Жыртылмаған жер тұқым себуге қолбайлау болып тұр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3771

Оңтүстік Қазақстанда былтыр күзде 445,4 мың гектар жердің 367,1 мыңы ғана өңделген.

Жыртылмаған жер тұқым себуге қолбайлау болып тұр

Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстарының басталғанына бір айдан асты. Осы уақытқа дейін жалпы жер көлемінің 82,4% -ы ғана жыртылды.

Биылғы қыс айларының қолайлы болғанына қарамастан, өңірде  жер жырту жұмыстары тиісті деңгейде  ұйымдастырылмады.  Мәселен, Шымкент қаласында  межеленген жердің 27 %-ы, Кентау қаласында – 50,2 %-ы Ордабасы ауданында  – 58,2% - ы, Түлкібаста – 42,7 % - ы, Төлебиде - 68 %-ы,

Созақта - 69,3 % - ы жыртылған.  Биыл облыс бойынша 36,7 мың гектар жерге тұқым себу көзделді. Бүгінге дейін 10,8 мың гектар жер ғана игерілді. Ал көкөніс 5,5 мың гектар жерге егілуі тиіс болатын. Бұл жерде де жоспар орындалмай жатыр. Себебі сәуірдегі жауын-шашын шаруаларға қадам бастырмай тұр.

Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 38 мың тонна дизель отыны бөлініпті. Бұл ретте "PetroSun" ЖШС-нан алынатын 31 мың тонна жанармайды оператордың қоймасынан босату бағасы литріне 112-113 теңге болса,  тауар өндірушілерге жеткізіп беру бағасы 114-115 теңге болып белгіленген. Ал "ҚазМұнайгаз барлау өндіру" АҚ-нан алынатын 7 мың тонна жанармайды оператордың қоймасынан босату бағасы 124 теңге, жеткізіп беру бағасы – 126 теңге. Бүгінде  жанармаймен қамтамасыз ету мақсатында дәл осындай  2 0 оператор жұмыс істеп жатыр. Наурыз айына бөлінген 25 мың тонна жанармайдың құны толық төленіп, 13,1 мың тоннасы қоймаға әкелініп,  2,5 мың тоннасы  таратылған. Дегенмен  аудандарда жанармайды тұтыну төмен болып отырғанға ұқсайды. Бөлінген жанармайдың Түркістан, Түлкібас, Шардара, аудандарында 3-5%-ы ғана алынса, Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласында  бұл жұмыс әлі басталмаған.

"Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарына жылдық мөлшері 6-8 пайызбен барлығы 2,5 млрд теңге несие бөлінді. Оның ішінде "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы арқылы 500 млн теңге, "Ырыс" микро кредиттік ұйымы" ЖШС арқылы 1,5 млрд теңге, "Оңтүстік" АИО" ЖШС-ы арқылы 500,0 млн теңге қарастырылды. Несиелендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында облыс көлемінде жалпы ұзындығы 7067,2 шақырымдық 714 каналдың 2054 шақырымы механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Оның ішінде коммуналдық меншіктегі 5996 шақырымдық  504 каналдың 1729,6 шақырымы тазалауға сұранып тұр. Ал жеке меншіктегі 1071 шақырымдық 210 каналдың 324,4 шақырымы бақылауға алынуы тиіс.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 2054 шақырымдық су нысандарының 1176 шақырымы тазаланған. Алайда, Қазығұрт, Ордабасы,  Сарыағаш, Сайрам,  Созақ және Шардара аудандары мен  Арыс, Кентау, Шымкент қалаларында  тазалау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Осы олқылықтың салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы суармалы жер көлемі де жыл санап қысқарып келеді. Суармалы жердiң басым бөлiгi батпақтанса, бiрқатары ағын су жетпегендiктен сор тартып кеткен. Сондықтан күнгейдегi суармалы егiстiк жердiң 30% - ы өнiм беру мүмкiндiгiнен айырылған.

Рас, ауыл экономикасын көтеру үшiн ең бiрiншi – суармалы жердi тиiмдi пайдаланған абзал. Бұл – уақыт талабы. Жалпы Қазақстанда суармалы жердiң көлемi 2 млн. 400 мың гектарды құраса, Оңтүстiк Қазақстан облысында оның көлемi 457,3 мың гектарға жетедi. Толық игерiп жатса, аз жер емес. Десек те, соңғы жылдары өңiрiмiздегi суармалы егiстiк көлемi түрлi себептермен қысқарып келедi. Яғни айналымнан шығып қалды.

Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жаманбай  Бейсенбаев өзінің екі ұтымды ұсынысымен бөлісті. 

"Мен ауыл шаруашылығы маманы ретінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бір-екі ұсынысымды жеткізсем деп отырмын. Ең бірінші ұсынысым - облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасы жанынан суармалы жер көлемін анықтап, сараптап, зерттеп, зерделейтін арнайы бөлім ашу қажет. Аталған бөлім облысымыздағы суармалы егістік көлемін он саусағындай жетік біліп, қайта айналымға қосудың тиімді жолдарын ұсынып отыруы тиіс. Штат мәселесін шешіп, су ресурстарын басқару жөнінде арнайы жоғары білімі бар, білікті мамандарды жұмысқа тартқан абзал.  Екінші ұсынысым – ағын  суды көп шығындайтын дақылдардың көлемін біртіндеп қысқартып, оларды енді көкөніс, майлы және жем-азық өнім­деріне ауыстыру қажет. Сонда ғана біз өңіріміздегі суармалы егістіктегі түйінді мәселелерді жіті қадағалап, дер кезінде тиісті шараны қолға ала аламыз", - дейді Жаманбай Бейсенбаев.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы суармалы егістік көлемін арттыруға еліміздің су ресурстары комитеті де атсалысып жатыр.  Осыдан екі апта бұрын облысымызға Су ресурстары комитетінің  төрағасы Ислам Әбішев арнайы келіп,  Мақтаарал ауданындағы   коллекторлар жүйесін тазалау жұмысымен  танысты.

Жалпы, Мақтаарал ауданында колекторлық жүйелердің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Соның 400 шақырымы 15-20 жылдан бері тазаланбай, қамыс басып кеткен. Ағын су жіберу қабілеттілігінен айырылған коллекторлар толығымен тазаланса, өңірде ағын су тапшылығы едәуір азаяды деп отыр мамандар.

Биыл осы мақсатқа  республикалық бюджеттен  740 миллион теңге бөлінді.

Қазір мұндағы құрылыс жұмыстарына жалпы саны 38 техника жұмылдырылып, күніне 300 метр  коллектор тазаланып жатыр.

"Экскаваторларға қиындық туғызатын үлкен коллекторлар жүйесін тазалау үшін "Ватер-мастер" деп аталатын техниканы Қарағанды облысындағы Қаныш Сәтбаев каналын қазып жатқан жерінен арнайы алдырттық.  Техниканың тиімділігі сол – 4-5 экскаватордың жұмысын  бір өзі атқарады. Бұл техниканың шеберлері де қарағандылықтар. Осының арқасында күніне 300 метрдей жер тазаланып жатыр. Біздің мақсатымыз – 2017 жылы Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторлар жүйесін тазалап шығу", – деді ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Коллекторлар жүйесін тазартумен қатар, онда  ағатын суды таза сумен араластырып, насостар арқылы қайта пайдалану қарастырылып отыр. Ол үшін 30 насос сатып алынған. Тік дренаждардан  ағатын судың құрамын анықтап, оларды қайта пайдалану жазғы судан жыл сайын тапшылық көретін мақтааралдықтар үшін тиімді болмақ.

Мақтаарал ауданындағы 300-ге жуық тік дренаж "Қазсушардың" балансында. Бүгінде оның 260-сы жұмыс істеп тұр. 40 шақтысы биыл қайта жөндеуден өтіп, іске қосылмақ.  Сондай-ақ 212 тік дренаж Ислам даму банкі арқылы жөндеуден өткізіліп,  ПУИД-2 жобасы бойынша 149 тік дренаж жұмысын қайта бастамақ.

Ақжол Қараспан, ОҚО  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу