"Барыстың" бүгінгі ойынына "бестік" баға беруге болады

2515

Кездесу аяқталар уақытқа дейін тізгінді тартып ұстаған жігіттер, матчтың соңына қарай атқа қамшы салып, 2 ұпай алда келе жатқан қарсыласты басып озды.

"Барыстың" бүгінгі ойынына "бестік" баға беруге болады

Құрлықаралық хоккей лигасының ережесіне сәйкес негізгі кестедегі ойындардың аяқталуына небәрі 8 тур қалды. Ал астаналық "Барыстың" жағдайы жаман емес, олар енді екі матчын ғана сырт айдында өткізеді де, қалған 6 клубты қатарынан "Барыс-Арена" сарайында қабылдайды.

Алда бізді сырт айдында екі елдің "Динамо" командалары күтіп тұр. Біріншісі 26 қаңтарда Риганың "Динамосы" мен Минскінің "Динамосы" бар, бұл матч 28 қаңтарға белгіленген.

Риганың "Динамосы" биылғы маусымда айтарлықтай мықты ойын көрсетіп жүр деп айта алмаймыз, өйткені олар "Батыс конференциясында" ең соңғы 14-орында келеді. Алайда латвиялықтар өз жанкүйерлері алдында кез-келген мықты команданы сан соқтырып кетететіні жасырын емес. Дегенмен былтырғы маусымдағы екі ойында да "Барыс" Риганың "Динамосынан" басым түскен болатын. Өз айдынымызда 5:1, ал Латвиядағы ойында 3:2 себімен ұттық. Биылғы маусымда бұл екі команда өзара әлі ойнаған жоқ. Осы матчтан кейін 5 ақпанда Астанада өзара тағы кездеседі.

Ал Минскінің "Динамосы" біздің азулы қарсыластардың бірі, олар "Батыс конференциясында" әжептеуір ойынымен көзге түсіп келе жатқан командалардың бірі саналады. Беларусьтік клуб та "Барыс" секілді өз конференциясында 6-орында тұр. Бірақ олардың ұпай-саны бізден әлдеқайда көп. "Барыста" 52 матчтан соң 78 ұпай болса, Минскінің "Динамосы" 50 ойында 84 ұпай жинаған. Осы статистикадан-ақ қай команданың дәрежесі жоғары екенін білуге болады.

Бірақ астаналық клубтан барлық команда жасқанатыны белгілі. Әсіресе Астанадағы жанкүйерлері алдында "Барысты" тоқтату мүмкін емес, бар жанын салып ойнайды. Минскінің "Динамосымен" де биылғы маусымда бірінші рет кездесіп отырмыз, олар осы ойыннан кейін бізге қонаққа келеді. 3 ақпанда "Барыс" – "Динамо" Минск қарымта матчы десек те болады. Былтырғы маусымда екі ойын өтті. Сырт айдында беларусьтік команда жеңді (6:2), ал Астанадағы матч 4:2 себімен "Барыстың" пайдасына шешілген болатын.

Ал өткен түнде, қаңтардың 24-інен 25-іне ауған түні "Барыс" Финляндияда жергілікті "Йокерит" клубымен күш сынасты. Бұл ойынды жеңу екі команда үшін де маңызды болды. Өйткені екеуі де плей-оффқа шығу үшін жанталасып жатыр. Финдердің жағдайы "Барысқа" қарағанда қиындау, бірақ ұпай саны жөнінен бізден алда келеді. "Йокерит" те, "Барыс" та 52 матчтан өткізді, бірақ финдерде 79, ал бізде 78 ұпай бар. Алайда "Барыс" "Шығыс конференциясында" 6-орында тұрса, "Йокерит" "Батыста" 8-орынға енді ғана көтерілді. "Барыспен" өткен ойында финдер овертаймда ұтылып, 1 ұпайға ие болды, соның арқасында 9-орыннан бір саты көтеріліп, плей-оффқа жолдама беретін үздік сегіздікке қайта қосылып отыр.

Бұл ойында есеп 3-4 болды. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Финдер бірден 3 ұпай алу үшін тынымсыз шабуылға көшіп, Брайан О’Нилл 3-минутта есеп ашты. 12-минутта Петер Регин есепті 2-0 қылды. Бұдан соң үзіліске дейін Дастин Бойд есеп айырмасын қысқартып кетті (2-1).

Екінші кезеңде Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға Мика Ниеми 3-шайбаны салды (3-1). Бұл кезеңде басқа гол соғылған жоқ. Шешуші кезең алма-кезек шабуылмен жалғасты. Хоккейшілер көп тәртіп бұзды, әсіресе айдын иелері "Барыс" шабуылшыларына қарсы дөрекі ойнады. Нәтижесінде біздің команда сан басымдылығына ие болып Найджел Доус бұл сәтті ұтымды пайдаланып кетті. Есеп 3-2 болды, ал матчтың аяқталауына аз ғана уақыт қалғанда Иван Кучин есепті теңестіріп үлгерді. Ал овертаймда "Барыстың" бағы жанды (3-4).

Финляндиядан екі ұпаймен қайту оңай шару емес екенін ескере отырып, "Барысқа" "5" деген баға қоюға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу