Зиялы қауым өз ұлтының ақылы саналатын "капитал малайы" ма?

3404

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Зиялы қауым өз ұлтының ақылы саналатын "капитал малайы" ма?

Qmonitor.kz: "Зиялы қауым: өзін ұлтының ақылы санайтын "капитал малайы" ма?" деген сауал қояды аталмыш басылым. Бұл материалда қазақстандық журналистер мен жазушылар және қоғам қайраткерлері қазіргі қазақ зиялыларының қоғамдағы орны туралы сөз қозғайды. Біріншілері зиялы қауым өкілдерінің қоғамда беделі жоқ десе, екінші топ зиялы қауымды тыңдайтын халық кітап оқудан қалғанын айтады. 

Аталмыш басылым зиялы қауым кім деген сауалға жауап іздеген. Түрлі сөздіктегі сипаттама бойынша, зиялы қауымға білікті, білімді тұлғалар тобы жатады. Олар өз ұлтының "қаймағы", саяси әлеуметтік майданда жетекші орынға ие болатын адамдар. "Қазақстанда осындай адамдар бар ма" деген сұраққа жауап алу үшін басылым белгілі журналистер мен кейбір жазушыларды сөзге тартқан.

"Біздің қоғамдағы жағдай түбегейлі өзгеріп кетті. Көптеген өнегелік бағдардың түсінігі ауысты. Кеше ұят болып саналған дүние бүгінгі таңда мақтанышқа айналды, ал бұрын ерлік саналатын әрекет күлкіге айналды. Бұл жерде біреуді айыптап, біреуді даттаудан аулақпын, бірақ бәрі өзгеріп кетті, яғни соған бейімделу керек. Зиялы қауым атанған топ бүгінгі таңда күнін әрең көріп отыр. Көптеген адамға жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен ақын Олжас Сүлейменовтың пікіріне қарағанда Головкиннің пікірі маңызды",–дейді қоғам қайраткері Мұрат Телібеков.

Ал журналист Махамбет Әбжан Қазақстанда бүгінгі таңда ұлттық интеллигенция жоқ деген пікірді ұстанып отыр.

"Бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам зиялы қауым деп атайтын азаматтар өздерінің жағымпаздығымен халықты жиіркендіреді. Халыққа ұнамайтын кейбір реформаларды жүзеге асыру үшін осындай екі-үш адамды дайындап қояды. Олар өздерінің "келісімін" беріп қояды", – дейді журналист.

Liter.kz: "Ақтөбе соты 17 жасар жігітті түрмеге отырғызу туралы шешімін өзгертті" деп хабарлайды газет. Құқыққорғау орган қызметкерлері 17 жасар жігітті "Кәмелеттік жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынаста болды" деген айып таққан болатын. Енді 17 жастағы Нұрасхан Тынымжанов абақтыда отырмай 1,5 жылға еркіндігінен шектетілді. Сөйтіп жас жігіт ата-анасына оралған. 

Өткен жылдың қараша айында Ақтөбе соты Нұрасхан Тынымжановты айыпты деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда апелляциялық соттан кейін бұл үкім өзгертілді. Сөйтіп қаңтардың 13-і күні 17 жасар жігіт үйіне оралды.

Естеріңізге сала кетсек, 17 жастағы Нұрасхан Тынымжанов кәсіптік лицейдің 2-курс студенті. Нұрасханның сүйгенімен жүріп жүргеніне сегіз айдан асыпты. Жас ғашықтар отбасын құрмақ та болған. Бірақ оған ата-анасы рұқсат бермеген. Жастар қол ұстасып бірнеше рет үйінен қашқан. Жастардың бұл қылығы қыздың ата-анасына ұнамаған. Шешесі арнайы медициналық сараптама талап еткен. Ақыры Нұрасхан қамауға алынған болатын.

Express-k.kz: "Әлсіреген ақбөкендер адам жағалай бастады" деп жазады газет. Қатты аяздан әлсіреп қалған жануарларға көмектесу мақсатында арнайы топ мамандары Қарағанды облысындағы Жаңаарқа және Нұра айдындарына барған.  

Басылымның хабарлауынша, әлеуметтік желілерде ауа-райына байланысты әлсіреген ақбөкендер жолға шыға бастаған, елдімекендерге жақындаған. Мамандар мұны күйлеумен байланыстырып, мұндай жағдайда бөкендер әлсірейтінін айтады, кейде олар өліп те қалады. Бұл– табиғи құбылыс.

"Соңғы күндері Ақмола және Қарағанды облыстарында 14 киік өлген. Жалпы Қарағанды облысындағы киік саны 20 мың басқа жетеді", – деп жазады басылым.

Spik.kz: "Неге бізде қарапайым еңбеккерлерден гөрі министрлер жиі марапатталады?" деп сұрайды басылым. Бұл материалда тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтановтың пікірі берілген. Болат Сұлтанов өткен жылы коронавирус дертіне қарсы тұра білген дәрігерлердің марапатталмағанына өз өкінішін білдірген. 

Аталмыш басылымға сұхбат берген Болат Сұлтанов әңгіме барысында министрлер мен депутаттарды марапаттауға шектеу қою керек деген ұсыныс білдірді. Алайда соңынан мұндай шектеу қоюға болмайтынын айтты. Бірақ марапатқа лайықты адамдар ие болса деген ойын жеткізді.

"Министрлердің, депутаттардың, түрлі деңгейдегі жетекшілердің өмірбаянын оқығанда олар бес жыл сайын бір марапатқа ие болатынын көремін. Кейбіреулерінің кеудесі толған марапат. Шынын айтқанда депутаттардың кезекті марапатталуы ашуымды келтіреді. Менің пікірімше, жоғарғы мемлекеттік сыйлықты ең алдымен еңбек адамдарына беру керек: дәрігер, ұстаз, материалдық игілік жасайтын адамдарды марапаттау кере",– дейді Болат Сұлтанов.

Гүлмира Қамзиева

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу