдары террористік белсенділік аймақтарына (ТБА) өз еркімен аттанған азаматтарын елге оралту арқылы оларға – атамекенде жаңа өмірді бастауға, ал балаларына – бейбіт өмір сүруге мүмкіндік берді.

Эвакуацияланған, лаңкестік құрылымдар құрығынан құтқарылған репатрианттардың басым көпшілігі балалар екені байқалады. Олардың кейбірі бүлдіршін кезінде әкетіліп, атажұртқа жасөспірім кезінде ғана қайта алды. Мемлекет оларды қоғамнан бөлектеп жатпай, қарапайым мектептерге қабылдады. Бірақ бір гәп бар екен.

Татьяна Давыденко – орта мектепте осындай балалармен жұмыс істейтін педагог-психолог. Өзін бір мәселе мазалайтынын айтады.

"Біздің мектепте ТБА-дан оралған балалар оқиды. Олар әлгі ошақтардан қайтарылған соң, білім деңгейлері тексеріліп, соның қорытындысына қарай көпшілігі жасынан әлдеқайда төмен сыныптарға жіберілді. Еңбексүйгіш, өмірге құштар балалар. Содан бірнеше жылдан бері олардың қамқоршылары да, мектептер де оларды бір сынып жоғары ауыстыруға талаптанып келеді, бірақ нәтиже шығара алатын емес. Мысалы, бұл оқушылардың ең ересегі 17-ге толды. Бірақ 8-сыныпта оқиды. Жігіт сыныптастары арасында өзін өте ыңғайсыз сезінеді, ұялғаннан үнемі төменшіктеп жүреді. Құрбы-құрдастарымен бірге оқығысы келетінін айтады. Мектепке келуге ынтасы төмен, бірақ сабаққа қатысуды Отан алдындағы парызы және жауапкершілігі деп түсінеді. Бозбаланың болашаққа жоспарлары бар. Өз қатарластары биыл не мектеп бітіріп жатыр, немесе алды колледждерде мамандық игеруде", – деді Т.Давыденко.

Мұндай мысалдар жетерлік. Мәселен, ТБА аймағынан оралған 14 жасар жасөспірім 6-сыныптағы кішкентай балақайлармен оқып жүр. Ал 11 жасар қыз аузынан сүті кеппеген балдырғандар арасында, бастауыш сыныптарда оқиды.

Мектеп психологтары олардың осындай жағдайда үнемі ұялып жүруі бұл балалардың қоғамға кірігуіне игі ықпал етпейтініне назар аудартады. Сондықтан олар үшін жеке емтихан қабылдау арқылы жоғарылау сыныптарға ауыстыру әдістемелері әзірленгені абзал. Тіпті үштікке оқыса да, құрдастарымен бірге жүру олардың әлеуметтенуіне, өзін жайлы сезінуіне үлес қосар еді, деген ойда мамандар.

Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді.

"Террористік қызметтен зардап шеккен, кәмелетке толмаған балалармен жұмыс Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" №382 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Ол бойынша білім беруді басқару органдары осындай балалар туралы мәліметтерді алған сәттен бастап, баланың психологиялық, медициналық, педагогикалық консультациясын жүргізеді. Сөз болып отырған проблема бар, ол әлгіндей кеңестер барысында да анықталуда. Біздің комитет мәселені бақылауына алады. Бірақ кәмелетке толмағандармен жұмыс қолданыстағы заңнама аясында ғана жүргізіле алады", – деп түсіндірді министрлік комитеті.

Яғни, әзір бұл мәселе шешілмейтінге ұқсайды.

Философия ғылымдарының докторы Юлия Шаповалованың байламынша, бұл балалардың тауқыметі, трагедиясы, тағдыр тәлкегі сол, террористік зорлық, қантөгіс ошағында өскен, күн сайын тек жанбағыстың, аман қалудың амалын қарастырып, тіршілік еткен балалар "адам өмірі ештеңе тұрмайды" деген идеологиядан басқаны білмеді, адам ретінде жақсы өмір сүруге, бақытты болуға құқылы екенін білмеді. Оларды жан бағудан адами дамуға көшіру қажет.

Қырғын ошақтарында "ар, абырой, тұлғалық кейіптен айрылудың" теріс тәжірибесінен арылту, лайықты өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, құқығын қалпына келтіру, болашаққа қатысты өмірлік ізгі жобаларды құра білуге үйрету – ТБА ошақтарынан оралған балалар мен әйелдерді реабилитациялау мен реинтеграциялаудың басты міндеті болыпты. Сарапшы бұл ұзақ жұмысты талап ететін мәселе, сондықтан сауықтыру жұмыстары жалғасуы керек екенін білдерді. Осы мақсатта бюджеттен қаржыландыру арқылы үкіметтік емес ұйымдар сауықтыру орталықтарын құрды. Енді ол орталықтардың жұмысының нәтижелерін бағалау да күн тәртібінде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу