"Бәйтерек" зымыран кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2664

"Байқоңыр" ғарыш айлағын Ресейге жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

"Бәйтерек" зымыран кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталады

Кеңес үкіметінің тұсында өмір сүрген баланың бәрі ғарышкер болуды армандайтын. Ал бүгінгі бозбаланың арманы басқа. "Болашақта ғарышкер боламын!" деп қиялдайтын жеткіншектерді жиі кездестіре бермейтініміз де сондықтан. Демек, құпиясының құлпы әлі толық ашылмаған ғарыш саласы қазіргі жастарды қызықтырмайтын болғаны ғой. Бірақ Халық Қаһарманы, қазақ ғарышкері, "Қазақстан Ғарыш сапары" ұлттық компаниясының вице-президенті Айдын Айымбетов мұндай пікірмен келіспейді.

"Келесі қазақ ғарышкерінің қашан ұшары белгісіз. Нақты айту қиын. Ол мемлекеттік органдардың құзырындағы мәселе. Десе, төртінші ғарышкердің арамыздан шығары хақ. Бұл бағытта жігіттермен қатар, қыздар да жұмыс істеп жатыр. Жалпы, біздің қыздар кейде жігіттерден де асып түсіп жатады. Сондықтан Қазақстаннан ұшатын келесі ғарышкердің әйел болуы да ықтимал", – деді Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш станциясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Ұлттық компания өкілінің сөзінше, қазірдің өзінде ғарыш әлеміне әуестенетін қыз-жігіттер баршылық.

"Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың қызығушылығы жоғары. Астанадағы Оқушылар сарайында жас ғарышкерлер мектебі бар. Оған алты жастағы балалар да жазылып жатады. Таң қаларлығы, олар қазірдің өзінде ғарыш әлемі туралы көп дүниені біледі. Аз ғана уақыттың ішінде жас ғарышкерлер мектебіне 300-ге жуық бала жазылды", – дейді Айдын Айымбетов.

Халық қаһарманы "Дастархан-6" жобасы аясында орбитаға қазақтың ұлттық тағамдарының элементтері бар жаңа өнімдерді алып барғанын айтты.

"Жаңа өнімдер орбитадағы жағымсыз факторларды төмендетеді. Оны Қазақ тағамтану академиясы арнайы әзірледі. Олардың қатарында сублимирленген бие сүті және одан алынған ірімшік-сүзбе, ірімшік пастасы болды. Ғарышта адам ағзасындағы кальций төмендейді. Ал аталған өнімдердің құрамында кальций көп. Олар жұмысқа деген қабілеттілікті арттырады, иммунитетті жақсартады, шаршауды басады. "Дастархан-6" жобасынан кейін ғарышкерлердің тамақтану рационына өзгерістер енгізілді", – дейді қазақ ғарышкері.    

Көпшіліктің есіне сала кетейік, "Байқоңыр" ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген болатын. Ал осыдан бір ай бұрын Петропавл қаласында кездескен Қазақстан мен Ресей президенттері бірлескен "Бәйтерек" зымыран кешенін құру туралы жобаның пысықталған жобасы бекітті.

"Жоба 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. Сынақтық зымыранды ұшыру да 2022 жылға жоспарланған. Петропавлдегі кездесуде президенттер назарына ресейлік жаңа зымыран тасығыш таныстырылды. Бұрын ол "Союз-5" деп аталатын. Қазір оған "Ертіс" деген атау берілді", – дейді "Роскосмос"-тың Қазақстандағы өкілі Анатолий Красников.

Биыл Халықаралық ғарыш станциясының құрылғанына 20 жыл. Ол 15 мемлекеттің бірлескен жобасы. Ал Қазақстан бүгінде Халықаралық ғарыш станциясының қақпасы атанып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу