"Барыс" клубы өз алаңындағы жеңістерін жалғастырды

2195

"Барыс" өз алаңындағы осымен 4-ші ойынын қатарынан жеңіспен жалғастырды.  

"Барыс" клубы өз алаңындағы жеңістерін жалғастырды Фото: hcbarys.kz

Астаналық клуб бұл жолы "Барыс-Арена" мұз айдынында Қытайдың "Куньлунь Ред Стар" командасымен күш сынасты. Қытайлық команда деген аты ғана болмаса, бұл клубта негізінен АҚШ, Канада, Словакия, Швеция, Франция сияқты хоккей мықты дамыған елдердің легионер-ойыншылары өнер көрсетіп жүр. Оның басым бөлігі – финдер, орыстар да жоқ емес.

Қытайлық клубтың бас бапкері Владимир Юрзинов өзінің мықты маман екенін көрсетіп келеді. Куньлунь биыл ҚХЛ-ға тұңғыш қатысып отырғанына қарамастан, осы лигадағы небір мықтыны сан соқтырып жүрген команда. Сондықтан "Барысқа" бұл ойында сақ ойнау қажет болды.

Ойын бастала салысымен астаналықтар тынымсыз шабуылға көшіп, кездесудің 3-ші минутында-ақ "Барыс" шабуылшысы Никита Иванов есеп ашты.

Бұдан кейін де біздің жігіттер қарқынын тоқтатпай, Куньлунь қақпашысы А. Макаровтың әбден мазасын қашырды. Қорғаушыларға "Барыстың" шабуылын тоқтату қиынға соқты, нәтижесінде қытайлықтар тәртіп бұзуға мәжбүр болды. Томи Саллинен 2 минутқа айдыннан қуылды.

Ал "барыстықтар" осы басымдықты тамаша пайдалана біліп, 5-ші минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы Доус пен Сан-Пьердің керемет пасынан кейін біздің қорғаушымыз Кэм Баркер шайбаны қақпаға әдемі кіргізді.

Үзілістен кейін қытайлықтарға жан біткендей болды. Бас бапкер жақсы нұсқау берген сияқты. Ойын басталысымен шабуылға көшті. Ақыры дегеніне жетті.

Ойынның 30-шы минутында француз Дамьен Флери әдемі гол соғып, есеп айырмашылығын қысқартып кетті. Астаналықтар да қарап тұрмады. Алайда, екінші кезеңде гол соға алмай кетті.

Ал соңғы 3-ші кезең өте тартысты өтті. Қытайлықтар есепті теңестіруге тырысса, астаналықтар есепті еселей түсуге жан салды. Әйтсе де "Куньлунь" ойыншыларының жүйкелері сыр бере бастағаны байқалып тұрды. Сөйтіп, ойынның 45-ші минутында "Барыс" ойыншылары Сан-Пьер мен Роман Савченконың шабуылын Найджел Доус голмен аяқтады. Есеп 3:1 болды.

Бұдан кейін де қытайлық клубтың ойыншылары ереже бұзуын қоймай, ақыры айып минуттары 8-ге дейін жетті. Ал ойынның 58-ші минутында Роман Старченко тағы бір шайба соғып, есепті 4:1-ге бір-ақ жеткізді.

Бұл "Барыстың" биылғы маусымдағы 15-ші жеңісі. Оның 13-ін негізгі уақытта жеңген.

Тағы бір айта кетерлігі, астаналықтар өз алаңында өткізген соңғы төрт ойынын да жеңіспен аяқтады. Шығыс конференциясында 45 ұпаймен 8-ші орында келеді. Бұл плей-оффқа шығаратын орын екені мәлім. Ләйім осылай жалғаса берсін деп тілейік.

Келесі екі ойынын "Барыс" тағы да өз алаңында өткізеді. Бұл жолғы қарсыластарымыз да осал емес. 25 қарашада 19.30-да Владивостоктың "Адмиралымен" күш сынасса, 27 қараша, сағат 17.00-де Хабаровскінің "Амурымен" айдынға шығады.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу