Жылқы өсірумен қалалықтар да айналыса бастады

3524

Топан суға қатысты 11 өңірде ТЖ енгізген Үкімет жұтқа байланысты неге төтенше жағдай жариялаудан бас тартқанын түсіндірді. 

Жылқы өсірумен қалалықтар да айналыса бастады Фото: canva.com

Ұлытау жақта неге жылқы жаппай қырылды?

Eldala.kz мамандандырылған аграрлық порталының жазуынша, қазіргі кезде ауылда жылқы өсірумен қалалықтар да айналысады. Өйткені "жылқы шаруашылығы аса көп инвестицияны талап етпейтін табысты бизнес" деген пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, әдетте Қамбар атаның түлегі жыл он екі ай жайылымда жайыла алады, оны қорада ұстаудың қажеті жоқ. Тебіндеп, өз азығын өзі табады.

Сөйтіп, инвестор азықжемнен көп ақшасын үнемдейді. Тек жылқышы бас-көз болып, мал ұрылары мен ит-құстан қорғаса болғаны. Бұл ретте жылқы еті елімізде де, шетелде де тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие. Әрі жылқы еті құс, қой, сиыр етінен әлдеқайда қымбат бағаланады.

Сондықтан біраз инвестор бұл бизнеспен өзі айналыспайды: әлдебір ауыл-ауданның жанынан жайылым жер ала алса, сол елді мекеннен жылқышыларды жалдайды, тиісті жалақысын ай сайын аударып тұрады. Малының амандығы туралы видеоесепті WhatsApp, Telegram арқылы қабылдайды. Өзі қаласында тұра береді, жылына бір рет инспекциямен ауылға барып, өз активіне түгендеу-ревизия жүргізеді.

Бизнесмен, Ангус республикалық палатасының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, бұл схема ғаламшарды жайлаған климаттық күйзелісті, табиғи апаттарды, жұтты ескермейді.

"Қыста кенеттен ауа райы жылынып, жиі жауын жауатынды шығарды. Салдарынан қар мұзға айналып, тоң болып қатады. Оны тұяғымен тебіндеп жара алмаған жылқылар азықжемсіз қалады. Мұндай жағдайда оларды қолдан қоректендіру керек, олай жасамаса, шетінен қырылады. Егер қожайын қашықта, қалада отырса, қыстың қамын жасап, мұндай жағдайға дайын болмаса, ал, жылқышысы үйірдің өз бетінше жайылатынына жаман үйренсе, онда мал азық таба алмайды. Бүгінде жайлау-жайылымның бәрі тегіс бөлініп қойылған, көршінің шабындығына түсу қылмыс. Малды жұттан аман сақтау үшін қиянға кетіп, ешкім басын бәйгеге тікпейді", – деді сарапшы.

Оның байламынша, Ұлытау өңірінде дәл сондай жағдай туындап, шамамен 1 500-дей жылқы қырылып қалды.

Масқарасы сол, жергілікті тұрғындар әр түкпірде теңкиіп, өліп жатқан жылқыларды көріп, жүректері қан жылады. Бірақ олардың қожайыны кім екені белгісіз қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің сендіруінше, бүгінде жаппай қырылған жануарлардың көпшілігінің иелерін анықтау мүмкін болмады. Себебі, олар идентификациялану рәсімдерінен өтпеген, құлағына сырға тағылмаған, санына таңба басылмаған.

Дәурен Салықов иесіз-қараусыз мал проблемасы жалғыз Ұлытауда ғана емес, барлық облыста белең алғанын айтады.

"Өмірем қапқан байғұс жануарлардың шын қожайындары бар, тіпті жергілікті әкімқаралар олардың кімдікі екенін іштей біліп те отыр. Бірақ қожайындары өз жылқыларын есепке қоюдың мемлекеттік жүйесіне енгізбеуге, идентификациялаудан өткізбеуге ұйғарған. Оның сантүрлі себебі болуы мүмкін. Соның бірі – өз бетінше мал ұстайтын азаматтар мемлекеттің өздерін шаруа қожалығы, дара кәсіпкер немесе ЖШС мәртебесін алуға міндеттеуінен қашады. Малы көптігін мемлекет білсе, осылардың бірі ретінде тіркелуге мәжбүрлейді. Содан соң оған мемлекетке қомақты салық төлеуге тура келеді", – деді Д.Салықов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, басқа да себептер жетерлік. Мысалы, билік ауылдағылар ұстай алатын малдың басын шектеуде. Салдарынан, ауыл кәсіпкері қолындағы малының саны өзіне бекітілген белгілі бір көлемдегі жер телімінде ұстауға рұқсат етілген мөлшерден – нормативтен асып кетсе, жазаланбауы үшін "басыартық" төлдерін тіркеуге қоймайды, сырға салмайды.  

Идентификация жүргізілмеген малға жергілікті ветеринарлар вакцина екпейді. Салдарынан, олардың ағзасы әлсіреуі, немесе қауіпті дерттер жұқтыруы мүмкін. Ондай мал індеттеріне бүгінде әбден ластанған қазақстандық дала тұнып тұр.

Ангус республикалық палатасының директоры қатаң шара қабылдауды ұсынады.

"Облыс әкімдігі өздерінде бар қаша-қоршау ішіне сәйкестендіру белгілері жоқ барлық малды қамауы керек те, "жасыл дәліз" жариялауы қажет. Ол малдарға мемлекет қаражаты есебінен малды жалпы идентификациялау науқанын жүргізу керек. Егер ары қарай да иесіз малдар қараусыз жүрсе, оларды жинап, тағы қамауға тиіс. Малын алуға келген қожайынын тіркеп, айыппұлмен жазалап, сәйкестендіруді өз қаржысына жүргізуге мәжбүрлеген жөн", – деді Дәурен Салықов.

Егер қожайыны келмесе, қолданыстағы заң "иесіз малды әкімдіктің меншігіне алуға" рұқсат етеді.

"Жасыл дәліз" неге жарияланбады?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жасыл дәліз науқаны бұған дейін үш рет жүргізілді. "Жасыл дәліз-1" 2021 жылғы 1 наурыз–31 мамыр аралығын қамтыды. Оның барысында, 2020 жылы сәйкестендіру жүргізілмеген 1 млн 115 мың 449 бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелді.

"Жасыл дәліз-2" 2021 жылғы 10 тамыз–20 қазан аралығында тек бір өңірде жүзеге асырылды: Маңғыстау облысы бойынша бірдейлендіру жүргізілмеген 72 мың 539 ауыл шаруашылығы жануары тіркелді.

"Жасыл дәліз-3" ең ұзағы болды: 2022 жылғы 10 ақпаннан 31 мамырға дейін ұзап, идентификацияланбаған 1 млн 482 мың 387 бас малды тіркеді.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов "жасыл дәліз" жариялау қажет емес деп отыр: онсыз да әкімдіктерде тиісті құзыр бар, бірақ енді жасыл дәлізді комиссия құрып жүргізуі шарт.

"Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар арнайы комиссия құрып, өлім-жітімге ұшыраған ауыл шаруашылығы жануарларының санағын жүргізуде. Тіркеуде болмаған малды санаққа қосуға рұқсат алу үшін "жасыл дәліз" ашудың қажеті жоқ екенін атап өткен жөн. Себебі, 2023 жылғы 2 ақпанда Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының 30-1-тармағына өзгерістер енгізіліп, "жасыл дәліз" функциясы қарастырылды. Аталған тармаққа сәйкес бұрын "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" дерекқорында тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларына тиісті шаралар жүргізіліп, сол ауылдық округтің ветеринар дәрігеріне "жасыл дәліз" функциясы берілді", – деді Премьер.

Биылғы 3 сәуірде "AMANAT" және "Ақ жол" партияларының парламенттік фракцияларының депутаттары Үкіметке сауал жолдап, Ұлытау өңірінде төтенше жағдай енгізуді ұсынған болатын. Бұл малы қырылған шаруаларға өтемақы алуға мүмкіндік берер еді.

Үкіметтің бұдан бас тартып, депутаттардың меселін қайтарғаны белгілі болды. Премьер-министрдің айтуынша, малдың жаппай қырылуына Ұлытау облысының аумағында қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыз болуы себепкер: боран, қар, жаңбыр, аяз жайылымда жүрген жылқы малының өлім-жітіміне соқтырған.

Мән-жайды анықтау мақсатында 2024 жылғы 26–27 наурыз аралығында Ауыл шаруашылығы вице-министрі бастаған жұмыс тобы іссапармен Ұлытау облысында болды.

"Топ Қаражал қаласының, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының ауылдық округтерінде болып, мал шығыны тіркелген шаруа қожалықтарының, жеке қосалқы шаруашылықтардың иелерімен кездесу өткізді. Ұлытау облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда облыстағы өлген малдың басым бөлігінде бірдейлендіру нөмірлері жоқ, олар дерекқорға  тіркелмеген, чиптері немесе тавросы жоқ. Осыған байланысты олардың иелерін анықтау мүмкін болмады. Заң талаптары бойынша малының шығын болғаны жөнінде ресми өтініш түспеуіне байланысты малдар иесіз болып саналады. Яғни, өңірде Төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ!" – деді Олжас Бектенов.

Көктем өз күшіне енгелі, қыс бойы қырылған қаншама малдың өлексесі бұзыла бастады. Үкімет басшысы мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардан індет өзге малдарға тарамауы үшін жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі қолға алынуда екен.

Бұл шаралардың бәрін жүргізу үшін Ұлытау облысының әкімдігі жұмыс тобын құрды. Оған ауылдық округ әкімдері, әкімдік мамандары, учаскелік полиция, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар, тіпті жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағалары кірген көрінеді.

"Қазіргі кезде жұмыс тобы өлекселерді жинау, жою жұмыстарын ұйымдастыруда. Жалпы саны 1 526 жылқының өлексесі жойылды. Эпизоотиялық жағдайды тұрақты қалыпта сақтау мақсатында Ұлытау облысы бойынша 2024 жылға ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының алдын алу үшін профилактикалық екпе жұмыстарын жүргізуге 22 аса қауіпті ауру бойынша бюджет қаражаты есебінен 1,9 миллион вакцина салу жоспарланған", – деді Олжас Бектенов.

Жыл басынан бері бекітілген жоспарға сәйкес 255 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларына екпе жұмыстары жүргізіліп болыпты. Премьер Ұлытау облысы аумағындағы эпизоотиялық ахуал ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болатынына сендірді.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин биылғы Арқадағы жұтта шенеуніктер өлексе санаумен және жоюмен шектелгеніне қапаланды.

"Арқада мал қырылды, қырылмағаны көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінде 100-ден астам жылқы құлаған. Тек қана Қаражалдың өзінде – 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай далада шашылып жатқаны қаншама?! Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай нәубет жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды", – деп өкінеді Е.Сатыбалдин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу