"АрселорМиттал Теміртау"-да үш кенші қаза тапты

14835

Сонымен қатар 5 адам жарақат алды. Олардың екеуінің халі нашар. 

"АрселорМиттал Теміртау"-да үш кенші қаза тапты

Кәсіпорынның баспасөз-қызметі апаттың мән-жайын айтпай отыр. Дегенмен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриялдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті оқиғаны былай деп түсіндірді: "2016 жылдың 10 қарашасы сағат 14.30 минутта "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Саранская" кенішінде 7 кеңістіктің К9 бас конвейерлік еңісін қазу кезінде ауысым аяқталған соң, жұмысшылар МДП-24Ф монорельстік жолдың "Феррит" дизелевозымен шыққан. №4 "Гварек-1000" ленталық конвейердің жетек стансасына (47-62 пикет) бұрылатын жерде адам отыратын арбаның бекіткіші үзіліп, соның салдарынан адамдар отырған арба шамамен 200 метрдей қазылған жермен төмен қарай "ұшып" құлаған.

Бастапқы мәлімет бойынша 3 адам ауыр жарақат алып көз жұмды, 2 адам ауыр халде жатыр және 3 адам жеңіл жарақат алды. Барлығы 8 адам зардап шекті".

 "АрселорМиттал Теміртау" кеніштеріндегі бұл жалғыз-жарым қайғылы оқиға емес. 2009 жылдың 28 шілдесінде "Тентек" кенішінде аяқ астынан газ лықсыған болатын. Сол апаттың салдарынан 3 кенші қаза болып, тағы біреуі зардап шекті. Комиссия "көмір мен газдың аяқ астынан шығуы қолданыстағы нормативтік құжаттармен болжанбайтын қордаланған табиғи және тау-кен-техникалық жәйттердің салдарынан орын алды" деген қорытынды жасаған.

2010 жылдың 23 шілдесінде "Күзембаев" кенішінде 2 кенші көз жұмды. Комиссия бұл жолы да "кеніштегі төтенше жағдайдың себебі – болжау мүмкін емес табиғи фактор" деп таныды.

Арада бір жыл салып, 2011 жылдың 20 тамызында дәл осы кеніште кенжардан тағы екі кенші оралмады. Тағы да комиссияның қорытындысы бойынша, апат "көмір мен газдың кенеттен лықсуының жекелеген белгілері бар, бұған дейін классификацияланбаған газодинамикалық құбылыстан" болды деп қорытынды жасады.

Дегенмен де ең үлкен қайғы 2008 жылдың 11 қаңтарында "Абай" кенішінде болды. Ол кезде жарылыстан 30 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Апаттың салдары үкіметтік комиссияның апат болған учаскені тексеруіне мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты аталмыш апаттың жәйі мен себептері кеніштің техникалық құжаттамасы, бақылау-өлшеу құралдарының көрсеткіштері, куәгерлерден сұрау арқылы тергелді. Бір топ адамның қайғылы жағдайға душар болуына, комиссияның пікірі бойынша, "құлаған негізгі шатырдың құмтас блоктарының фрикциялық үйкелісінен болған метанды-ауа қоймалжыңының өрт тудыра отырып жарылуы" себеп болған. Оған кінәлі ретінде кеніштің инженерлік-техникалық қызметкерлерінің есімдері аталып, жұмыс беруші "АрселлорМиттал Теміртау" АҚ-ның кінәлі екені айтылды.

Ал қазіргі "Саранская" кенішіндегі апат орнында комиссия жұмыс істеп жатыр. Апаттың жағдайы мен себептерін сол анықтайтын болады. Тексерудің нәтижесі комиссия жұмысы аяқталған соң белгілі болады.

Олег И. Гусев, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу