"Барыс" жаңа жылға жақсы көңіл күймен кірмекші

1931

Астаналық "Барыс" плей-оффқа шығуға мүмкіндік беретін 8-орынға жайғасып, бәрімізді бір қуантты. Сырт айдында өткізген соңғы 4 ойында Барыс бір рет қана жеңілістің ащы дәмін татты. Екатеринборда жергілікті "Автомобилистен" 4:3 есебімен басым түскен "Барыс", Ханты-Мансийскіде "Юграны" 4:2 есебімен тізе бүктірді.

"Барыс" жаңа жылға жақсы көңіл күймен кірмекші Фото: bnews.kz

Алайда, Қытай еліне сапар шеккен біздің жігіттер Куньлунь Ред Стардан айласын асыра алмады. Қытайлық клуб ойынның 4-минутынан-ақ біздің қақпаға гол соға бастап, 47-минутқа дейін есепті 4:0-ге жеткізді. Тек 55-ші минутта ғана Найджел Доус есеп айырмасын қысқарта алды (4:1).

Ал 55-минутта "куньлуньдықтар" есепті 5:1 қылды. Соңғы нүктені Линус Виделль қойды.

Бұл ойыннан кейін "Барыс" Қытайдан Ресейдің Хабаровск қаласына сапар шекті. Ол жерде Амурмен айдынға шығып, тартысты ойын болды. Бұл екеуі де плей-оффқа шығаратын аймаққа кіру үшін тартысып жүрген командалар. Ол сәтте Барыс 10-ыншы, Амур 12-нші орында тұратын.

Екі команда бүгінге дейін өзара 25 рет кездесіп, 17-сінде Барыс жеңіске жетсе, тек 8-інде ғана "Амур" басым түскен екен. Соңғы рет 17 қарашада өз айдынымызда кездесіп, овертаймда "Барыстың" бағы жанған болатын – 2:1 (овертайм).

Бірінші кезеңде шайба соғылмады. Айдын иелері екінші кезеңде есеп ашты. 36-минутта соғылған шайбаның авторы Томаш Загорна болды.

Барыс үзілістен кейін есепті теңестіру үшін бар күш-жігерін салды. Тынымсыз шабуыл мен алыстан ұрған мықты соққылар ақыры нәтижесін берді. Біздің легионерлер – Дастин Бойд, Брэндон Боченски және Найджел Доус үштігі тамаша комбинациямен гол соғып кетті. Бұл шайбаны 48-минутта қақпаға дарытқан Найджел Доус – 1:1.

Ал 52-минутта біздің Роман Старченко осы қиын ойында жеңіс шайбасын соғып төбемізді көкке көтеріп тастады. Осылайша, 2:1 есебімен жеңген "Барыс" маңызды 3 ұпайды еншіледі.

Сөйтіп, 56 ұпаймен плей-офф аймағына қайта кірді. Бізбен бірдей 56 ұпайы бар "Автомобилист" бір сатыға төмен 9-орынға жайғасты. Өйткені, олар 44 ойын өткізсе, Барыс тек 40 кездесу, яғни, 4 ойын кем өткізді.

"Барыстың" алдында тұрған "Адмирал" да 2 ойын артық өткізіп, 58 ұпай жинапты. Дәл осы Владивостоктың "Адмиралымен" 21 желтоқсанда шешуші ойынның бірі болмақ. Екеуі соңғы рет Астанада кездескен болатын. Екі ойын өткізді. Тамыздағы кездесуде "Барыс" 4:2 есебімен жеңсе, 25 қарашадағы текетірес 4:1 есебімен "Адмиралдың" жеңісімен аяқталды. Енді астаналықтар Владивостокқа жол тартады.

Ұзақ жолдан кейін "Барыс" жанкүйерлерін сағындырып, Астанаға ұшып келеді. 23 желтоқсанда біз Челябінің "Тракторымен" күш сынасамыз. Трактор 72 ұпаймен біздің конференцияда 4-орында келе жатқан команда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу