Сауалнамаға қатысқандардың 54%-ы жыныстық сипаттағы барлық заңсыз әрекетпен күресу керек десе, 28%-ы қоғамда бұдан да күрделі әлеуметтік шиеленіс бар екенін алға тартады. Респонденттердің 11%-ы бұл әр адамның жеке мәселесі деп түсінсе, 7%-ы жыныстық бопсалау маңызды мәселе емес деп ойлайды.
Бұл туралы MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған онлайн-конференцияда мәлімделді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Айта кетейік, 2021 жылғы 13-19 қыркүйек аралығында еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында "Қазақстандықтардың жыныстық бопсалау туралы ойы" деген тақырыпта жүргізілген сауалнамаға 1 100 адам қатысты. Сауалға жауап бергендердің 53% – ер, 47%-ы – әйел адам болды. Олардың 92%-ы жыныстық бопсалауды назардан тыс қалдыруға болмайтынын кесіп айтты. 35%-ы жыныстық бопсалауға барғандар жазалануға тиіс екенін жеткізді. Респонденттердің 72%-ы жыныстық бопсалауға қатысты мәселені полиция, 10%-ы әр адам өзі шешуге тиіс десе, 7%-ы достар, туыстар немесе құдай қосқан косағыңыз көмектесуі керек деген байлам жасады. Ал 5%-ы жұмыста болатын жыныстық бопсалау бойынша басшылыққа немесе кадрлар бөліміне шағымдануды ұсынды.
Сұралғандардың 55%-ы жыныстық бопсалауға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп санайды. Бір қызығы, азаматтардың 34%-ы бопсалаудың алдын алудың маңызды факторларының бірі ретінде мектеп бағдарламасына жыныстық білім беру курсын енгізуді қолдады. 34%-ы халықтың құқықтық және этикалық сауаттылығын арттыруды жақтады. 29%-ы жыныстық бопсалаумен күресу үшін белсенді ақпараттық науқан қажет деп ойлайтынын мәлімдеді. Сауалнама қазақстандықтардың жыныстық бопсалаумен мемлекеттік деңгейде күресу қажеттігін қалайтынын көрсетті.
Халықаралық заңгер, құқықтық саясатты зерттеу орталығы бағдарламаларының үйлестірушісі Аяжан Ойраттың айтуынша, сотта жыныстық қолсұғушылықты дәлелдеудің қиындығын жою үшін ел заңнамасына өзгеріс енгізу қажет. Себебі қолданыстағы заңда жыныстық бопсалауға нақты анықтама берілмеген және жаза қарастырылмаған.
Жыныстық қолсұғушылық мәселесі Еңбек кодексінде, Қылмыстық кодексте және Әкімшілік кодексте адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, тіл тигізу, әдепсіз әрекет жасау, бұзақылық деген баптарда ғана қарастырылған.
Жиында айтылғандай, жыныстық бопсалау харассменттен басталуы мүмкін екен. Бұған дейін белгісіз біреудің сізді қасақана жанап өтуі немесе интимді тақырыптағы әңгімесі жаныңызды жаралаған болса, онда сіз харассментке ұшырағансыз.
"Харассмент сөзін жыныстық бопсалау деп аударуға болады. Бұл – адамға физикалық тұрғыдан қысым көрсету деген сөз. Біреудің қалауынсыз басын сипалау, денесіне қол тигізу, аяғын ұстау харассменттің белгісі. Адамға сөз арқылы да жыныстық бопсалау жасалады. Яғни қатынас құралы арқылы төсекке жабайы формада шақыру", – деді Аяжан Ойрат.
NORC ұйымының жіктеуінше, харассменттің, яғни сексуалды зомбылықтың 6 түрі бар. Осыдан 2 жыл бұрын NORC ұйымы 1 182 әйел арасында сауалнама жүргізген. Қорытындысында олардың 81%-ы өмірінде бір рет болсын сексуалды зомбылықтың бір түріне ұшырағанын айтқан.
1182 әйелдің 23%-ы сексуалды шабуылға ұшыраса, 30%-ы эксгибиционизм құрбаны болған. Эскгибиционизм дегеніміз – жыныстық мүшені көрсетіп, біреуді шошыту. Ал әйелдердің 27%-ын әлдекімдер аңдып, үрейде ұстаған.
40%-на виртуалды киберхарассмент жасалған. 49%-ы бейтаныс жанның қасақана жанасуын бастан өткерген. 76%-ы вербалды яғни сөз харассментінен зардап шеккен.
Қанат Махамбет
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !