Жыл аяқталмай тұрып, Үкімет Ұлттық қорға тағы да қол салуы мүмкін

4924

Бұл жыл аяғына дейін Ұлттық қорға қайта жүгінбей, ішкі қаржы мәселесін шешудің қиынға соғатынын көрсетеді.

Жыл аяқталмай тұрып, Үкімет Ұлттық қорға тағы да қол салуы мүмкін Фото: canva.com

2024-жылдың сегіз айы бойынша еліміз бұған дейін Ұлттық қордан бюджетке түскен қаражаттың денін сарқа жұмсаған. Сол себепті күздің алғашқы айларында қазынадан қаржы алу көлемінің ұлғайғаны жөнінде хабарлануы мүмкін.

Республикалық бюджет туралы қолданыстағы заңға сәйкес 2024-жылы кепілдендірілген трансферт 2 триллион теңге көлемінде, ал көзделген қаржы 1,6 триллион теңге мөлшерінде жоспарланған болатын.

Алайда, ҚР Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттердің көлемі ағымдағы жылдың алғашқы 8 айында 3,45 триллион теңгені құрады.

Мұндай шығындарды елімізде жыл басында бұрын-соңды болмаған су тасқынынан кейін зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру мәселесін мемлекет толығымен өз мойнына алғандығымен байланыстыруға болады. Десек те, бұл ретте Үкіметтің трансферттерді ұлғайтудан басқа – бюджет тапшылығын қаржыландыруының басқа жолы қалмайды.

Мамандардың пікіріне жүгінсек, экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, 2024-жылдың бірінші жартыжылдығында бюджетке түсетін салық түсімдері жылдық жоспарға 38,5% ғана орындалған. Бұл жыл аяғына дейін Ұлттық қорға қайта жүгінбей, ішкі қаржы мәселесін шешудің қиынға соғатынын көрсетеді.

"Мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың талап еткеніндей, "қолда бар қаражатпен ғана өмір сүру" тәсілінің бюджет үшін жұмыс істемейтінін білдіреді. Биылғы жылы фискалдық импульс 2023-жылмен бірдей деңгейде сақталатындықтан, ҚР Ұлттық Банкінің ескертуінше, халықты несиелендіру және бюджетке трансферттердің ұлғаюы салдарынан ақша массасы жеделдетілген қарқынмен өсе береді" - деп, түсіндіреді экономист Айтқазин.

Экономикамыздағы тұрақты тұтынушылық инфляция сақталып қала береді, өйткені, ол трансферттермен қамтамасыз етілетін фискалдық арна есебінен қаржылай қолдауға ие.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты жылдағы дәстүрлі Жолдауы еліміздің қаржылық жағдайына, атап айтқанда, Ұлттық Қорды басқаруға сыни шолу жасаудан басталған болатын.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ұлттық қордың рөліне жеке тоқтала келіп "Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет" деп, баса назар аудартқан еді.

Естеріңізде болса, тамыз айында ҚР Ұлттық валютасының бағамы 1 доллар үшін 481,61 теңгені құрап, өз кезеңінде тағы бір мәрте психологиялық деңгейге жеткен еді. Араға уақыт салып әлемдік қаржы нарығында АҚШ доллары өзінің халықаралық валюталарға деген қысымын азайтқан. Соның арқасында теңге өз құнын қалпына келтіре бастаған сәтте, нарықта Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 73 долларға дейін төмендеді. Мұның бәрі Қазақстан экономикасының жағдайына елеулі әсер етпей қоймады.

ҚР Ұлттық Банктің мәліметінше, тамыз айында елдегі банктердің теңгелік позициясының ұлғайғандығы байқалған. Оны салымшылардың өз теңгелік депозиттерін валюталық депозитке жаппай аудару әрекеті орын алмағанымен түсіндіреді. Сондықтан ағымдағы теңгенің бағамдық өзгерісі – валютаға сұраныстың нақты өсуінен гөрі, қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерімен көбірек байланысты деген қорытынды жасауға болады.

Трансферттердің ағымдағы көлемі қолданыстағы бюджет тапшылығын жаба алмайды, өйткені, бюджетте бекітілген мұнай бағасының әлемдік нарықта құлдырауы себепті ел қазынасына түскен кірістер экономикадағы инфляцияны ауыздықтауға қауқарсыз.

Сондықтан да Үкімет жақын күндері бюджет тапшылығын жабу үшін бөлінетін трансферттердің көлемін кеңейтуі ықтимал, бұл ұзақ мерзімді перспективада теңгені тұрақтандыруға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу