"Барыс" "Автомобилистен" айласын асырды

1900

Бізідікілер үш матч қатарынан жеңілістен көз ашпады. Құрылықаралық хоккей лигасының кезекті тур ойынын Ресейдің Екатеринбург қаласында өткізген Астананың Барысы намысқа тырысып, автомобильшілерден жеңісті жұлып алды.

"Барыс" "Автомобилистен" айласын асырды Фото: sports.kz

"Автомобилистің" де өз алдына қойған бір ғана мақсаты болғаны рас, ол – қайткенде де елордалық команданы ұту. Алайда, қазақтың нөмірі бірінші хоккей клубы оңай шағыла салар жаңғақ емес екенін ресейлік бас бапкер Владимир Крикунов бәрінен жақсы біледі. Өйткені, өзі де кезінде осы астаналық команданы жаттықтырған.

Естеріңізде болса, дәл осы Крикунов 2012-2013 жылғы маусымда Барыстың ғана емес, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін қоса атқарған болатын. Сол кезде Владимир Васильевич 2013 жылғы әлем чемпионатынан кейін қазақтарды төменгі 1-дивизионнан жоғарғы дивизионға шығарып кеткен еді. Енді, міне, "Автомобилисті" өзінің бұрынғы командасы "Барысқа" қарсы қойып отыр. Әрине, бұл – ойын,бірақ Крикунов "Барыстың" мінезін өте жақсы біледі.

Бұл матч "Автомобилист" үшін де "Барыс" үшін де өте маңызды, неге десеңіз, екеуіне де жеңіс ауадай қажет. Турнир кестесіндегі жағдайлары мәз емес, екеуі де Шығыс конференциясындағы плей-оффқа шығаратын 8-ші орынға таласып отыр.

Дегенмен, бұл матчта жеңімпаз біреу ғана болатыны түсінікті. Негізгі уақыт тең аяқталса, онда қосымша овер-тайм арқылы жеңімпазды анықтайды немесе буллит соғылады. Алайда, бұл матчтың жеңімпазы негізгі уақытта-ақ шешілді. Ол – біздің "Барыс"!

Ойын басталысымен астаналықтар тынымсыз шабуылдап, ақыры 7-минутта Иван Кучин есеп ашты. Барыс алға шықты. Есеп – 0-1.

Бұдан кейін 12-минутта Евгений Рымарев пен Сан-Пьердің араласуымен Роман Старченко екінші голдың авторы атанды. (0-2). Барыс көтеріңкі-көңіл күйде үзіліске аттанды.

Алайда, екінші кезеңде "Автомобилист" хоккейшілері де қарап қалмады. 24-минутта Артем Гареев Карлссон қорғаған қақпаның кілтін таба білді. Сөйтіп, есеп айырмашылығы қысқарды. (1-2).

Бұдан соң біздің легионер Дастин Бойд ереже бұзғаны үшін екі минутқа айдыннан қуылды, алайда, жігіттер бір адамға кем ойнағанына қарамастан, тағы бір шайба соғып кетті. Осылайша, Кори Тривино есеп айырмасын 1-3-ке дейін арттырды. Астана алда! Бірақ, қуанышымыз көпке созылмады.

Екі минут өтпей жатып, қарсыластар есеп айырмасын тағы қысқартып кетті. Бұл жолы Василевскидің пасымен Алексей Симаков гол соқты (2-3). 5 минуттан кейін елордалық клуб тағы бір гол салып, есепті 2-4-ге жеткізді. Кэвин Даллмэн мен Константин Пушкаревтің керемет шабуылы голмен аяқталып екінші үзіліске де жақсы көңіл-күйде шықтық.

Ал 3-ші, шешуші кезеңде Екатеринбург ойыншылары барын салып есепті теңестіруге тырысты. Арбитрлер де көмектесіп бақты, ойыншылармен қоса, біздің қақпашы Хенрик Карлссонды да екі минуттық кіші айыппен жазалады. Нәтижесінде Автомобилист 43-минутта бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты (3-4). Артем Гареев осы матчтағы екінші шайбасын салды.

Айдын иелерінің бұдан басқаға шамасы жетпеді. Сөйтіп, "Автомобилисті" өз алаңында қапы қалдырды. Енді бұл команданың плей-оффқа шығу мүмкіндігі одан сайын қиындай түсті. Ал Барыс жарады. Бас бапкерЭдуард Занковец командасына сеніммен қарап отыр. Айтқанындай-ақ, "Барыс" сырт алаңдағы ойындарын жеңіспен бастады.

Қазір еншімізде 50 ұпай бар. Дегенмен, әлі 10-орыннан көтеріле алмай тұрмыз. Алдымызда "Нефтехимик" пен "Сибирь" командалары келе жатыр. Оларды қуып жетуге аз қалды.

Нефтехимикте 38 ойын – 52 ұпай.

Сибирьде 40 ойын – 51 ұпай.

Ал Барыста 37 ойын – 50 ұпай. Автомобилист бізден кейінгі 11-орында тұр. Олардың 40 ойыннан кейін – 46 ұпайы бар.

Келесі ойынын да Астаналық клуб сырт айдында өткізеді. 9 желтоқсанда Ханты-Мансийскінің Юграсымен күш сынасады. Югра біздің конференцияда 14-орында келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу