"Ақжайық" Ресей жұртына өзін мойындатып келеді

2300

Ресей біріншілігінде Қазақстан намысын қорғап жүрген жалғыз "Ақжайыққа" қарап жатқан ешкім жоқ.

"Ақжайық" Ресей жұртына өзін мойындатып келеді

Расында, біздің елде бұл спорт түрін елеп жатқан ешкім жоқ десе де болады. Өйткені, Оралдың Ақжайық командасынан басқа бірде-бір клуб жоқ. Кезінде допты хоккей Алматы қаласында мықты дамыған еді. Алматының "Динамосы" кеңес одағы біріншілігінде алдыңғы орындар үшін таласушы бірден-бір команда болатын. Медеу шатқалына Евгений Агуреев, Александр Ионкиндердің ойынын тамашалау үшін қаншама адам жиналатын. Кеңес Одағы ыдыраған соң допты хоккей біртіндеп жоғала бастағаны жасырын емес. Кейін 1994-95 жылдары допты хоккей федерациясы Орал қаласына көшкенін білеміз. Сол кездегі Одақта болған барлық мемлекетте бұл спорт түрі тоқтап қалды деуге болады.

Тек Ресей біріншілігі тоқтаған жоқ, өйткені, орыс хоккейі саналатындықтан болар, әлі күнге әлемдегі нөмірі бірінші команда саналады. Бірақ, скандинавиялық мемлекеттер де осы бенди ойынына бейім екендігін жақсы білеміз. Қазіргі кезде өткізіліп жүрген әлем біріншіліктерінде Швеция мен Финляндия құрама командалары Ресейдің алдын орағанын да көріп жүрміз. Швеция мен Ресей 1-орын үшін таласса, финдер мен қазақтар әрдайым 3-орын үшін бәсекеге түсіп жүр.

Қазақстан құрамасы 3-орын алыпты дегенде ғана допты хоккейдің бары көпшіліктің есіне түсіп жатады. Ал сол Қазақстан құрама командасының негізгі құрамы осы Оралдың Ақжайық командасынан жасақталғанын өкінішке қарай кейбіреулер тіпті білмейді де.

Сол біздің жалғыз Ақжайық командамыз намысқа тырысып, еліміздің атынан Ресей біріншілігінің жоғарғы лигасында ойнап жүргені туралы да мағлұмат жоқтың қасы деуге де болады. Тіпті, біздің спорт телеарналарымыздан да осы допты хоккейді көріп жүргеніміз шамалы.

Біздің редакциямыз осы олқылықтың орнын толтыра алмаса да, ара-арасында "Ақжайықтың" бар екендігі туралы аз да болса мағлұмат беріп тұрғанды жөн санадық.

Ендеше, Оралдың "Ақжайығы" қазіргі таңда допты хоккейден бүкілресейлік жоғарғы лигасының екінші тобында өнер көрсетіп жүр. Шығыс коференциясы десек те болатын шығар. Осы екінші топтан үздік шыққан екі команда келесі маусымда суперлигада ойнауға жолдама алады.

Ақжайық хоккейшілері:

Горчаков Вячеслав – қақпашы

Такиров Нариман – қақпашы

Чебаков Павел – қорғаушы

Пантеев Сергей – жартылай қорғаушы

Суковин Евгений – қорғаушы

Никишов Максим – қорғаушы

Сандыбаев Асланбек – қорғаушы

Батырхан Бекзат – қорғаушы

Гущин Андрей – жартылай қорғаушы

Мұхит Болат – жартылай қорғаушы

Гаврилов Сергей – жартылай қорғаушы

Амангелдиев Ершат – шабуылшы

Грибанов Пётр – жартылай қорғаушы

Аманшин Самат – жартылай қорғаушы

Әліпқалиев Еламан – шабуылшы

Башаев Сергей – шабуылшы

Утебалиев Максим – шабуылшы

Недоступов Артем – шабуылшы

Подметалин Александр – шабуылшы

Тельманов Тимур – шабуылшы

Малышев Андрей – қорғаушы

Бөкешов Нұрбол – жартылай қорғаушы

Бас бапкер – Дмитрий Иванников (спорт шебері, 25.01.1969)

Бір қуантарлығы, арасында бірнеше қаракөздің бары және олар да мықтылар қатарынан көрініп жүрген жігіттер екендігі.

"Ақжайыққа" әзірге суперлигаға кіру арман болып тұр. Өз тобымызда төменгі сатылардан көтеріле алмай келеміз.

8 ойын өткізіп, оның екеуінде ғана жеңіске жеттік. Бір ойын тең түсіп, бесеуінде ұтылдық. Дегенмен, жігіттер әлі өз алаңында ойнаған жоқ, сырт алаңда 7 ұпай алу жаман нәтиже емес.

Ең алғашқы матчты 30 қарашада Краснотурьинскінің "Маяк" командасымен өткізіп, 5:3 себімен ұтылды. Екінші матч та сол командамен 1 желтоқсанда болды. Бұл ойында да "Ақжайық" "Маяктан" 7:1 есебімен ойсырай ұтылды. Маяк біздің топта екінші орында келе жатқан команда екенін айта кету керек.

Бұдан соң "Ақжайық" осы топтағы үздік үштікке кіретін Екатеренбордың "СКА-Свердловск" командасына қарсы ойнап, санаспауға болмайтын қарсылас екенін дәлелдеді. Алғашқы матчта 8:6 есебімен жеңіп, келесі күні тағы кездесіп, 7:4 есебімен тізе бүктірді.

Бұдан соң оралдықтар Верхний Уфалей қаласына аттанды. Онда да біздікілер екі ойын өткізіп, "Никельщик" қақпасына 5 гол соққанымен, 6:5 есебімен жеңілді. Екінші кездесуі 5:5 есебімен тең аяқталды.

13-14 желтоқсан күндері қазақстандық команда Удмуртияда екі ойын өткізді. Воткинск қаласының "Знамя-Удмуртия" командасынан 4:2 және 4:0 боп ұтылды. Осылайша, удмуртиялық команда осы екі жеңісінен соң турнир кестесінің 1-сатысына көтерілді.

Айта кету керек, осы ойыннан кейін "Ақжайық" ойыншысы Сергей Башаев жоғарғы лигадағы шабуылшылар тізімінде 1-орынға шығып отыр. Башаевтың соққан голдары 17-ге жетті. Оның алдында сыктывкарлық "Строитель" командасының шабуылшысы Юрий Маринов 17 гол соғып, алда тұрған болатын. Алайда, ол 8 ойында осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ал біздің Сергей Башаев бас-аяғы 6 ойын өткізіп, 17 гол салды. Енді ол келесі матчта "М.Комк атындағы үздіктер клубына" кіруі мүмкін.

Ақжайық 8 ойыннан кейін 7 ұпай жинап, әзірге 6-орында тұр.

Командалар былайша жайғасты:

1. Знамя-Удмуртия Воткинск – 16

2. Маяк Краснотурьинск – 12

3. СКА-Свердловск Екатеринбург – 12

4. Локомотив Орынбор – 9

5. Динамо-Казань-2 Қазан – 8

6. Ақжайык Орал – 7

7. Никельщик Верхний Уфалей – 5

8. Универсал Саратов – 0

"Ақжайық" келесі ойынын да сырт алаңда өткізеді. 17-18 желтоқсан күндері 4-орындағы Орынбордың "Локомотивіне" қарсы ойнайды. Бұдан соң біздікілер елге оралып, біраз тынығады. Ал жаңа жылдан кейін Орал қаласында "Локомотивпен" екі матч өткізеді. Бұл ойындар 14-15 қаңтарға белгіленген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу