Зілзаладан соң туристер Түркияны таңдай ма?

6156

Түркия 2022 жылы әлем бойынша ең көп турист қабылдаған – үшінші ел 

Зілзаладан соң туристер Түркияны таңдай ма? Фото: ашық дереккөзден

Елдегі жер сілкінісі сөзсіз барлық салаға әсер етеді. Соның бірі – туризм бағыты. Түркия туристік ел болғандықтан, бұл саланың мемлекет  экономикасына қосатын үлесі зор.

Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі апаттан кейін Түркиядағы туризмнің жай-күйіне шолу жасап шықты.

Түркияның жанға жайлы климаты мен көз тартар көк теңізі, мыңдаған жылдың куәсі болған тарихи орындары туристерді тартпай қоймайды. Жыл оны екі ай әлемнің әр қиырынан саяхатшылар ағылып жатады. Осыны ұтымды пайдалана білген бауырлас елде туризм ел экономикасы үшін маңызды сала.

Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметінше 2022 жылы шамамен 1 миллиардқа жуық адам саяхаттаған. Ал пандемия кезеңінде бұл көрсеткіш тек 400 миллионнан асқан.

Өткен жылы туристер саны ең көп елдердің үштігіне Франция, Испания және Түркия кірді. Бұл ел 51 миллионнан астам саяхатшыны қабылдаған. Сөйтіп турист саны 50 миллионды құраған АҚШ пен Италияны басып озды. Франция 82 миллион туристпен бірінші орынға жайғасса, Испания 74 миллион турист қабылдады деген болжам бар. Ал үздік ондыққа Мексика, Греция, Англия, Германия және Португалия кіреді.

2020 жылы әлем бойынша 4,8 триллион долларды құраған туризм секторы 2021 жылы 5,8 триллион долларға жеткен. Түркия пандемия үдерісінде G20 елдері арасында ең аз шығынға ұшыраған мемлекеттердің бірі еді. Себебі 2020 жылы туризмнен түскен кіріс 12,1 миллиард долларды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 24,5 миллиард долларға жетті. Ал 2022 жылы ел экономикасына туризмнен түскен табыс 46 миллиард доллардан асты. Жалпы Түркияның туризм саласы 1980 жылдардан соң кіріс бере бастады. Ол кезде туризмнен түскен табыс 0,4 миллиард долларды құраған.

Биыл Түркия бұл көрсеткішті қайталай ала ма деген сұрақ бар. Себебі жер сілкінісі елдің туризм саласына сөзсіз әсер етті. Қираған аймақтардың ішінде туристік шаһарлар да бар.

Соның бірі  Газиантеп қаласы. Мәдени байлығымен һәм жүздеген жылдық тарихымен таңқалдырған қалаға 2018 жылы 1 миллион турист келген. Одан кейін пандемияға байланысты келушілер саны сәл азайған. 2021 жылы 800 мыңға жуық, ал 2022 жылдың алғашқы 7 айында Газиантепке келген турист саны жарты миллионнан асады. Мұнда қаланың тарихи және мәдени ғимараттарынан бөлек гастрономиялық турлар арқылы туризм жолға қойылған. Сондықтан жыл он екі ай аталмыш шаһарға туристер ағылып жатады.

Жер сілкінісінен зардап шеккен келесі қалалардың бірі  Шанлыурфа. Ол "Пайғамбарлар қаласы" ретінде де танымал. Мәдени туризмде маңызды орынға ие. Мұнда археологиялық алаң Гөбеклітепе орналасқан. Ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. 2019 жыл Шанлыурфаның туризмдегі алтын шағы деп аталады. Себебі аймаққа 5 миллионнан астам шетелдік және жергілікті саяхатшы келген. Ал 2022 жылдың 11 айында 570 мыңнан астам турист қабылдаған. 2023 жылы ислам әлемінің туризм астанасы болып жарияланған Шанлыурфаға осы жылы 1 миллионнан астам турист келеді деп жоспарланған. Оны енді алдағы уақыт көрсетер.

Жер сілкінісі кезінде Гөбеклітепе залал көрді ме деген сұрақ ЮНЕСКО ұйымын да, тұрғындарды да мазалады. Түркияның мәдениет және туризм министрлігі мәдени мұра және мұражайлар басқармасы жер сілкінісі болған аймақтардағы тарихи жәдігерлер туралы мәлімдеме жасады. Онда "Гөбеклітепе және Немрут тауы сияқты басқа да дүниежүзілік мұра нысандарына зақым келмегені" айтылған.

Десе де 6 ақпаннан кейін туристер де келуге қорқып қалғандай.  Мәселен, жер сілкінісінен кейін Түркияға саяхаттайтын ресейлік туристердің турлар мен ұшақ билеттеріне деген сұранысы төрттен бір есеге азайған. Сайттар апаттың алғашқы күні-ақ кейбір туристердің демалысқа барудан бас тартқанын жазады. Себебі жер сілкінісінен зардап шеккендерді қонақүйлерге орналастыру және аймақтағы көптеген тарихи ғимараттың қирауы салдарынан туристік сұраныс үзілген. Бүгінде 20-дан астам қалада жүздеген қонақүй зілзала құрбандарына есігін ашты.

Travletata.ru ресми өкілдері Түркияға сұраныс 25 пайызға азайғандықтан, ресейлік туристер Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр және Таиланд сияқты елдерге бет бұрғанын хабарлады. Ал Ostrovok.ru мәліметтері бойынша, жеке саяхаттайтын туристер санының азайғаны байқалады. Айта кетейік, Түркияны таңдайтын саяхатшылардың арасында ресейліктер көш бастап тұр. Тіпті, 2021 жылы ең көп турист Рсейден келген. Сонымен қатар германиялық туристік компания өкілі зілзаладан соң Түркияға демалыс үшін бронь жасаушылар саны азайғанын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу