"Барыс" алтыншы орынға көтерілді

1730

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жатқан Астананың "Барыс" клубы жаңа жылды жеңіспен бастады.

"Барыс" алтыншы орынға көтерілді

Сәрсенбі күні "Барыс" өз алаңында Мәскеудің "Спартак" командасымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта Кори Тривино, Найджел Доус, Дастин Бойд шайбаны торға тоғытты.

"Барыстың" жыл басталмай жатып жеңіске жетуін жақсы ырым деуге болады. Өйткені оның жыл басында қарсыласын ұтқан кездері, маусымды жаман аяқтаған кездері болған емес. Биылғы маусымда да біз "Барыстан" соны күтеміз.

Құрлықтық хоккей лигасында плэй-офф кезеңіне шығу үшін тартысты матчтар өтеді. Командалар жан алысып, жан беріскен ойындарда ешкімге есе жібермеуге тырысып жатыр. Ал "Барыс" кешегі мачтан кейін турнир кестесінде 6-орынға көтерілді. Команданың еншісінде 68 ұпай бар. Бұл, әрине, келесі кезеңге шығу үшін аса көп ұпай емес. Өйткені "Шығыс" конференциясында Астана клубының өкшесін басып келе жатқан "Кунлунь РС", "Адмирал", "Нефтехимик" пен "Сибирь" клубтары да ай қарап отырған жоқ. Олардың да плей-офф кезеңіне шығуға дәмесі зор. Ал турнирдің көш басында тұрған командалардың ұпайы күн санап артып барады. Сондықтан "Барысқа" белдікті босатуға әлі ерте.

Жалпы астаналықтарды ара-тұра осылай қамшылап қойсақ та команданың биылғы маусымда көңіл көншітерліктей өнер көрсетіп жатқанын айту керек. Осының алдында команда "Барыс" "Металлург" клубын 5:3 есебімен ұтса, одан кейін Омбының "Авангардын" 3:1 есебімен жеңген болатын. Ал бұл екеуі "Шығыс" конференциясында турнир кестесінің көш басында келе жатқан командалар. "Барыс" кезінде бүкіл кеңес одағын дүрліктірген, аты дардай Мәскеудің "Спартагына" 4 рет қана есе жіберген, ал 9 матчта басым түскен.

Енді астаналықтар 6 қаңтар күні өз алаңында "Сочи" командасымен кездеседі. Қара теңіз жағалауындағы қаланың жасағы да ҚХЛ-да жаман ойнап жатқан жоқ. Олар "Батыс" конференциясында 9-орында тұр. Дегенмен "Барыстың" азулы қарсыластарын жеңіп жатса, шамалыға да шамасы келеді деп ойлаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу