Жыл оқиғаларына шолу: 2022 әлем үшін несімен есте қалуы мүмкін?

2638

Кейде бірдеңенің болғанынан болмағаны маңыздырақ. Солардың бірі – соғыс. Дегенмен жер-жаһанды елең еткізген өзге де жаңалықтар аз емес. Олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

Жыл оқиғаларына шолу: 2022 әлем үшін несімен есте қалуы мүмкін?

Украина

Биыл ақпанның 25-і күні кешкісін, яғни, Ресей танктері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропада ең ірі әскери шабуылға кіріскен соң бір күн өткенде, РФ жауынгерлері Киевтің шетіне жетті.

Қалаға артиллериялық снаряд жауып жатқанда, Украина қорғаныс министрлігі тұрғындарды басқыншыларға тойтарыс беру үшін отты шөлмек жасауға шақырды.

Президент Владимир Зеленский болса, елінің тәуелсіздігін қорғауға уәде беріп, қала көшелерінде көмекшілерімен бірге бейнемәлімдеме жасады.

"Бүгін түнде олар штурмды бастайды. Өзімізді не күтіп тұрғанын түсініп, Ресейге төтеп беруіміз керек", – деді Зеленский.

Ешқандай штурм жасалған жоқ және арада 10 ай өткенде дүние жұрты Мәскеудің "арнайы әскери операциясы" тұралағанына куә болып отыр. Кейбір жерлерде ресейліктер шегінуге мәжбүр. Ал Мәскеуде көпшілік Ресей армиясы бірнеше күнде-ақ жеңіске жетіп, Зеленский үкіметін биліктен тайдырып, Киевте Кремльге қолайлы режим орнайды деп күткен еді.

Рас, қазір Ресей армиясы Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі кең аумақтарды әлі бақылауда ұстап отыр.

Сонымен қатар қарулы қақтығыс кезінде кемінде 40 000 бейбіт тұрғын қаза тауып, 14 миллион адам босқындық кебін киді. Бірақ батыстың миллиардтаған долларлық қару-жарағымен күшейген Украина сарбаздары жауынгерлік рухы әлсіреген ресейліктерге қарағанда әлдеқайда зерек әрі тиімді екендерін дәлелдеп берді.

АҚШ

Қараша айында өткен аралық сайлауда Америка Құрама Штаттарында Республикалық партия Өкілдер палатасын бақылауға алды. Бірақ үлкен басымдықпен емес, 10 орынға жетпес артықшылықпен ғана.

Сонымен қатар бұл партия Сенатты қайтарып ала алмады және бірнеше губернаторлық лауазымнан айрылды.

Демократтар болса, 2020 жылғы президенттік сайлауда республикалықтар дау шығарған және нағыз саяси тартыс алаңына айналған үш штатта мемлекеттік хатшылық посттарын ұтып алды.

Экономика

Экономикаға келсек, әлемнің ірі орталық банктерінің көпшілігі пайыздық мөлшерлемелерді көтеру үшін наурызды күтті.

Еуропа Орталық Банкі болса, шілдеге дейін қозғалмады. Сондықтан бұл аймақтағы монетарлық саясат сұңқарлары инфляцияның өсуіне жол берілді деп шағымданды. Әлем экономикасын  ұзақмерзімдік перспективада не күтіп тұр? Федералдық резерв жүйесі АҚШ экономикасын рецессиядан сақтай ала ма?

Бұл сауалдардың жауабы 2023 жылы анықталады. Қазірдің өзінде кейбір экономикаларда инфляцияның шарықтау шегіне жеткенінің алғашқы белгілері байқалып, өндірістік өсім баяулап барады.

Климат

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мысырда өткен климаттық саммитіне қатысушылар климаттық апаттар қаупіне душар болған кедей мемлекеттерге көмектесу қорын құруға келіскенімен, атомосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды қысқарту жоспарлары бойынша уағдаласа алмады. Ал Қытайдағы рекордтық аптап ыстық, Пәкістан мен Еуропадағы алапат су тасқындары, Үндістандағы, Италиядағы және Чилидегі мұздықтардың еруі планетамызда климаттың қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын еске салып отыр.

Иран

Сонымен қатар 2022 – Иранда орамалды "дұрыс тақпағаны" үшін қамауға алынған 22 жастағы Махса Әмини әдеп полициясының фургонында қайтыс болғаннан кейін наразылық шерулері басталған жыл. Куәгерлер Әминидің соққыға жығылғанын айтады, ресми Тегеран бұл мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді. Көбінесе әйелдер басқарған қарсылық акциялары бүкіл елге және әлеуметтік топтарға тарады. Демонстрациялар неғұрлым ұзаққа созылса, Ислам Республикасына билігіне соғұрлым қауіп төнеді деген болжам бар.

Тағы не болды?

2022 жылы тағы не болды? АҚШ доллары көтеріліп, крипто күйреді, Илон Маск Twitter-ді сатып алды. Ал Латын Америкасы солшылдарға бет бұрып, Эфиопиядағы азаматтық соғыста атысты тоқтату туралы келісім жасалды.  Солтүстік Корея қайта-қайта зымыран ұшырды.

Сонымен қатар биыл Ұлыбритания патшайымынан айырылып, жаңа корольге ие болып, Даунинг-стритте үш премьер-министр ауысты.

Covid

Биыл әлемнің көп бөлігі COVID-тен, эпидемиологиялық тұрғыдан болмаса да, әлеуметтік жағынан ақыры құтылды. Үлкен ерекшелік Қытайда. Оның нөлдік COVID саясаты соңғы бірнеше аптада наразылықтар мен толқуларға түрткі болды. Ал қазан айында Коммунистік партия съезінде президент Си Цзиньпин дәстүрді бұзып, билігін күшейтіп, үшінші мерзімге қалды. Бұл статус-квоға коронавирусқа қарсы қатаң шаралар әсер ете ала ма? Әзірге жауап жоқ.

2022 жылы inbusiness.kz осы оқиғалардың барлығын және өзге де мыңдаған жаңалықты хабарлады. 2023-те де сіз қайда жүрсеңіз де біз алдыңызға әлемді тағы әкелуге тырысамыз.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу