Жыраудың домбырасына 66 жылдан соң жан бітірді

Қызылордалық жырау Майра Сәрсенбаева атасы Сәрсенбай жырау тартқан домбыраны сахнаға қайта алып шыққысы келеді.

Жыраудың домбырасына 66 жылдан соң жан бітірді Фото: inbusiness.kz

Құнды жәдігерді Сырдария ауданы, Шаған ауылының тұрғыны Бақтыгүл Бисембаева қаншама жыл көзінің қарашығындай сақтапты. Тіпті, домбыраны баласына да, немересіне де ұстатпаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сәрсенбай жыраудың мұрасы 66 жыл бойы төрден түспеген. Бақтыгүл апай киелі аспаптың әлде де ғасырларды артқа тастауы үшін Қызылорда қалалық музей қорына табыстап отыр. Оған домбыраны атасы Қардаш Әсімов аманаттаған. Еңбек адамы болған Қардаш ақсақал елге келген ақын-жырауларға сый-құрмет жасап, алты қанат қараша үй тігеді. Шаруаның қонақжайлығына ризалық танытқан Сәрсенбай жырау қолындағы домбырасын Жетпісбай Әсімовтың қолына ұстатады.

"Үйге кім келсе де, атам "бұл – Сәрсенбай жыраудың домбырасы" деп айтып отыратын. 1987 жылы бөлек шықтық, сол кезде атамыз "мына домбыра – сендердікі" деп әкеліп берді. Өзіме бұл домбыра үлкен жырау кісі тартқан деген соң киелі болып елестеді. Сондықтан балама да, немереме де ұстатқан жоқпын", – дейді Бақтыгүл Бисембаева.

Атасы ұстаған домбыраны көруге асыққан қызылордалық жырау Майра Сәрсенбаева "Ендігі арманым – атамның домбырасын сахнаға алып шығу" дейді. Сәрсенбай жыраудан қалған құнды жәдігермен қауышқан ол 66 жылдан соң аспапқа қайта тіл бітіріп, жырдан шашу шашқанын ерекше толқыныспен есіне алды.

"Біздің қолымызда Сәрсенбай атамыздың құрастырмалы домбырасы болды. Ол домбыраны атам қоржынына салып алып, Өзбекстан, Қарақалпақстан жақта да ел аралап өлең айтқан, жыр жырлаған екен. Ал, музейге Бақтыгүл апайымыз өткізіп отырған домбыраның күйі мүлдем бөлек, өте жақсы сақталған. Осындай бір ғасырлық тарихы бар құнды жәдігерге иелік етіп, күтім жасаған апайымызға алғыс айтамын. Алдағы уақыттағы арманым – осы атамның қолынан шыққан керемет домбыраны сахнаға алып шығу. Сәрсенбай жыраудың артында ұрпағы, іздеушісі бар және оның мұрасын жалғастырушылар мен халқы бар. Сондықтан, домбыра алдағы уақытта рухани қауыммен қауышады", – дейді жырау Майра Сәрсенбаева.

Сондай-ақ жырау өз кезегінде қалалық музей қорына Сәрсенбай жырау тұтынған үш бөліктен тұратын құрастырмалы ағаш домбыра мен қолжазбаны табыстады. Арабша төте жазумен жазылған кітаптың бір бөлігі ғана аударылған. Әзірге екі дастан мен 7-8 термесі ғана нақты белгілі. Майра Сәрсенбаева болашақта қолжазбаны толық аударып, кітап ретінде шығаруды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу