"Астананың" асығы алшысынан түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2081

Елорда баскетболшылары биылғы маусымдағы мақсатына қол жеткізді.

"Астананың" асығы алшысынан түсті

Қазақстан кубогын жеңіп алды

"Астана" баскетбол клубы әуелі Қазақстан кубогын жеңіп алды. 8-12 наурыз аралығында баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан кубогы Алатау бөктерінде өтті.

Ерекше ескерте кетерлігі, ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының жаңартылған регламенті бойынша, кубок додасында тек Қазақстан ойыншылары ғана ойнады. Әр клуб сапындағы легионерлердің қатысуға құқы жоқ еді.

Биыл ел кубогы додасында алты команда бақ сынады. Олардың үшеуі – Ұлттық лига өкілдері, қалғаны – жоғарғы лигада ойнайтын командалар. Атап айтқанда: "Астана" ПБК, "Атырау барыстары", "Каспий" Ақтау, "Алматы Легионы", "Қапшағай" және "Тобыл".

"Астана" қарсылас шақ келтірмей, үздік шықты. Финалда 86:74 есебімен  "Атырау Барыстары" клубынан басым түсті. Сөйтіп өз күшімен, легионерлерсіз де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ерен жетістікке қол жеткізе алатынын көрсетті.

Ел чемпионы атанды

Ел чемпионатының шешуші ойындары Астанада өтті. 21-23 сәуір күндері "Төртеу финалы" додасы ұйымдастырылды. Оған Ұлттық лигадағы үш командамыз бен жоғарғы лиганың "А" тобында жеңімпаз атанған Қостанайдың "Тобылы" қатысып, төрт клуб жүлделі орындарды сарапқа салды.

Жартылай финалдағы бірінші жұпта "Атырау Барыстары" мен "Каспий" кездесіп, шектен тыс шиеленісті ойында атыраулықтар 86:82 есебімен жеңіске жетті. Екінші жұпта елорда баскетболшылары "Тобылды" 99:70 есебімен тобықтан қақты.

Қола жүлде үшін өткен матчта "Каспий" Қостанайдан келген "Тобылды" 105:64 есебімен ойсырата жеңді. Ал финалда "Астана" тағы да "Атырау Барыстары" командасымен кездесіп, 94:78 есебімен басым түсті. Сөйтіп елорда баскетболшылары Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.

Плей-оффта ЦСКА тосып тұр

ВТБ Бірыңғай лигасында "Астана" 8-орынға ие болды. Биылғы маусымдағы 24 ойынның 9-да жеңіске жетіп, қалған 15-де жеңілістің кермек дәмін татты. 37,5 % көрсеткішпен плей-оффта бақ сынауға құқық беретін соңғы (сегізінші) орынға табан тіреді.

Әрине, плей-оффқа шығу да – жетістік. Бірақ 8- орынға ие болғандықтан, ширек финалда бірден азуы алты қарыс ЦСКА клубымен кездеседі. Екеуара дода үш жеңіске дейін созылады. Жалпы, плей-офф сатысының бірінші кезеңінде, яғни ширек финалда кездесетін командалар жұбы: ЦСКА (1) – "Астана" Қазақстан (8), "Зенит" (2) – ВЭФ Латвия (7), "Химки" (3) – "Енисей" (6) және "Локомотив-Кубань" (4) – "УНИКС" (5).

Ресей әскерилерінің құрамында ылғи – ығай мен сығай. Әрі лига да Ресейдікі... Яғни "Астананың" жартылай финалға шығу мүмкіндігі жоққа тән десек те болады. Басқа командаларға түскенде, жеңіп кетуі де ықтимал еді. Ал ЦСКА көрші елдің алақанына салып, аялап отырған командасы. 

Десек те биылғы маусым "Астана" баскетбол клубы үшін аса табысты болды деуге болады. Команда мен бапкерлер алдына қойылған мақсаттардың бәрі  орындалды. Команда 2017 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды, ҚР чемпионатының алтын медалын жеңіп алды, сонымен қатар ВТБ Бірыңғай лигасында плей-офф сатысына шықты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу